Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Рәміздеріміз арқылы дөңгеленген дүниеге біз үшін тыныштық пен түсіністік, ізгілік пен татулықтан асқан қымбат ұғым жоқ екенін жеткізіп келеміз, деп жазды Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында.
Бүгінде мемлекеттік ту, Елтаңба, Әнұран – қиырда жүрген әр қазақ мақтан тұтатын, халқымыздың береке-бірлігін арттыра түсетін бойтұмарға айналды. Рәміздеріміз арқылы дөңгеленген дүниеге біз үшін тыныштық пен түсіністік, ізгілік пен татулықтан асқан қымбат ұғым жоқ екенін жеткізіп келеміз, - деді ол.
Көк байрақ кемесін алысқа бағыттап бара жатқан жас мемлекетіміздің ниет-тiлегiнiң тазалығын көрсетеді. Нұрын шашқан алтын күн өмірді, уақытты, бейбітшілік пен байлықты бейнелейді. Қанатын кеңге жайған қыран құс халқымыздың айбарын, еркiндiк сүйгiш асқақ рухын, жан-дүниесiнiң кеңдiгiн паш етедi.
Елтаңба ортасындағы шаңырақ отанның бастауы отбасы екенін айғақтаса, қанатты пырақтар ғасырлар бойғы жасымас жiгердiң, талмас талаптың, тәуелсiздігін аңсап, бостандыққа ұмтылған құлшыныстың бейнесi. Төрдегі алтын түстес бес бұрышты жұлдыз бен уықтар Ұлық Ұлыстың мұрагері Қазақстанға жол нұсқап тұр.
Айбарлы Әнұран оң қолымыздың алақанын жүрек тұсына қойып шырқағанда елдік жолындағы ерлікті, бабалар аманаты мен Мәңгілік ел болуға белін бекем буған буынның үнін сезіндіретін қастерлі жыр.
Құрметті отандастар, көрген кезде жігерлендіріп, бойымызды ерекше сезімге бөлейтін рәміздерімізді қастерлеу біздің ортақ парызымыз. Лайым халқымыздың айбарын асқақтатып, бойына ұлтжандылық дарытатын нышандар төрімізден түспей, тұғыры биік болсын!