Бұл жайында Агроазық-түлік нарықтары және ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу департаменті директорының м.а. Шаймерден Ахметов мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
"Қазіргі таңда Еуразиялық одақ аясында арзан азық-түлік қаптап кетті. Белоруссия мен Ресейдің сүт өнімдері дүкен сөрелерінде көп кездеседі. Олардың көбі отандық өнімдерден әлдеқайда арзан. Сол себепті олар біздің өндірушілерді ығыстырып жатыр. Біздің тауар өндірушілеріміз сол бәсекелестікке шыдамай жабылып қалса, бұл біздің азық-түлік қауіпсіздігімізге орасан нұқсан келтіреді. Сол себепті отандық өндірушілерді қолдау үшін не жасалып жатыр? Қанша қаражат бөлінді?" деп сұрақ қойды журналист.
Шаймерден Ахметов бұл мәселенің соңғы кезде жиі қозғалып жатқанын атап өтті.
Иә, мұндай факт бар. Солтүстік көршіміз тарапынан арзан импорт азық-түліктің барлық түрі бойынша келіп жатыр. Отандық өндірушілерге әсер етіп, ығыстырып та отыр. Алайда «шекараны жауып қояйық, ешкім кірмесін деу» шешім емес. Оған негіз жоқ. Импорттық өнімді шектеу жөнінде шаралар қабылданып жатыр. Олардың техникалық регламенттерге сәйкестігін оның сапасы және ветеринарлық талаптарға сәйкестігі тексеріледі. Егер тексерістен өтпесе айыппұл салынады. Осылайша, импортты шектей аламыз, - деді спикер орталық коммуникациялар қызметінде өтіп жатқан баспасөз мәслихатында.