Рекорд: Қазақстандықтар банктерге 25 трлн теңге қарыз

Несиенің негізгі бөлігі халыққа тиесілі, тұтынушылық қарыздар басым болып отыр.

 ©BAQ.KZ коллажы Бүгiн 2026, 18:36
Бүгiн 2026, 18:36
179
Фото: ©BAQ.KZ коллажы

Қазақстанның банк секторы 2026 жылғы сәуірге қарай берілген несиелер көлемін 201 млрд теңгеге арттырып, 43,4 трлн теңгеге жеткен, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі Қазақстан Ұлттық банкіне сілтеме жасап.

Өсімнің негізгі қозғаушы күші – қарапайым азаматтар. Олардың банктер алдындағы берешегі бизнес несиелеріне қарағанда жылдам өсіп жатыр. Жалпы несиенің 25,07 трлн теңгесі халықтың үлесінде (+131,5 млрд теңге). Ал компаниялар мен кәсіпкерлерге берілген қарыз көлемі 18,34 трлн теңгені құрады (+70 млрд теңге).

Салыстыру үшін айтсақ, 2022 жылдың басында айырмашылық айтарлықтай болмаған, ол кезде бизнес пен халықтың несие портфелі шамамен 10 трлн теңгеден болған.

Халықтың қарыз құрылымында негізінен тұтынушылық несиелер басым. Азаматтар сатып алулар үшін 16,85 трлн теңге қарыз алған. Ал ипотекалық несиелер көлемі 7,08 трлн теңгені құрайды.

Халық несиені көбіне ұлттық валютада алады: теңгедегі қарыздар 25,06 трлн теңге болса, шетел валютасындағы берешек небәрі 2,4 млрд теңге.

Бизнес сегментінде негізгі қарыз алушылар – ірі компаниялар. 2026 жылғы сәуірдегі жағдай мынадай:

  • ірі бизнес – 8,67 трлн теңге
  • шағын бизнес – 6,58 трлн теңге
  • орта бизнес – 3,09 трлн теңге

Бизнес халыққа қарағанда шетел валютасындағы несиелерді жиі пайдаланады. Кәсіпорындардың жалпы 18,34 трлн теңгелік несие портфелінің 5,33 трлн теңгесі валюталық қарыздарға тиесілі.

Наверх