Расул Жұмалы: Халықтың өзін-өзі басқару жүйесін дамыту тұрғысынан бүгін тарихқа енетін күн болды

25 Шілде 2021, 20:55
2070
Бөлісу:
Расул Жұмалы: Халықтың өзін-өзі басқару жүйесін дамыту тұрғысынан бүгін тарихқа енетін күн болды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бастаған саяси реформалар кезекті нәтижемен толықты. Бүгін Қазақстан бойынша 730 елді мекеннің әкімдерін халықтың өзі тікелей сайлады. Шарада 2297 үміткер, оның ішінде 1419 өзін-өзі ұсынғандар бағын сынады. Демек, орташа есеппен бір орынға үш адамнан келгені сайлау бәсекелестік ахуалда өткенін білдіреді. Бұл туралы саясаттанушы Расул Жұмалы өзінің Facebook-парақшасында жазды.  

Сондай-ақ ол әлі де сейілмеген күдікке қарамастан қоғам бұл науқанға кәдімгідей қызығушылық танытқанын айтты. 

Әзірше ресми ақпаратқа сүйенсек, ел бойынша шамамен 1,2 миллион ауыл тұрғынының 70-75 пайызы, кей өңірлерде 80 пайыздан астамы дауыс берген. Бұл - жақсы көрсеткіш. Әрине, елімізде, тіпті Орталық Азияда алғаш рет өтіп отырғандықтан аталмыш тәжірибе мінсіз болмаған да шығар - ол жайлы нақтырақ бақылаушылар есеп бере жатар. Бірақ халықтың өзін-өзі басқару жүйесін дамыту тұрғысынан бүгін тарихқа енетін күн болды десек, артық айтпағандық. Айналып келгенде халықтық билік деген ұғымды білдіретін демократияның басты құндылығы осыда емес пе - сырттан біреу тағайындамай өзі сенген, лайық деп тапқан менеджерді халықтың өзі сайлауы. Осылайша, жүре-бара демократиялық дәстүр, белсенді азаматтық қоғам қалыптаспақ. Ал енді түк шықпайды, бәрі бекер, бойкот, қоғам әлі дайын емес деп отыра берсе, әрине, түк шықпайды, - деді ол. 


Өзгелердің жаңалығы