Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Орталық референдум комиссиясының кезекті отырысында 5 маусымда өтетін референдумға дайындық барысы мен республикалық референдумның құжаттарын сақтау қағидалары баяндалды.
19-28 мамыр аралығында дауыс беру күніне дайындықты ұйымдастыру мәселелерін зерделеу мақсатында мен және менің әріптестерім еліміздің 14 өңірінде болдық. Сапар барысында Орталық комиссия мүшелері референдум учаскелеріне барды. Олардың материалдық-техникалық жарақталуын, мүмкіндігі шектеулі адамдар үшін жағдайдың жасалуын, комиссиялардың тізімді жасау, азаматтарды ақпараттандыру жөніндегі жұмысын, жергілікті деңгейде оқытудың ұйымдастырылуын бақыладық, – деді Орталық референдум комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров.
Ал республикалық референдум туралы заңның құзыреттеріне сай республикалық референдумның құжаттарын сақтау қағидаларын бекіту туралы дайындалған қаулыны Орталық референдум комиссиясының мүшесі Асылбек Смағұлов таныстырды.
Дауыс беруге арналған бюллетендерді мөрленген күйінде, оның ішінде жекелеген жойылған бюллетендерді сондай-ақ референдумға қатысуға құқығы бар азаматтардың тізімдерін және оларға құжаттарды облыстық, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың референдум комиссиялары Орталық референдум комиссиясына тапсырады. Онда референдум қорытындылары жарияланғаннан кейінгі бір ай бойы құпия ақпарат құқында сақталып, кейін жойылады, – деді ол.