Референдумға қатысу арқылы азаматтар өзінің саяси күн тәртібіне әсер етеді - саясаттанушы

Бөлісу:
Референдумға қатысу арқылы азаматтар өзінің саяси күн тәртібіне әсер етеді - саясаттанушы
Фото: Кейіпкердің жеке мұрағатынан

Елімізде атом электр станциясының құрылысына қатысты республикалық референдум өтті. Саясаттанушы Риззат Тасым азаматтар референдумдарға қатысу арқылы өздерінің саяси күн тәртібіне әсер ету қабілетін арттыратынын айтты, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.

Саясаттанушы ел тарихында алғашқы рет саяси не конституциялық өзгерістерге арналмаған төртінші жалпыұлттық референдум өткенін атап өтті. Оның мәні саяси плюрализм мен ашық дискуссияға, нақты дерекке негізделген  рационалды шешім болуы тиіс екенін айтты.

Соңғы жылдары қоғамда көптеген мәселелер бойынша поляризация деңгейінің күшеюі байқалды, ол саяси жатсыну деңгейінің жоғарылауына да әкелді. Бұл адамдардың ортақ шешім табу мен мәмлеге келу қабілетін әлсіретіп, қоғамдағы күрделі және шешімі қиын сұрақтардың алдында дәрменсіздік сезімін ұлғайтуда. Осы орайда, билікке деген сенім деңгейін қалпына келтіруге және шешім қабылдауға жалпы қатысуды кеңейтуге ықпал ететін бағыттың бірі – кеңесуші демократия институтын, оның ішінде референдум механизмдерін одан әрі дамыту. Қазіргі таңда билік пен халықтың қатынасы сайлау науқаны мен референдумда ғана емес, азаматтардың күнделікті өміріне қажетті шешім шығаруда үздіксіз көрініп келеді. Елімізде әртүрлі саладағы негізгі проблемаларды ашық айтып, сарапқа салу, оның шешу жолдарын қарастыру азаматтық қоғамдағы белсенділіктің артқанының дәлелі,- деді саясаттанушы.

Оның айтуынша, мемлекет саяси шешімді көпшілікпен кеңес арқылы қабылдау моделін дамытып отыр.

Референдум - бұл тек дауыс беру ғана емес, қоғамның өміріне тікелей әсер ететін саясатты қалыптастыруға белсенді қатысу мүмкіндігі. Азаматтардың тікелей қатысу құралдарын дамыту маңызды, осылайша жауапты және ашық басқарудың негізін қалыптастыруға болады. Референдумдарға қатысу арқылы азаматтар өздерінің саяси күн тәртібіне әсер ету қабілетін түсінеді. Сонымен қатар, референдум тікелей халықтың еркін білдіру формасы ретінде қоғамдағы сенімді нығайтуда маңызды рөл атқарады. Ол азаматтарға маңызды мемлекеттік шешімдерді қабылдауға тікелей қатысу мүмкіндігін беріп, саяси процестерге қатысты сезімін арттырады. Біз бір сәтте Швейцария сияқты «референдумдар отаны» атанбасақта, жақын геосаяси кеңістігімізде алғашқы болып референдум құралын кеңінен пайдаланып отырмыз. Оның өзі жасырын саясаттан жария саясатқа көшіп, жаңа саяси мәдениеттің орнығуына жол ашты. Сол себепті кеңесуші демократия механизмдерін кеңінен пайдалану қоғамдағы сенім деңгейін арттырып, саяси жатсынуды еңсеруге әкелетініне сенім білдіремін,- деді Риззат Тасым.

Өзгелердің жаңалығы