Ринат Зайытов: Жаңа министр келсе, өзіне ыңғайлы өзгерістер жасай береді

4 Қазан 2023, 12:33
2968
Бөлісу:
Ринат Зайытов: Жаңа министр келсе, өзіне ыңғайлы өзгерістер жасай береді
Фото: - Архив

Жаңа министр келсе, өзіне ыңғайлы, болмаса министрліктегі мүдделес қызметкерлерге оңтайлы өзгерістер жасай береді. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Ринат Зайытов айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бүгінгі қоғамның дерті, жүйелі проблемалардың бастауы еліміздегі – мемлекеттік сатып алу бойынша ұйымдастырылған жұмыстар. Оның ішінде, заңнаманың қитұрқы тұстары көп. Иә, ашықтық деп айттық. Барлық мердігерге бірдей мүмкіндік берілді. Дегенмен, бір нысан үшін жылдарға созылған сот процестері таусылар емес, - деді Зайытов.

Депутаттың сөзінше, оның салдарынан елімізде, оның ішінде өңірлердегі шалғай ауылдарда мыңдаған бала мектепке бара алмайды. Ал ауыл халқы ем-домын ала алмайды, спорттық нысандар тұралап, жол жөнделмейді.

Мысалымыз көп, мен білетін Омбы – Майқапшағай тас жолы, Тұғыл ауылындағы 10 жыл бойы салынбай жатқан спорт кешені, Ақсуат ауданындағы жартылай бітпеген су бөгеті, Төрткүл ауылындағы мектеп құрылысы сияқты бітпеген нысандар жетеді. Ел тұрғындарына сіздер жасаған проблеманы түсіндіріп әлекпіз, - деп айтты ол.

Зайытов қыс жақындап қалғанын еске салды.

Қыс мезгілі де келіп қалды, шалғайдағы ауылдардың жолын қар басып, мекемелер жылусыз қалып, халық қиналса оған кім жауапты болмақ? Енді Мемлекет басшысы қайта тапсырма берді. Ал заңның жаңа жобасы әлі Мәжіліске келмеді. Біз тек сұлбасын көрдік. Заңның «сұлбасы» не дейді? Менің түсінгенім бойынша, заң тек «рамочный». Бұл қалай, яғни заңның маңызды тетіктері нормативтік-құқықтық актілер деңгейіне түсірілген, - деп айтты ол.

Депутат Зайытов атап өткендей, барлық мәселе тек Үкімет пен әкімдік арқылы шешіледі. Оған қазіргі жасалған заңның жаңа жобасы негіз бола алмайды. Жаңа министр келсе, өзіне ыңғайлы, болмаса министрліктегі мүдделес қызметкерлерге оңтайлы өзгерістер жасай береді.

Біле білсеңіздер, заңнан биік құжат жоқ. Сондықтан, ел мүддесін қорғайтын заңдарға келгенде – өз еріктеріңізбен қазаншы болуларыңызды тоқтатуды сұраймын. Бізге «рамочный» заң керек емес. Әлі де уақыт бар. Айтарымыз біреу ғана – заң жобасын қайта қарастыру қажет, - деді Ринат Зайытов.

Өзгелердің жаңалығы