Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Ресейдегі ұшақ апатынан аман қалғандар бар ма?

24 Шілде 2025, 19:47
1937
Бөлісу:
 Ресей Федерациясының көлік прокуратурасы
Фото: Ресей Федерациясының көлік прокуратурасы

Ресейдің Амур облысында "Ангара" әуе компаниясына тиесілі Ан-24 ұшағы апатқа ұшырап, борттағы 48 адамның барлығы көз жұмды. Бұл туралы ресейлік ресми органдар мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Ұшақ Благовещенск қаласынан ұшып шыққан. Онда 42 жолаушы мен 6 экипаж мүшесі болған. Әуе кемесі Тында қаласына қонар алдында радар экранынан жоғалып кеткен. Кейінірек құтқарушылар ұшақтың өртенген қаңқасын Тындадан 16 шақырым қашықтықтағы орманды таулы аумақтан тапқан.

Амур облысының губернаторы Василий Орлов апат кезінде ұшақта бес бала болғанын айтып, өңірде үш күндік қаралы күн жариялады.

Қиын ауа райы мен батпақты жер жағдайды күрделендіріп, құтқарушыларға апат орнына жету үшін бір сағаттан астам уақыт қажет болған.

Алдын ала мәлімет бойынша, апатқа пилоттық қате немесе техникалық ақау себеп болуы мүмкін.

Ан-24 ұшағы Хабаровскіден шыққан рейстің соңғы кезеңінде болған. Құтқару қызметінің дерегінше, апат кезінде ұшақ екінші рет қонуға әрекеттеніп жатқан.

Айта кетейік, бұл ұшақ 50 жылға жуық бұрын өндірілген. Ол кеңес дәуірінде Киевте жобаланған. Соңғы техникалық тексерістен өткеніне қарамастан, 2018 жылдан бері Ан-24 кемесі төрт түрлі оқиғаға тап болғаны хабарланды.

Атап айтқанда, 2019 жылы дәл осы модельдің тағы бір ұшағы Бурятияда апатқа ұшырап, екі экипаж мүшесі қаза тапқан. Ал 2011 жылы "Ангара" компаниясының тағы бір Ан-24 ұшағы Сібірде апатқа ұшырап, жеті адам мерт болған еді.

2011 жылғы оқиғадан кейін сол кездегі президент Дмитрий Медведев Ан-24 ұшақтарын пайдаланудан шығаруды ұсынған болатын.

Бұған дейін Ресейде жолаушылары бар ұшақ құлап, қалдықтары жанып жатқаны жайлы хабарлаған болатынбыз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев аталған ұшақ апатына байланысты Ресей Федерациясының президенті Владимир Путинге көңіл айтты.

Еске салсақ, 3 күн бұрын, яғни 21 шілдеде түскі уақытта Бангладеш астанасы Даккада әскери-оқу ұшағы мектеп қалашығына құлап, апат болғаны туралы жазған едік. Аталған әскери ұшақ апаты кезінде бастауыш сынып мұғалімі 20-25 баланы жалыннан аман алып шығып, өзі көз жұмған.

Өзгелердің жаңалығы