Бұл туралы Президент жанындағы ҚСЗИ бас ғылыми қызметкері Жанна Кәрімова мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Айтуынша, рақымшылық жасалған азаматтардың жақындарына жаңа заңның еш әсері жоқ.
Мемлекет басшысы рақымшылық туралы заңның қабылданатынын жариялағаннан кейін көпшілік арасында «Рақымшылыққа ілінгендердің туыстары мен жақындарына қандай да бір келеңсіз салдарды күту керек пе?» деген сұрақ жиі естіле бастады. Бұл арада айта кетерлік жайт, қолданыстағы заңнамаға сәйкес рақымшылыққа ілінгендердің жақын туыстары ешқандай жауапкершілікке тартылмайды. Рақымшылыққа ұшырағандардың туыстары мен жақындарына қатысты ешқандай заңдық шектеулер жоқ. Мәселен, құқық бұзушыларға рақымшылық жасау олардың балаларының болашақта мемлекеттік немесе әскери қызметке баруына еш кедергі бола алмайды, - деп түсіндірді сарапшы.
Сонымен қатар ол ауыр қылмыс жасағандарды рақымшылыққа ілінеді деген пікірді жоққа шығарды.
Сондай-ақ бірнеше қайтара рецидивист ауыр қылмыскерлер рақымшылыққа ілігеді деген пікір де шындықпен жанаспайды. Мемлекетке опасыздық жасағандығы үшін, жаппай тәртіпсіздіктер ұйымдастырды деп айыпталған сотталушылар, сондай-ақ Қылмыстық кодекстің 78-бабында көзделген өзге де қылмыстарды – кәмелетке толмағандарға жыныстық тиіспеушілікке қарсы, террористік, экстремистік қылмыстар мен азаптаулар жасағандарға, қылмыстардың қайталануы немесе қылмыстардың қауiптi қайталануы кезінде жаза тағайындалған адамдарға рақымшылық жасау туралы акт қолданылмайды. Яғни қылмыскерлердің ең қауіпті санаттары қоғамнан шеттетіледі, - деді Жанна Кәрімова.
Еске сала кетейік, елімізде Қаңтар оқиғасына қатысты бірреттік «Рақымшылық жасау туралы» заң қабылданғаны белгілі. Қазіргі таңда құжат Президентке жолданды.