Сайлау - 2021. Қоғамдағы серпіліс басылғанда қорытындысын бағалауға болар – Расул Жұмалы

5 Тамыз 2021, 12:53
1981
Бөлісу:
Сайлау - 2021. Қоғамдағы серпіліс басылғанда қорытындысын бағалауға болар – Расул Жұмалы

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ауыл әкімдерін сайлауға қатысты қоғамдағы серпіліс басылғанда оның қорытындысын байсалды түрде бағалауға болар, деп жазды саясаткер, Қазақстан Президенті жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі Расул Жұмалы әлеуметтік желідегі жеке парақшасында.

Өткен шараның еліміз үшін саяси маңызы, әсіресе жергілікті өзін басқару жүйесін қалыптастыру тұрғысынан өзектілігі шүбә келтірмес. Ең бастысы - тың тәжірибе сәтті жалғасын тауып тәуекелдерге бой алдырмай демократиялық дәстүрлердің орнығуы. Өткен науқанның өзіне келер болсақ, биылдан бастап сайлауға саяси партиялардың мүшелерімен қатар жеке тұлғалардың түсуіне жол ашылғаны белгілі. Ал енді осылайша ұсынылған 2582 үміткердің 2297-і немесе 89 пайызы тіркелгені науқанның әжептәуір тең дәрежеде өткенін байқатады, - деп жазды ол.

Сондай-ақ келтірілген статистика билік сайлау атаулыға ешкімді жолатпайды, тек өз адамдарын тықпалайды сынды қауесеттерді жоққа шығарды. Десе де, дауыс беру қорытындысы бойынша түбегейлі жеңіске Nur Otan жетті - 86 пайыз. Қалған бес партияның жиынтық көрсеткіші 9,5 ал өзін-өзі ұсынғандардікі 4,5 пайызды құраған. 

Енді бұдан қандай ой түюге болады? Біріншіден, жеке үміткердің тұтас партияның атынан түскен үміткерден әдетте әлсіз болуы. Себеп түсінікті де - соңғысының артында кәдімгідей қолдау тұр. Тиісінше жалғыздың шаңы шықпас дегендей, жақын арада саяси белсенділік көбіне партиялық құрылыс арқылы жүретінін назарда ұстаған жөн. Екіншіден, додаға еліміздегі әзірге бар 6 партия әртүрлі дайындықпен келгені. Ауыл әкімдерінінің лауазымына қызықпады ма, өз күшіне сенбеді ме, әйтеуір билеуші партиядан өзгелері бұл науқанда айтарлықтай белсенділік көрсете алмады. Nur Otan-ға балама кешенді күн тәртібін де өкінішке орай ұсынғандар байқалмады. Ойлантарлық жәйт - парламенттік оппозиция деген мәртебесі бар «Ақ жол» мен коммунистер біріге 21 ғана орынды ешілесе, ал енді парламентке өтпеген «Ауыл» мен «Адал» жұбы 48 әкімдік мансапты бағындырды. Үшіншіден, ескі иә ресми оппозициялық партиялар жаңаша жұмыс істеуі, сонымен қатар Қазақстанның саяси алаңында көсемшілдік емес, идеялық тұрғыдағы жаңа күштердің бой көтергені абзал, - деді Расул Жұмалы.
Бұл қоғам үшін де, мықты бәсекелесі болмаса тоқырауға ұшырауы әбден ықтимал билік үшін де аудай қажет екенін айтты.
Ал енді Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бастап отырған саяси реформалар тиісті мақсатқа айқай-ұйқайсыз өркениетті жолмен қол жеткізуге бірталай мүмкіндік туғызып отыр деп санаймын, - деді ол.

Өзгелердің жаңалығы