- Мұқаба
- Жаңалықтар
- Ресейдегі жанармай дағдарысы Қазақстанға қалай әсер етеді? Сарапшылар қауіптерді атады
Ресейдегі жанармай дағдарысы Қазақстанға қалай әсер етеді? Сарапшылар қауіптерді атады
Ресейдегі мұнай өңдеу зауыттарына жасалған шабуылдар жанармай тапшылығын күшейтті. Сарапшылар бұл жағдай Қазақстанға да белгілі бір тәуекелдер туғызатынын айтып отыр.
Бүгiн 2026, 07:30
Ресейде жанармай тапшылығы барған сайын күрделеніп келеді. Елдің көптеген өңірінде бензин мен дизель отынын сатуға шектеулер енгізіліп, кейбір жанармай құю бекеттерінде ұзын-сонар кезек пайда болды. Авиациялық отын экспорты уақытша тоқтатылып, бензин экспортына да шектеу қойылды. Осы жағдай Қазақстанға қалай әсер етеді? Ішкі нарықта жанармай жетіспеушілігі туындауы мүмкін бе? Ресейге жанармай жеткізу туралы айтылып жүрген ақпарат қаншалықты шындыққа жанасады? BAQ.KZ тілшісі мәселені саралап көрді.
Ресейдегі жанармай дағдарысының себебі неде?
Сарапшылардың пікірінше, Ресейдегі қазіргі жағдайды тек сұраныс пен ұсыныстың арақатынасымен түсіндіру жеткіліксіз. Дағдарыстың негізгі себебі – мұнай өңдеу инфрақұрылымына жасалған шабуылдар мен соның салдарынан бұзылған өндірістік және логистикалық жүйе.
Халықаралық деңгейдегі сарапшы Абзал Нарымбетовтің айтуынша, бүгінгі жағдай бірнеше фактордың бір уақытта қабаттасуынан туындаған.
Бұл жерде бірнеше өндірістік және геосаяси фактор қатар әсер етіп отыр. Нарықтық факторларды негізгі себеп деуден гөрі, олар қалыптасқан дағдарысты одан әрі ушықтырып отырған жағдайлар деп бағалаған дұрыс. Financial Times мәліметінше, 2026 жылы Ресей Федерациясы 194 дрон шабуылына ұшырады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 11 есе көп көрсеткіш. Жыл басынан бері жиырмадан астам мұнай өңдеу зауытына шабуыл жасалып, елдегі он ірі зауыттың сегізі зардап шекті. Сарапшылардың бағалауынша, Ресейдің мұнай өңдеу қуатының 25 пайыздан астамы уақытша істен шыққан. Соның салдарынан Ресей өңірлерінің жартысынан астамында жанармай сатуға шектеулер енгізілді. Кей жерлерде жүргізушілер бірнеше сағат бойы кезек күтіп тұр. Жеке жанармай құю станциялары мемлекеттік баға реттеуіне байланысты шығынға батып, кейбірі жұмысын тоқтатуға мәжбүр болды. Яғни өндірістік проблемаларға әкімшілік шешімдер мен тұтынушылардың реакциясы қосылып, тапшылықты бұрынғыдан да күшейтіп отыр, – дейді сарапшы.
Сарапшының пікірінше, бұл қысқа мерзімде шешілетін мәселе емес. Сондықтан оның салдары көрші мемлекеттерге де әсер етуі мүмкін.
Мұнай-газ сарапшысы Олжас Байділдинов мәселенің тағы бір маңызды жағына назар аударады. Оның айтуынша, көпшілік мұнай өңдеу зауыттары туралы айтып жатқанымен, жанармайды тұтынушыға жеткізетін мұнай базаларының жұмысы да үлкен рөл атқарады.
Қазіргі жағдайдың басты себебі – мұнай өңдеу зауыттарына жасалған соққылар. Бірақ көп айтыла бермейтін тағы бір маңызды мәселе бар. Ол – мұнай базаларының логистикасы. Себебі дәл осы мұнай базалары мұнай өңдеу зауыттары мен жанармай құю бекеттерінің арасындағы негізгі байланысты қамтамасыз ететін тарату орталықтары саналады. Қазір жанармай жеткізудегі іркілістердің өзі осы логистикалық мәселелерден туындап отыр. Меніңше, бұл қысқа мерзімді емес, ұзаққа созылатын үрдіс. Тіпті ең қолайлы сценарийдің өзінде бүлінген өндірістік қуаттарды қалпына келтіруге кемінде жарты жыл қажет. Кей жағдайда бұл екі жылға дейін созылуы мүмкін. Сондықтан қазіргі ахуалдың ұзақ уақыт сақталу ықтималдығы жоғары, – дейді Олжас Байділдинов.
Оның айтуынша, мұнай өңдеу зауыттары, логистикалық компаниялар және жалпы мұнай саласы көтеріп отырған қосымша шығындардың бәрі түптің түбінде жанармай бағасына әсер етеді.
Ресей Қазақстаннан жанармай сұрауы мүмкін бе?
Ресейдегі жанармай тапшылығы тереңдеген сайын Қазақстаннан мұнай өнімдерін жеткізу мәселесі де күн тәртібіне шықты. Соңғы күндері шілде-тамыз айларында Ресейге 50 мың тоннаға жуық жанармай жеткізілуі мүмкін деген ақпарат тарады. Ресми түрде мұндай өтініш расталмағанымен, бұл мәселе қоғамда қызу талқыланып жатыр.
Абзал Нарымбетовтің айтуынша, бұл жерде ең алдымен ықтимал жеткізілімнің қалай жүзеге асатынын түсіну маңызды.
Қазіргі уақытта Ресейдің өзі жанармай тапшылығымен күресіп жатыр. Бензин экспортына шектеу қойылды, ал авиациялық отын экспортына 30 қарашаға дейін толық тыйым салынды. Сондықтан Қазақстан үшін белгілі бір қысымның туындайтыны анық. Соңғы деректер бойынша, шілде-тамыз айларында гуманитарлық көмек ретінде Ресейге Қазақстаннан 50 мың тонна жанармай жеткізу мәселесі талқыланып жатыр. Әзірге бұл ресми деңгейде расталған жоқ. Бірақ Энергетика министрлігі Конденсат зауыты арқылы бензин экспорттау мүмкіндігін жоққа шығармай отыр. Бұл маңызды мәселе. Себебі Конденсат зауыты ресейлік "Татнефть" компаниясының нафтысын өңдейді. Яғни ықтимал жеткізілім мемлекетаралық көмек емес, коммерциялық схема бойынша жүзеге асуы мүмкін. Ресей шикізат береді, Қазақстан оны өңдеп, дайын өнімді қайтарады. Сондықтан мұндай жеткізілімнің құқықтық және экономикалық тетіктері бөлек қаралады, – дейді сарапшы.
Абзал Нарымбетовтың пікірінше, Ресейге жанармай жөнелту туралы қандай да бір шешім қабылданса, ең алдымен Қазақстанның ішкі нарығындағы жағдай ескеріледі.
Мемлекеттік органдар мұндай жеткізілім туралы шешім қабылдағанда ең алдымен ішкі нарықтың қамтамасыз етілу деңгейіне қарайды. Егер ел ішінде тапшылық қаупі туындаса, экспорт мәселесі өздігінен күн тәртібінен түседі. Сондықтан ішкі нарықтың тұрақтылығы бірінші орында тұрады, – дейді ол.
Қазақстан үшін қандай тәуекелдер бар?
Сарапшының айтуынша, Ресейге қосымша жанармай жеткізілетін болса, Қазақстан үшін бірнеше тәуекел қатар пайда болуы мүмкін.
Бірінші мәселе – ресейлік сатып алушылармен есеп айырысу тетіктері. Бұл бағыттағы мәселе толық шешілген жоқ. Соның салдарынан санкциялық тәуекелдердің пайда болу ықтималдығы сақталады.
Екінші тәуекел – ықтимал экспорттың ішкі тұтыну өсетін кезеңмен және қазақстандық мұнай өңдеу зауыттарының жоспарлы жөндеу жұмыстары өтетін уақытпен қатар келуі. Мұндай жағдайда ішкі нарықтағы қор азайып, жүйеге қосымша салмақ түседі.
Үшінші мәселе – Қазақстан мен Ресей жыл сайын Еуразиялық экономикалық одақ аясында мотор отыны мен мазутты бажсыз жеткізу бойынша индикативтік балансқа келіседі. Бұл екі ел арасындағы қалыпты институционалдық механизм. Ал қазір сөз болып отырған жеткізілім осы келісімнен тыс, қосымша сұраныс ретінде қарастырылып отыр. Сондықтан бұл екі мәселені шатастыруға болмайды, – дейді Абзал Нарымбетов.
Қазақстан ішкі сұранысты толық қамтамасыз ете ала ма?
Сарапшының пікірінше, дәл қазіргі жағдайда Қазақстанда жанармай тапшылығы жоқ. Алайда елдің мұнай өңдеу саласында көп жылдан бері шешімін күтіп тұрған жүйелі мәселелер де жеткілікті.
Қазақстан ірі мұнай өндіруші мемлекет болғанымен, мұнай өңдеу қуаты ішкі нарықты толық қамтамасыз етуге жеткілікті деп айту қиын. Бұл – бір күнде пайда болған мәселе емес, көп жылдан бері қалыптасқан инфрақұрылымдық осалдық. Бұған бірнеше себеп бар. Ірі мұнай өндіруші компаниялар үшін мұнайды шикізат күйінде экспорттау әлдеқайда тиімді. Ал оны Қазақстанда өңдеп, мемлекеттік реттелетін бағамен ішкі нарыққа сату экономикалық тұрғыдан тартымды емес. Мемлекеттің бұл компанияларға ықпал ету мүмкіндігі де шектеулі. Оған қоса, мұнай өңдеу зауыттарының жоспарлы жөндеу кезеңдері болады. Дәл осы уақытта өндіріс көлемі азайып, ішкі сұранысты толық жабу қиындай түседі, – дейді сарапшы.
Соған қарамастан, ұзақ мерзімде жағдайды жақсартуға бағытталған жобалар қолға алынған.
Қазір елімізде төртінші мұнай өңдеу зауытын салу бойынша алдын ала жобалау жұмыстары басталды. Оның қуаты жылына 10 миллион тоннаға дейін жетуі мүмкін. Сонымен бірге 2040 жылға дейінгі тұжырымдамаға сәйкес Шымкент, Павлодар, Атырау мұнай өңдеу зауыттары мен Caspi Bitum кәсіпорнын кеңейту жоспарланған. Бірақ бұл жобалардың негізгі бөлігі 2028–2030 жылдары ғана аяқталады. Сондықтан жақын жылдары қазіргі инфрақұрылымдық тәуекелдер толық жойылады деп айтуға болмайды, – дейді Абзал Нарымбетов.
Баға айырмашылығы Қазақстанға қауіп төндіре ме?
Мұнай-газ сарапшысы Олжас Байділдиновтың айтуынша, қазіргі таңда Қазақстанда жанармай қоры жеткілікті болғанымен, ұзақ мерзімде басты тәуекелдердің бірі – көрші елдермен арадағы баға айырмашылығы.
Оның пікірінше, Қазақстандағы жанармайдың Ресей, Қырғызстан және Өзбекстанмен салыстырғанда арзан болуы заңсыз әкету көлемінің артуына себеп болуы мүмкін.
Бүгін Энергетика вице-министрі Қайырхан Тұтқышбаев жыл соңына дейін елімізде жанармай тапшылығы болмайтынын айтты. Бұл – Энергетика министрлігінің ресми бағасы. Қазіргі таңда өндірістік қуаттар тұрақты жұмыс істеп тұр, қажетті қор да қалыптастырылған. Сондықтан бүгінгі күні ішкі нарықтағы жағдай тұрақты деп айтуға негіз бар. Алайда жанармайдың сыртқа кетуі күшейсе, жағдай өзгеруі мүмкін. Жуырда Энергетика министрлігі шекара маңындағы кейбір жанармай құю станцияларында сатылым көлемі қалыптан тыс өскенін мәлімдеді. Егер контрабанда немесе жанармайды елден алып шығу көлемі арта түссе, тапшылықтың алғашқы белгілері ең алдымен шекаралас өңірлерде байқалады, – дейді сарапшы.
Олжас Байділдиновтың айтуынша, қазіргі кезде Қазақстанда жағдай тұрақты болғанымен, ел толықтай сыртқы факторлардан тәуелсіз емес.
Ұзақ мерзімде біз бәрібір Ресейден жеткізілетін мұнай өнімдеріне белгілі бір деңгейде тәуелді болып қала береміз. Егер бұл жеткізілімдерді Қытайдан импортпен немесе Қазақстан мұнайын Қытайда өңдеу арқылы алмастыратын болсақ, оның бәрі ішкі нарыққа және жанармай бағасына әсер етеді. Сондықтан жағдай өте күрделі. Жалпы Орталық Азиядағы тұрақтылық үшін Ресейдегі мұнай өңдеу нысандарына жасалып жатқан соққылар тоқтап, өндірістік қуаттардың қалпына келгені маңызды, – дейді ол.
Қазақстан өзін толық қамтамасыз етіп отыр ма?
Сарапшының айтуынша, Қазақстан бензин бойынша өзін негізінен қамтамасыз етіп отырғанымен, мұнай өнімдерінің кейбір түрлері бойынша Ресейден келетін импортқа тәуелділік сақталған.
Қазіргі уақытта Еуразиялық экономикалық одақ аясында Ресей Қазақстанға мұнай өнімдерін екі ел үкіметтері арасында бекітілетін индикативтік баланс шеңберінде жеткізе алады. Әзірге біз ішкі сұранысты өзіміз қамтамасыз етіп отырмыз. Кемінде жаз мезгілінде жанармай тапшылығы сезілмейді. Бірақ Қазақстандағы жанармай бағасы Ресеймен ғана емес, Қырғызстан және Өзбекстанмен салыстырғанда да төмен. Бұл елдердің Ресейге тәуелділігі жоғары әрі өз нарығын толық қамтамасыз ете алмайды. Сондықтан баға айырмашылығы Қазақстаннан жанармайды заңсыз алып шығу көлемінің артуына әкелуі мүмкін. Дәл осы фактор алдағы уақытта елімізде жанармай тапшылығының күшеюіне және бағаның өсуіне себеп болуы ықтимал»һ, – дейді Олжас Байділдинов.
Оның сөзінше, Қазақстан мұнай өңдеу көлемін жыл сайын арттырғанымен, кейбір өнім түрлері бойынша импортқа мұқтаждық сақталып отыр.
Қазақстан ішкі нарығын толық жауып отырған жоқ. Біз жылына шамамен 18 миллион тонна мұнай өңдейміз. Сонымен қатар Ресей Федерациясы Үкіметі мен Қазақстан Республикасы Үкіметі арасында жасалған индикативтік баланс аясында жыл сайын 1,2 миллион тонна мұнай өнімін Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде кедендік бажсыз импорттаймыз. Бұл импорттың негізгі бөлігін авиациялық отын, битум және аз көлемдегі дизель отыны құрайды. Ал бензин көлемі өте аз. Себебі бензин бойынша біз негізінен өзімізді қамтамасыз етіп отырмыз. Дегенмен сұраныс күрт артқан кезде немесе қандай да бір себеппен мұнай өңдеу зауыттарының жұмысы тоқтап қалса, Ресейден келетін импортқа тәуелділік өседі. Сондықтан Ресейде болып жатқан жағдайлар Қазақстанның ішкі жанармай нарығына да сөзсіз әсер етеді, – деп пайымдады сарапшы.
Министрлік: Ішкі нарық тұрақты, тапшылық болмайды
Сарапшылар ықтимал тәуекелдерге назар аударғанымен, Энергетика министрлігі қазіргі жағдайда халыққа алаңдауға негіз жоқ екенін мәлімдеп отыр.
Энергетика вице-министрі Қайырхан Тұтқышбаев шекара маңындағы өңірлер арқылы жанармайдың заңсыз сыртқа шығарылуына жол бермеу үшін енгізілген шектеулердің әлі де күшінде екенін айтты.
Қазіргі уақытта еліміздің аумағына бір реттен артық кіруге тыйым салатын бұйрық қолданыста. Бұл талап барлық шекара маңындағы өңірлерге қатысты, – деді вице-министр.
Оның айтуынша, Ресейдегі мұнай өңдеу зауыттарындағы қазіргі жағдай Қазақстандағы кәсіпорындардың жұмысына әсер етіп отырған жоқ.
Қазіргі таңда қажетті жанар-жағармай қоры жасақталған. Халық үшін қандай да бір тапшылық байқалмайды, – деді Қайырхан Тұтқышбаев.
Жыл басынан бері шекарада мұнай өнімдерін заңсыз алып шығудың 593 әрекеті тоқтатылған. Жалпы көлемі 40 мың литрден асатын жанармайдың сыртқа шығарылуына жол берілмеген.
Мобильді топтар тәулік бойы жұмыс істеп жатыр. Соңғы екі тәуліктің өзінде ғана қосымша бактар мен канистрлерге құйылған 3 тоннадан астам жанар-жағармайды заңсыз алып шығудың 61 әрекеті анықталған.
Сонымен қатар 18 арнайы жанармай тасымалдаушы көлік тексеріліп, олардың біреуіндегі 34 тонна мұнай өнімінен зертханалық сараптама үшін сынамалар алынған.
Қазіргі кезде Мемлекеттік кірістер органдары қызмет көлемі қалыптан тыс өскені анықталған 62 жанармай құю стансасы мен 22 шағын мұнай өңдеу зауытының қызметіне талдау жүргізіп жатыр.
Алдағы бірнеше айда Қазақстанды не күтіп тұр?
Сарапшылардың бағалауынша, алдағы екі-үш айда Қазақстанда бензин мен дизель отыны бойынша ашық тапшылықтың туындау қаупі төмен. Бұған ішкі нарықтағы қордың жеткілікті болуы және экспортқа қойылған шектеулер әсер етіп отыр. Алайда бұл қауіп мүлде жоқ деген сөз емес.
Абзал Нарымбетовтың пікірінше, қазіргі жағдайда ерекше назар аударуды қажет ететін бағыт – авиациялық отын нарығы.
Қазақстан жанармай экспортына қойылған шектеуді сақтап отыр. Бұл ішкі бағаны тұрақтандыруға мүмкіндік береді. Дегенмен еліміздегі жанармай бағасы Қытаймен және оңтүстіктегі көрші мемлекеттермен салыстырғанда әлі де төмен. Сондықтан сыртқы қысым сақталады. Жаз мезгілінде Атырау мұнай өңдеу зауытының жоспарлы жөндеуі мен Ресейге берілуі мүмкін жанармай көлемі қатар келіп отыр. Әрине, Қазақстан мұнай өнімдерін экспорттайтын аса ірі мемлекет емес. Сондықтан сөз болып отырған 50 мың тонна көлеміндегі ықтимал жеткізілім еліміздің жалпы жанармай балансын түбегейлі бұза қоймайды. Бірақ қауіпсіздік буфері азаяды, – дейді сарапшы.
Оның айтуынша, Ресейдегі жанармай дағдарысы жақын арада аяқталмайды. Керісінше, қазіргі үрдіс сақталса, оның әсері алдағы жылы да сезілуі мүмкін.
Сарапшылар Ресейдегі жанармай тапшылығы 2026 жылдың жазы бойы сақталып, егер мұнай өңдеу зауыттарындағы жөндеу жұмыстары ұзаққа созылса, жағдайдың ең күрделі кезеңі 2027 жылдың жазы болуы мүмкін деп болжап отыр. Бұл Қазақстанға түсетін қысымның қысқа мерзімді емес екенін көрсетеді. Ең алаңдататын мәселе – авиациялық керосин. Шілде айында бұл өнім бойынша ішкі тапшылық қаупі жоғары. Себебі мұнай өңдеу зауыттарындағы жоспарлы жөндеу, маусымдық сұраныстың артуы және Ресейден импорт көлемінің азаюы бір мезгілде қабаттасып отыр, – дейді Абзал Нарымбетов.
Сонымен бірге сарапшы бүгінгі жағдайға бола дүрбелеңге негіз жоқ екенін де атап өтті.
Жақын екі-үш айда Қазақстанда бензин мен дизель бойынша ашық тапшылық болады деуге негіз жоқ. Экспортқа қойылған шектеулер сақталып отыр, ішкі қор жеткілікті. Бірақ авиациялық отын бойынша және жекелеген өңірлерде уақытша іркілістер болуы мүмкін. Егер Ресейдегі тапшылық одан әрі тереңдей берсе, Қазақстанға қосымша жеткізілім жөнінде өтініштердің көбеюі ықтимал. Мұндай жағдайда ең алдымен ішкі қор азаяды. Ал келесі кезеңде нарықтағы бағаға қысым күшейе бастайды, – дейді ол.
Ресейдегі жағдай Қазақстан үшін неге маңызды?
Қазақстан бүгінде мұнай өндіретін жетекші елдердің бірі болғанымен, мұнай өнімдері нарығы көрші мемлекеттердегі жағдайдан толық оқшау емес. Ресей – Қазақстан үшін мұнай өнімдерінің негізгі серіктестерінің бірі. Әсіресе авиациялық отын, битум және жекелеген мұнай өнімдері бойынша екі ел арасындағы байланыс сақталып отыр.
Сарапшылардың пікірінше, қазіргі таңда Үкімет қабылдап отырған шаралар ішкі нарықтағы тұрақтылықты сақтауға мүмкіндік беріп отыр. Шекарадағы бақылаудың күшеюі, заңсыз жанармай тасымалына қарсы жүргізіліп жатқан жұмыстар және қалыптастырылған қорлар қысқа мерзімді тәуекелдерді төмендетеді.
Сонымен бірге Ресейдегі дағдарыс ұзаққа созылған жағдайда Қазақстан да жаңа сын-қатерлермен бетпе-бет келуі мүмкін. Оның ішінде шекаралас өңірлерде заңсыз тасымалдың артуы, авиациялық отын тапшылығы, Ресей тарапынан қосымша жеткізілім сұранысының көбеюі және ішкі бағаға түсетін қысым негізгі тәуекелдердің қатарында тұр.
Бүгінде Қазақстанда жанармай тапшылығы жоқ. Энергетика министрлігі де, сарапшылар да қазіргі қор ішкі сұранысты қамтамасыз етуге жеткілікті екенін айтып отыр. Сондықтан қысқа мерзімде бензин немесе дизель отынының жетіспеушілігі күтілмейді.
Алайда Ресейдегі мұнай өңдеу инфрақұрылымына жасалған шабуылдар мен логистикалық қиындықтар біртіндеп бүкіл өңірдің жанармай нарығына әсер ете бастады. Сарапшылардың пікірінше, мәселе тек Ресейдің ішкі нарығымен шектелмейді. Егер дағдарыс ұзаққа созылса, оның салдары Қазақстанға да жанама түрде әсер етуі мүмкін.
Сондықтан алдағы кезеңде негізгі назар елдегі жанармай қорының сақталуына, шекара арқылы заңсыз тасымалдың алдын алуға және мұнай өңдеу зауыттарының тұрақты жұмысына аударылады. Ал Ресейдегі ахуалдың қалай өзгеретіні Қазақстанның жанармай нарығына ықпал ететін басты сыртқы факторлардың бірі болып қала бермек.
Ең оқылған:
- +41°C-қа дейін ыстық және нөсер жаңбыр: Синоптиктер ауа райы туралы ескертті
- Атырау облысында Жайыққа батып кеткен 13 жасар баланы іздеу жалғасуда
- Трамп Иранның инфрақұрылымына соққы беруі мүмкін екенін мәлімдеді
- Студенттер мен жұмысшыларды қорқытқан: Павлодар облысында бопсалаумен айналысқан топ ұсталды
- Президент Бас прокурорды тағайындады
Мақпал ОРЫНБЕК