Бұл туралы Қазақстандық қоғамдық даму институтының сарапшысы Бауыржан Серікбаев мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев қаңтар оқиғаларына қатысушыларға «Рақымшылық жасау туралы» Заңға қол қойды. Естеріңізде болса, президент 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына арнаған Жолдауында қаңтар оқиғалары кезінде ауырлығы аз және орташа қылмыстар жасағандарға рақымшылық жасау идеясын көтерген болатын. Заң бойынша мұндай қылмыстар үшін жазасын өтеген азаматтардың соттылығы алынып тасталады. Ал, ауыр қылмыстар үшін – сот тағайындаған мерзімнің төрттен үшіне, аса ауыр қылмыстар үшін – жартысына қысқарту рақымшылық жасау көзделген. Осы заңның аясында еліміз бойынша 1000-нан астам адам рақымшылыққа ілігеді. Олардың басым бөлігі бас бостандығынан айырылмаған азаматтар. Сонымен қатар қабылданған заңда босатылатын адамдарды қайта әлеуметтендіру, жұмысқа орналастыру, медициналық көмек көрсету мен құжаттарды ресімдеу шаралары да қарастырылған, - деп атап өтті сарапшы.
Сондай-ақ ол Қаңтар оқиғалары кезінде әлдекімдердің арбауына еріп қалған еліміздің азаматтары да көп болғанын атап өтті.
Рақымшылық жасау арқылы Президент Конституциялық құқығын қолдана отырып, үлкен адамгершілік пен елге деген сенімді көрсетіп отыр. Бір рет арандатуға еріп, аңдамай қателік жасаған азаматтарымызға рақымшылық көрсетіп, жаңа өмір бастауына, қоғамның толыққанда мүшесі болуына жағдай жасау гуманизмнің көрінісі. Екінші жағынан «Рақымшылық туралы заң» – еліміздегі халқымыздың бірлігін сақтау мен ішкі саяси жағдайды тұрақтандыруға бағытталғандығы да анық. Ең бастысы, мемлекеттік мүдде мен елдің бірлігі, ынтымағы. Бір-бірімізге кешіріммен қарап, жасампаз, игі істерді мұрат тұтқан қоғам құру. Біздің басты мақсатымыз да осы болуы қажет, - деді Бауыржан Серікбаев.