Раунд сайын нокдаун. Қазақ боксшысы жеңіс тұғырында

17 Сәуір 2021, 22:22
2322
Бөлісу:
Раунд сайын нокдаун. Қазақ боксшысы жеңіс тұғырында

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстан құрамасының екі боксшысы Польшадағы әлем чемпионатының келесі айналымына өтті. Бірінші Сабыржан Аққалықов жекпе-жекті мерзімінен бұрын аяқтады, одан кейін Диас Молжігітов осы жетістікті қайталады. 

 Vesti.kz сайтының мәліметіне қарағанда, 64 келіге дейінгі салмақта өнер көрсететін Сабыржан испаниялық Фабио Маззилли Бласконы бірнеше рет нокадаунға түсірді. Ал кездесуді испаниялық боксшы белсенді бастаған еді.

Дегенмен қазақстандық боксшы қарсыласын есеңгіретіп қана қоймады, оның жойқын соққысынан испаниялық қансырай бастаған екен. Үшінші раундта төреші айқасты тоқтатты. Келесі жекпе-жегінде Аққалықов беларуссиялық Александр Доунармен жұдырықтасады. 

75 келі салмақтағы Диас молдовалық Святослав Воскресенскиймен айқасын бірден нокдауннан бастады. Молжігітов қарсыласын бірінші, екінші раундта да есеңгіретті, осыдан кейін айқас тоқтатылды. Алайда қарсылас "I'm ready" деп наразылығын білдірген болатын. Диас келесі кездесуінде венесуэлалық Джереми Альварес Леонмен рингке шығады. 

Еске салайық, мұның алдында әлем чемпионатының екінші айналымына өзге үш қазақстандық боксшы шыққан болатын. Ерболат Сабыр (56 келі) 1/8 финалда латвиялық Матвейс Прокудинспен, ал 60 келідегі Елнұр Сүйінбай словакиялық Адольф Станекпен кездесу өткізеді.

Ауыр салмақтағы Мәди Әміров (91 келі) Италия чемпионы Лука Тистареллиді жеңді, ал екінші айқасында иорданиялық Турки Аль-Равашдехпен жұдырықтасады.

Төрт қазақстандық жарыс жолынан шығып қалды: Кенже Мұратұлы (52 келі), Нұржан Амангелді (69 келі), жартылай ауыр салмақтағы Ерасыл Жақпеков (81 келі) және суперауыр салмақтағы Аманат Сабырғали.

Ал қыздар командасындағы барлық он боксшы жарысты жалғастыруда. 

Әлем біріншілігінің финалы 22-23 сәуірге жоспарланған.

Өзгелердің жаңалығы