Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Осыдан тура екі жыл бұрын, еліміздің рухани өміріне үлкен серпіліс әкелген “Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру” мақаласы жарияланды. Елбасы көтерген бастамалар бен берген тапсырмалары зиялы қауымды, ғылым мен білімге жанашыр ортаны шабыттандырып, елдік маңызы аса зор өте ауқымды іске жұмылдырды.
Мақалада аталған алты арнайы жобаның бірі – “Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық”. Бұл жобаны іске асыру үшін үкіметтік емес және коммерциялық емес негізде жұмыс істейтін “Ұлттық аударма бюросы” құрылды.
«Бұл бастама еліміздің барлық оқу орындары, оқытушылары мен студенттеріне әлемнің ең озық ғылым мен білім орталықтарының алтын қорын ашып берді. Дүние жүзінің алдыңы қатарлы оқу орындарында қолданылатын, ең жақсы деген оқулықтарға қол жеткізу үшін сол ілгері оқу орындарының баспалары, ең ірі деген халықаралық баспа үйлерімен әріптестік орнатылды» - дейді Ұлттық аударма бюросының басшысы Рауан Кенжеханұлы.
Бюроның үйлестіруімен іске асып жатқан ауқымды ғылыми аударма жұмысы қазақ тілінде жаңа оқулықтар дайындап, жоғарғы мектеп мазмұнын түбегейлі түрде жаңартумен қатар қазақ аударма мектебінің күшейіп, соның ішінде бүгін сөз болып отырған теминалогия мәселелерін нақты, практикалық тұрғыдан қарауға негіз болды.
«Оқулықтарды іріктеу үшін жоғары оқу орындары мен гуманитарлық бағыттағы ғылыми орталықтардан жалпы саны 800 аса аударылуы қажет деген оқулыққа ұсыныс келіп түсті. Сала мамандарынан құралған жұмыс тобы аударылатын оқулықтарға қойылатын талаптарды анықтады» - дейді Рауан Кенжеханұлы.
Осындай талаптар негізінде жоба қолға алынған екі жылдың ішінде философия, әлеуметтану, психология, мәдениеттану мен антропология, дінтану және тіл білімі, экономика мен кәсіпкерлік салаларын қамтитын 48 оқулық аударылып, баспаға әзірленді.
«Аударма жұмысына ұлттық университеттер және салалық оқу орындары, гуманитарлық бағыттағы ғылыми зерттеу орталықтары кеңінен тартылды. Аударманы мейлінше сапалы шығару үшін алғашқы мәтінді дайындауға жоғары оқу орындарының ұстаздары, ғылыми редакция жасауға еліміздің белгілі ғалымдары, әдеби редакцияға танымал тілшілер мен баспагерлер шақырылды. Қазір бұл жұмысқа жалпы саны 300-ге тарта маман қатысуда» - дейді ол.
Аударма тілін мейлінше ұғынықты, әрі жатық ету мақсатында барлық мамандарға ортақ аударма ережелері мен ұстанымдары дайындалып, бекітілді.
«Жаңа ұғымдар мен терминдерді халықаралық ғылыми және кәсіби лексикадан кең тарту; Терминдердің өзге тілдегі түбірін аудару арқылы жаңа ұғым жасауға сақ болу; Мазмұнға нұқсан келтірмей, грамматикалық құрылымдарды мейлінше жеңілдету; Мазмұнды жерсіндіру, яғни мысалдар мен кейстерді, суреттер мен кескіндерді барынша Қазақстандық баламалармен алмастыру қатарлы ережелер арқылы аудармашылар жұмыс істеді» - дейді бюро басшысы.
Осы негізде қазірдің өзінде жоба сөздігіне 3 мыңға тарта ғылыми термин, ұғым мен түсінік жинақталған
«Олардың бірсыпырасы бұрынғы қолданыс үлгісінен өзгеріп, енді бір бөлігі қазақ тіліндегі баламасы алғаш рет берілген жаңа сөздер. Сондықтан, бұл жоба тек жаңа білім мен жаңа мазмұнға ғана жол ашып қоймай, сонымен қатар жаңа ұғымдар мен түсініктер арқылы тілімізді жаңартып, оның ғылыми әлеуетін кеңейтті» - дейді Рауан Кенжеханұлы.
Өткен жылы жоба шеңберінде аударылып, басылған алғашқы 18 оқулықты көпшілікке таныстырылған болатын.
«Содан бері оның әр қайсысы 10 мың дана басылыммен шығарылып, еліміздегі 112 жоғары оқу орнына тегін таратылды. Оқулықтардың электронды нұсқалары интернет арқылы еркін қолданысқа берілді. Жаңа оқулықтардың мазмұны мен құрылымы, аударма сапасы, жаңа ғылыми ұғымдар мен терминдердің қолданысы, оларды қазақстандық жоғары мектеп бағдарламасы мен ғылыми айналымға енгізу мәселелері академиялық және университеттік ортада кеңінен талқыланды. Оқулықтарды таныстыру, талқылау шаралары еліміздің барлық аймақтарында өтті» - дейді ол.
Ғалымдар мен оқытушылар “100 жаңа оқулық” жобасы еліміздегі жоғары гуманитарлық білімнің мазмұнын түбегейлі түрде өзгертіп, оны ілгері халықаралық деңгейге шығаруға жол ашқандығын бір ауыздан айтты.
«Аударылған оқулықтар биылғы оқу жылынан бастап жоғары оқу орындарының бағдарламаларына еніп, кең қолданыла бастады. Жаңа оқулықтарға деген жоғары сұраныс пен қоғамдағы қызығушылықты ескере отырып, еліміздегі ірі кітап дүкендері арқылы тарату үшін қосымша басылым шығару қолға алында» - дейді аудармашы.
Оның айтуынша, қулық аудару аясында жинақталған тәжірибені қортып, ғылыми аудармаға қажетті, сондай-ақ ғылыми лексиканы жүйелеп нормалауға қажетті сөздіктер дайындау қолға алынды.
«Бұл бағытта сөздік дайындау тәжірибесі аса мол Оксфорд университетінің баспасымен бірлесіп жұмыс істеуге келістік. Атап айтсақ:
- Оксфорд белгісімен үлкен қазақ-ағылшын, ағылшын-қазақ сөздігі,
- сондай-ақ қоғамдық және әлеуметтік ғылымдардың түсіндірме сөздігі,
- экономикалық түсіндірме сөздік
- және қазақ тілінің кірме ұғымдар сөздіктерін дайындау жүріп жатыр.
Бұл жұмысқа Шерубай Құрманбайұлы және Таңат Аяпова секілді тәжірибелі де белгілі ғалымдармен қатар, Бағлан Мизамхан, Мұхтар Сеңгірбайұлы, Асем Қалиева секілді жас ғалымдар да атсалысуда. Аталған жұмысқа үлес қосуға ниетті мамандарды ортаға қосылуға шақырамыз» - дейді Рауан Кенжеханұлы.