"Сириядан кейін көп адамның көзі ашылды" – дінтанушы радикализм қаупі туралы айтты

Дінтанушы Кеңшілік Тышқан радикалды идеологияның астарында не жатқанын айтып, қоғам үшін әлі де сақталып отырған қауіпке тоқталды.

Бүгiн 2026, 16:17
АВТОР
 BAQ.KZ коллажы Бүгiн 2026, 16:17
Бүгiн 2026, 16:17
137
Фото: BAQ.KZ коллажы

Соңғы жылдары қоғамда діни радикализм мәселесіне деген көзқарас айтарлықтай өзгерді. Әсіресе Сириядағы жағдай, “Жусан” операциясы және елге оралған азаматтардың тағдыры көп адамға ой салды. Бұл туралы дінтанушы Кеңшілік Тышқан BAQ.KZ тілшісіне берген сұхбатында айтты.

Маманның сөзінше, бір кездері “жиһад”, “қасиетті соғыс”, “нағыз мұсылман мемлекеті” деген ұрандарға еріп кеткен азаматтардың көбі кейін шындықтың мүлде басқа екенін көрген.

Қазір көптеген азаматтың көзі ашылды деп ойлаймын. Өйткені Сириядағы жағдайдан кейін адамдар әртүрлі идеологиялық қармақтың артында не тұрғанын түсінді. “Пәлен жерде алтын бар” деген секілді әдемі сөздермен шақырғандардың айтқаны мен шындығы екі бөлек болып шықты. Барған азаматтардың көбі ол жерде өздеріне түсіндіргендей “мұсылман мемлекеті” де, “әділ соғыс” та жоқ екенін көрді, - дейді дінтанушы.

Кеңшілік Тышқан радикалды идеологияның түп-тамыры діни көзқарастан бөлек, мемлекетке деген қарсылықпен де байланысты екенін айтады. Оның сөзінше, кейбір ағымдар зайырлы мемлекетті мойындамайды.

Ондай топтар арасында “шайтан мемлекет” деген сияқты түсініктер бар. Мемлекеттің зайырлы қағидаларын қабылдамайтын адамдар кездеседі. Сондықтан мұндай идеологияның қоғамға қауіп төндірмейді деп айту қиын, – дейді ол.

Дінтанушының айтуынша, қазір бұл бағытта мемлекет тарапынан жұмыстар жалғасып жатыр. Теологтар, дін істері басқармалары және арнайы мамандар радикалды көзқарастағы азаматтармен түсіндіру жұмыстарын жүргізуде.

Түзеу мекемелерінде де, өңірлерде де оңалту жұмыстары жүріп жатыр.

Бірақ “бәрі толық түзелді, қауіп жоқ” деп айтуға әлі ерте. Қандай да бір сыртқы ықпал немесе шетелдік террористік ұйымдардың байланысы қайта күшейсе, мұндай идеялар қайта бас көтеруі мүмкін, – дейді маман.

Ол қоғамдағы тыныштыққа тым бейқам қарауға болмайтынын айтты.

Мен үнемі бір нәрсені айтамын: “діни ахуал тыныш” деген сөз – ол мәңгі тыныштық болады дегенді білдірмейді. Мұндай мәселелер кейде күтпеген жерден шығып жатады. Сондықтан радикализм, экстремизм және терроризммен күрес тоқтамауы керек, – деп қорытындылады ол.

Еске сала кетейік, Мәжіліс депутаты Қазыбек Иса радикалды діни ағымдарға заңмен тыйым салуды талап етті.

 
 
 
 
 
Посмотреть эту публикацию в Instagram
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 

Публикация от BAQ.KZ ақпарат агенттігі (@baq.kaz)

Наверх