Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы «Хабар» телеарнасының эфирінде өтіп жатқан «Референдумға барамын» телемарафонында Парламент Мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошанов мәлімдеді.
Оның айтуынша, реформа барысында енгізілетін өзгерістер демократияға бастайды.
Біріншіден, осы өзгерістер, референдумға енгізу арқылы қабылданатын реформалар – тұнып тұрған демократия. Себебі әділдікке, еркіндікке, әр адамның тең мүмкіндік алуына, ашықтыққа бағытталған реформа ғой. Демократия дегеніміздің өзі – халықтың пікірімен санасу, ескеру, билік пен халықтың бір-бірін түсінуі, - деп атап өтті Мәжіліс төрағасы.
Сондай-ақ ол референдумның маңыздылығын басып айтты.
Сондықтан осы реформада баптардың барлығы Қазақстанды демократияландыруға арналған. Мысалы үшін, ең басты құндылық – адам. Президент өзі тікелей жұмыс тобына жердің үстіндегі, астындағы байлықтың иесі – халық екендігін айтып, ұсыныс берді. Бұл дегеніміз референдумның құқықтық маңызынан гөрі, идеологиялық, моральдық салмағы артықтау. Бірақ бұл әр адамға өзіне деген, әр қадамына деген сенім береді. Екіншіден, әр адамға жауапкершілік жүктейді. Азаматтарға елдің саяси өміріне еркін араласуға да мүмкіндік беріліп отыр, - деді Ерлан Қошанов.
Еске сала кетейік, бұған дейін Мәжіліс спикері билікке сын көзбен қарайтын азаматтардың өзі референдумды қолдап отырғандығын айтқан болатын.