«Рамочный» заң керек емес. Үкімет Ринат Зайытовтың сауалына жауап берді

7 Қараша 2023, 17:57
1127
Бөлісу:
«Рамочный» заң керек емес. Үкімет Ринат Зайытовтың сауалына жауап берді
Фото: Арман Мухатов - архив

Премьер-министрдің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев Мәжіліс депутаты Ринат Зайытовтың мемлекеттік сатып алуға қатысты жолдаған сауалына жауап берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Мәжілістің жалпы отырысында депутат Ринат Зайытов мемлекеттік сатып алу жүйесін сынап, өзінің депутаттық сауалын жолдаған болатын. 

Премьер-министрдің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев депутаттың сауалына жауап беріп, мемлекеттік сатып алулар мемлекеттің дамуына әсер ететін маңызды салалардың бірі екенін айтты.

Оның сөзінше, Дүниежүзілік банк Қазақстанның мемлекеттік сатып алу жүйесін әлемдегі ең үздіктердің бірі деп таныды. Global Data Barometr зерттеулеріне сәйкес сатып алудың автоматтандырылуы және ашықтық деңгейі бойынша Қазақстан әлемдегі 109 елдің ішінде 3-орында тұр.

«Мемлекеттік сатып алу туралы» заңға сәйкес мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру сыбайлас жемқорлық көріністеріне жол бермеу және мемлекеттік сатып алуға қатысушылардың жауапкершілігі қағидаттарына негізделеді.

Мәселен, мемлекеттік сатып алу туралы шартпен міндеттемелерін тиісінше орындамаған өнім берушілер үшін айыппұл көзделген.

Сонымен қатар мердігер тапсырыс берушімен келісілмеген қосалқы мердігерді жұмысқа тарттырған жағдайда мемлекеттік сатып алу туралы шартты бұзып, мердігерді мемлекеттік сатып алудың жосықсыз қатысушылардың тізіліміне енгізуге міндетті. Мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушылар тізіліміне енгізілген өнім берушілер, соттың оларды мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушылар деп тану туралы шешімі заңды күшіне енген күннен бастап 24 ай бойы мемлекеттік сатып алуға қатысуға жіберілмейді, - деді ол.

Жоғарыда көрсетілген шаралар мемлекеттік сатып алу шеңберінде орындалатын жұмыстардың уақытылы және сапалы орындалуын қамтамасыз етуге бағытталған.

Өз кезегінде, мемлекеттік сатып алу – бұл тапсырыс берушілердің тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді толықтай немесе ішінара бюджет қаражаты есебінен сатып алуы.

Осы ретте, «Қалбатау – Майқапшағай» автожолын (ұзындығы 415 км) реконструкциялау» жобасы бойынша құрылыс-монтаждау жұмыстары қытайлық «ChinaXinxingCorporation (Group)» мердігерімен іске асырылып жатқанын атап өткен жөн. Қазіргі уақытта аталған жобаны іске асыру барысында туындаған жолқұрылыс материалдарының қымбаттауы, битум тапшылығы, техника мен персонал жетіспеушілігі сияқты мәселелер толығымен шешімін тауып, биыл ауқымды жұмыстар қайта жаңғыртылды. Сонымен қатар, мердігердің бастамасымен жобалық-сметалық құжаттарды түзету рәсімдері өткізілді, - делінген Жамаубаевты ресми жауабында.

Вице-премьердің сөзінше, «Қалбатау – Майқапшағай» автожолын пайдалануға беру мерзімі 2024-2025 жылдарға кезең-кезеңімен жоспарланған.

Бұл ретте, аталған жоба бойынша жұмыс мемлекеттік сатып алу заңнамасымен реттелмейтінін атап өтеміз. Сонымен қатар бүгінгі таңда Шығыс Қазақстан облысы, Тарбағатай ауданы Тұғыл ауылында дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы бойынша тиісті сараптамалық қорытындылар алынды. Шартта көрсетілген мерзімдерге сәйкес, құрылыс жұмыстарының аяқталу мерзімі 2024 жылғы II тоқсанына жоспарланған. Жалпы, шалғай ауылдардың өзекті, жедел мәселелерін шешу мақсатында Заңмен біртекті тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетiн қызметтерді құндық мәндегі жылдық көлемі айлық есептік көрсеткіштің 3000 еселенген мөлшерінен аспаса, аудандық маңызы бар қалалар, ауылдар, кенттер, ауылдық округтер әкімдері аппараттарының осындай біртекті тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетiн қызметтерді бір көзден алу тәсілімен сатып алу мүмкіндігі көзделген, - деп айтты Ерұлан Жамаубаев.

Оның айтуына қарағанда, бүгінгі таңда Мемлекет басшысының «Әділетті Қазақстан: бәріміз және әрқайсымыз үшін. Қазір және әрдайым» сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі Іс-қимыл жоспарын орындау шеңберінде «Мемлекеттік сатып алу туралы» жаңа заң жобасы әзірленді. Заң жобасымен мемлекеттік сатып алу субъектілерінің негізгі ережелері, қағидаттары, құқықтары мен міндеттері көзделген.

Мемлекет басшысының «Мемлекеттік аппараттың қызметін бюрократиядан арылту жөніндегі шаралар туралы» тапсырмасын орындау үшін заң жобасынан Мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қағидаларында қайталанатын ережелер алынып тасталды.

Тәжірибе көрсеткендей, заңда көзделген тікелей және нақты ережелерге байланысты, Қағидаларға қандай да бір түзетулер енгізу мүмкін емес. Бұл елімізде болған әлеуметтік, экономикалық мәселелерді жедел шешуге кері әсер етеді. Атап айтқанда, 2020 жылы пандемия кезінде заңмен сатып алу рәсімдерінің егжей-тегжейлі талаптары көзделгендіктен, мемлекеттік мекемелердің жұмысын қамтамасыз ететін тауарлар мен қызметтерді жедел сатып алу мүмкін болмады. Осыған орай, сатып алу процесін нақтылайтын рәсімдік ережелерді қағидалар деңгейінде реттеу жоспарланып отыр, - дейді ол.

Заңнама талаптарына сәйкес, әзірленген заңға тәуелді актілер ашық нормативтік құқықтық актілердің интернет-порталында орналастырылып, жария талқылау рәсімі өткізіледі.

Бұдан басқа, қоғамдық кеңестердің, кәсіпкерлік мәселелері бойынша кеңестердің және сыбайлас жемқорлыққа қарсы сараптама қорытындысына жолданады.

Осылайша, заңға тәуелді актілерді әзірлеу барысында мүдделі мемлекеттік органдардың, тиісті сараптамалық қорытындылардың және бизнесқауымдастықтың ескертулері ескеріледі. Өз кезегінде, мемлекеттік сатып алу саласындағы шарттадың уақытылы орындалмай, ұзақ сот процестеріне ұласу себептерінің бірі – жосықсыз өнім берушілер. Жосықсыз өнім берушілердің санын азайту мақсатында заң жобасы бұрын сыбайлас жемқорлыққа қатысты қылмыс жасаған әлеуетті өнім берушілерге сатып алуларға қатысуға тыйым салады, - деп айтты Премьер-министрдің орынбасары.

Бұдан басқа, сатып алу рәсімдерін оңтайландыру мақсатында конкурсқа біліктілік талаптарына және конкурстық құжаттама талаптарына сәйкес келетін бір өтінім ұсынылған жағдайда – конкурс өткізілді деп танылады.

Сонымен қатар, сатып алынатын тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыру мақсатында заң жобасымен бағалық емес өлшемшарттарды дамыту, қоғамдық бақылауды енгізу, шағымдарды қараудың жаңа тәртібі, сатып алу рәсімдерін одан әрі автоматтандыру көзделген.

Мемлекеттік сатып алу жүйесіне 2022 жылғы 1 шілдеден бастап рейтингтік-балдық жүйені пайдалана отырып, конкурс түрінде сатып алудың жаңа тәсілі енгізілді.

Бұл тәсіл – жеңімпазды анықтау процесіне конкурстық комиссияның қатысуын болдырмай, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтады. Жеңімпаз мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінің деректері негізінде веб-порталмен автоматты түрде анықталып, сатып алу қорытындылары шағымдануға жатпайды. Бұл сатып алу уақытын айтарлықтай қысқартып, заңсыз қабылдау немесе қабылдамау, сондай-ақ қорытындыларды қайта қарау тәуекелдерін жояды, - деді Жамаубаев.

Бұл ретте, конкурсты өткізу мерзімі 29 күнтізбелік күннен аспайды. Биыл 1 қыркүйегінен бастап құрылыс-монтаждау жұмыстары мен жобалау, тек рейтингтік-балдық жүйе арқылы сатып алынады.

Алдағы уақытта, барлық сатып алуды рейтингтік-балдық жүйе пайдаланылатын конкурсқа барынша көшіру жоспарланып отыр.

Заң жобасында құқық қолдану практикасының нәтижелері бойынша заңнаманы жақсартуға бағытталған өзге де түзетулер көзделген.

Жалпы, заң жобасы сатып алу процесін жеңілдетуге және қысқартуға, бағадан сапаның басымдығы қағидатын қамтамасыз етуге алып келеді.

Өзгелердің жаңалығы