Рамазан айын Алматы мешіттерінде атап өтудің арнайы жобасы бекітілді

30 Наурыз 2022, 16:21
1687
Бөлісу:
Рамазан айын Алматы мешіттерінде атап өтудің арнайы жобасы бекітілді
Фото: автордан

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Алматы қаласының бас имамы Төлеби Оспан Өңірлік коммуникация алаңында өткен брифингте айтты.

Бас имам қала мешіттерінің Рамазан айына дайындығы пысықталғанын айта келе Алматыдағы 57 мешіттің 52-де Тарауих намазы Құран хатыммен оқылатынын жеткізді.

Рамазан – Құран айы. Сол себепті осы айда қала мешіттерінде Құран әліппесі мен намаз үйрету курстары қарқынды жүргізіледі. Алматы орталық мешітінде Рамазан шатыры құрылып, күнделікті 500 адамға ауызашар дастарханы жайылады. Бұдан өзге қала мешіттерінде де осындай бағытта әртүрлі деңгейде ауызашар дастарханы жайылады. Осындай сауапты іске араласқысы келетін жандар мешіттегі ауызашар беруге жауапты адамдарға хабарласа алады,-деді ол.

Сонымен қатар ол Оразаның алғашқы күні қасиетті айдың келгенін сүйіншілеу мақсатында «Хош келдің Рамазан айы» айдарымен қала көшелерінде 100 мыңға жуық су мен құрма таратылатынын айтты. Оған имамдар бастаған жастар жамағаты мен блогерлер жұмылдырылады. Сонымен қатар «Жақыныңа сыйлық сыйла» және «Жарапазан»  эстафеталары ұйымдастырылады.

Ақпараттық насихат жұмыстары бойынша Оразаның алғашқы күні Жұма намазынан кейін қала мешіттерінде «Оразаға қатысты сауалдарға жауап беру» алаңы деген атпен жамағаттың діни сұрақтарына жауап беру шарасы өткізіледі. Алматы өкілдігі «Оразаға қатысты 200 сұрақ» атты кітапшаны дайындап, оқырманға ұсынып отыр. Ол қазақ тілінде 10 мың дана, орыс тілінде 5 мың данамен  басып шығарылған және ол мешіттерге таратылады,-деді Төлеби Оспан.
 

Өзгелердің жаңалығы