Рекультивация жасамау үлкен мәселе тудырып отыр

23 Маусым 2022, 17:13
2068
Бөлісу:
Рекультивация жасамау үлкен мәселе тудырып отыр

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Геология саласының дамуы туралы дөңгелек үстелде Қазақстан Парламенті Мәжілісінің депутаты Еділ Жаңбыршин қатты пайдалы қазбаларды тиімсіз пайдалану мен рекультивация жасамау мәселесін көтерді. 

Біздегі үлкен мәселе – қатты пайдалы қазбаларды тиімді пайдаланбау және жұмыс жасаған соң артын жинақтап, рекультивация жасамау. Мысалы сондай мәселе Жетібай кен орнының қасында Ұлутас кен орынында бар. Кеше біз Түркістанға су мәселесімен барған уақытта кейбір ауылдарда Батыс Қытай, Батыс Еуропа жолын салған кезде сол жерден әртүрлі құм, тас алған, олардың барлығын қалай болса солай игерген. Артын рекультивация жасамай тастап кеткен. Ел ол жерге малын жая алмай отыр, - деді ол.

Ол аталған мәселе Маңғыстау ауданының орталығы Шетпе деген ойда орналасқан ауылда да барын айтты. Ауыл үстінде 20-ға жақын карьерлердің жұмысының шаңы мен қатты пайдалы қазбаларды бей-берекетсіз игеруі үлкен наразылық тудырып отырған көрінеді. Осыған байланысты депутат қандай жұмыстар жасалып жатқанын Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінен сұрады.

Ликвидация бойынша көтерілген мәселе дұрыс. Әр облыста осындай мәселелер бар. Қазір жер қойнауын пайдаланушылар лицензиялар немесе контракт күші жойылған кезінен бастап 8 айдың ішінде ликвидация жұмыстарын істеу керек. Бірақ көбі бұл жұмысты істемейді. Кодексте өзгеріс енгізілген кезде осы мәселені көтереміз, - деді ИИДМ өкілі.  

Өзгелердің жаңалығы