Расул Жұмалы: Түйткілдерді сөз емес, іс жүзінде еңсеру қажет

19 Қаңтар 2022, 18:10
1416
Бөлісу:
Расул Жұмалы: Түйткілдерді сөз емес, іс жүзінде еңсеру қажет

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. “Қанды қаңтар” оқиғаларынан кейін еліміз ақырындап ес жиюда. Бұл туралы белгілі  сарапшы, саясаттанушы Расул Жұмалы Facebook парақшасында мәлімдеді.

Қазір орын алған қасіреттің себептерін анықтап кінәлілерді жауапқа тарту мәселелері тұр. Бұған ешбір дау жоқ. Сонымен қатар билік те, қоғам да қызбалыққа салынбай, екі ортада өрескел әрекеттерден аулақ болғаны абзал. Сол сияқты бұрынғының бәрін түп-тамырымен құртса болды гүлденген қоғам орнай салады деген ағаттыққа салынуға қайта болмас, - деді саясаттанушы.

Оның айтуынша, басты мәселе – осы апатты жағдайға алып келген қателіктерге бұдан былай жол бермеу.

Атап айтсақ, әділетсіздік, жемқорлық, әлеуметтік теңсіздік сынды түйткілдерді сөз емес, іс жүзінде еңсеру қажет. Бұл тұрғыда мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған күттірмейтін шаралар бағдарламасы қаншалықты мардымды іске асатыны ерекше мәнге ие. Сайып келгенде тек сынмен иә наразылықпен істің шешілмесі анық, - деді Расул Жұмалы.

Оның атап өтуінше, қоғам болып, саяси алаңда орын тепкен күштер болып президенттің айналасында топтасып, ол қойған міндеттерді кешенді орындауға күш салу керек.

Елдің күткені де осы. Соның ішінде тізгіні Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолына өткен Нұр-Отан партиясының әлеуеті барынша қолданылу қажет. Бұрынғы түйткілдер сақталып қана қоймай, пандемияның жаңа толқыны үдей бастағанда тығырықтан шығу үшін осындай нақты істерден басқа амал жоқ, - деді сарапшы.

Өзгелердің жаңалығы