Франция, Испания, Грекия және Түркияда өрт сөндірушілер аптап ыстықта орман өрттерімен арпалысып жатыр. Кей өңірлерде ауа температурасы 42°C-тан асты,деп хабарлайды BAQ.KZ Euronews-ке сілтеме жасап.
Францияның Од департаментінде соңғы онжылдықтағы ең ірі дала өрті 160 шаршы шақырым аумақты шарпыды. Бір адам қаза болып, 25 адам жараланды. 1400-ге жуық өрт сөндіруші жалынды қайта тұтандырмауға күш салуда.
Испанияда Авила провинциясында жұма күні басталған өрт жолдар мен теміржолдарға қауіп төндірді. Елдің орталық аймақтарында 39°C-қа жеткен аптап әлі бірнеше күнге созылуы мүмкін.
Грекияда Афина маңындағы Кератеядағы өрт бір адамның өмірін қиды. 260-тан астам өрт сөндіруші мен еріктілер жел күшейткен жалынды тоқтатуға тырысуда.
Түркияда Чанаккале мен Байрамич маңындағы орман өрттері негізінен сөндірілді. 654 тұрғын эвакуацияланды, төрт күдікті қамауға алынды.
БҰҰ Дүниежүзілік метеорологиялық ұйымы климаттың өзгеруі аптап пен құрғақшылықты жиілетіп, орман өрттерінің қаупін арттырып отырғанын ескертті. Сарапшылар жылу толқындарын «үнсіз өлтіруші» деп атап, жылу туралы ескерту жүйелерін кеңейтсе, жылына 100 мыңға дейін адамды құтқаруға болатынын айтады.