Әр мектеп осындай балаларды қабылдаса деп армандайтынмын – мектеп директоры

26 Қараша 2019, 14:55
7714
Бөлісу:
Әр мектеп осындай балаларды қабылдаса деп армандайтынмын – мектеп директоры

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Қазақстан бойынша алғашқы инклюзивті білім беру cыныптарын 65 мектеп-лицейі ашқан.

Білім ордасы 2012 жылы тұңғыш рет сал ауруына шалдыққан 12 баланы сыныпқа қабылдаған. Еліміздің түкпір-түкпірінен келген ерекше қажеттіліктері бар балалар өзге оқушылармен бірге мектепке барып сабақ оқу бақытына ие болды. Бұл туралы "Дара" қорының Назарбаев Университетімен бірлесе отырып өткізген бүгінгі басқосуда айтылды. 

Елордадағы ерекше қажеттіліктері бар балалар оқи алатын бірінші мектеп жөнінде Нұр-Сұлтан қаласының №83 мектеп-гимназиясының директоры Сәуле Теменова айтып берді.

Қазақстан бойынша алғашқы инклюзивті білім беру cыныптарын ашқан 65 мектеп-лицейі болды. 2012 жылы тұңғыш рет сал ауруына шалдыққан 12 баланы мектепке қабылдадық. Сол кезде балалардың саны, сенесіздер ме, екі жылдың ішінде 97-ге жетіп қалды. Елордадағы ерекше қажеттіліктері бар балалар оқи алатын бірінші мектеп болғаны және жалғыз, дара болғаны байқалып қалды. Бүкіл Елімізде жылап жүріп балаларын емдеткен ата-аналар сол №65 мектептің жанынан жалдамалы пәтерде тұрып балаларын оқытты. Еліміздің түкпір-түкпірінен келіп оқыды. Талдықорған, Шымкент, Тараз, Жамбылдан, Алматыдан арнайы көшіп келгендер болды. Жан-жақтан жиналды. Сол балаларға қарап, қатты уайымдайтын едім. Себебі оларды инватаксилер мектепке алып келетін еді. Сол көлікке 7 инваколяска кіретұғын. Ол балаларды Астананың әр шетінен тасып жүреді. Онсызда денсаулықтары әлсіз балалар таңғы сағат 5:00-де тұратын. Сонда сағат жеті жарымда балаларды мектептің алдында тұрып қабылдап тұрамын, - дейді мектеп директоры Сәуле Теменова.

Спикердің айтуынша, сол балалар мектепке бәрінен бірінші болып келеді екен. 

Жүздеріне қарасаңыз қуаныштан бұл-бұл жайнайды. Өздері мәз болады. Сол сәтте мен таңғалып, дені сау басқа балаларға қарап "Алла тағаланың сендерге қандай мүмкіншілік бергенің бағалаңдар" деп айтамын. Әр мектеп осындай балаларды қабылдаса, осы 97 баланы 75 мектепке бөлсе деп армандайтынмын. Сосын 2018 жылы жаңадан ашылған №80 мектепке директор болып ауысқаннан кейін сол балаларды шақырдым. Сөйтіп, төрт баланы өзіме қабылдап алдым, – деп еске алады Сәуле Ермұханқызы.

Сәуле Ермұханқызы неліктен тек ДЦП-ға шалдыққан балаларды қабылдаймыз деп біраз ойланған. Сөйтіп, өзі басқарып отырған мектепке аутизмммен ауыратын оқушы балаларды қабылдай бастапты. Қормен бірлесе отырып арнайы ресурстық кабинеттер ашқан.

Келесі жылы балалардың саны да арта түсті. Коррекциялық сыныптарға нашар көретін, естімейтін оқушыларды алдық. Осылайша тәжірибе жинап, инклюзивті білім беруді меңгере бастадық, - деп түйіндеді өз сөзін мектеп басшысы.

Бұл орайда, ҚР Білім және ғылым министрлігінің Коррекциялық педагогика ұлттық ғылыми-практикалық орталығының директоры Ғалия Абаева да бірқатар мәселелерге тоқталды. 

Ең алғашқы рет инклюзив түсінігі елімізде 2002 жылы пайда болды. Бұл мүмкіншілігі шектеулі балаларға көмектесу бойынша әзірленген заңның қабылдануына байланысты болды. Тиісінше ерекше қажеттіліктері бар балаларға білім беруді жетілдіру қолға алынды. Олар психологиялық тексерістен өтіп, әрі қарай коррекциялық түзету кабинеттеріне жолдама алды. Балалар арнаулы мектепте немесе жалпы білім беретін мекемелерде оқи алатын болды. Мемлекеттің инклюзиялық саясатын арттыру және қоғамның инклюзиялық адамдармен қарым-қатынас мәдениетін қалыптастыру қажет деген ой-пікірлермен толықтай келісемін. Инклюзивті саясат тек нормативтік-құқықтық актілермен шектелмейді, - дейді Ұлттық орталықтың директоры Ғалия Абаева.

Айта кетейік, "Дара" қорының бастамасымен соңғы жылдары елімізде 30 ресурстық кабинеттер ашылған екен. Бүгінгі жиынға қатысқандардың айтуынша, мектептегі инклюзивті мәденитетті қалыптастыру керек. Бұл жылдармен келетін дүние. Ерекше балалар өзге құрбы-құрдастарымен бірге араласа отырып, олар басқа қырынан шығармашылқ тұрғыдан да дамып, қоғамдық өмірге бейімделуі керек.


Өзгелердің жаңалығы