Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бұл туралы ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова өзінің Facebook-тегі парақшасында жазды.
Бекзат өнердің майталмандары! Сіздерді бүгінгі қазақ киносы күнімен шын жүректен құттықтаймын, - деп жазды министр.
Тарихтың тарам-тарам жолдарын таспаға басып, болашаққа бояуы қанық өнеге қалдырып келе жатқан, заманның заңғары мен өмірдің заңдарын жанды бейнеге айналдырып жүрген кино күні еліміз бойынша 2005 жылдан бастап Қазақстан кинематографистері одағының басшысы Бауыржан Нөгербековтің бекітуімен дəл осы күні атап өтіледі.
Жүз жылға жуық тарихы бар қазақ кинематографиясы алғашқы туынды «Амангелдіден» бері бүгінге дейін талай ұлт бейнесін, қазақ тағдырын, бүгіні мен ертеңін суреттейтін тақырыбы жағынан əр алуан фильмдерді көрерменге ұсынып келеді. Еліміз Егемендігін алғалы кино саласы да көш түзеп, сапасы мен санын арттырды. Қазір жыл сайын бабалар даналығын дәріптеген, аталар аманатын арқалаған тарихи туындылар, көрерменнің делебесін қоздырар тартысқа толы шым-шытырық фильмдер мен бүгінгі кино талабына жауап бере алатын талғам үдесінен шығатын мазмұнды картиналарымыз алыс-жақын шет елдердегі байқауларда еленіп, марапатқа ие болып жатыр, - деді Ақтоты Райымқұлова.
Осылайша, талғампаз режиссер, сегіз қырлы бір сырлы актерден бастап түсірілім алаңында еңбек етіп жүрген əр маман мәдени мұрамызды байытуға қызмет етіп жүр.
Мәдениет министрі ерекше сəтті пайдалана отырып, сала мамандарына зор денсаулық, қажымас қайрат, шығармашылық шабыт, толайым табыс, қазақ киносы биік белестерді бағындыра беруін тілейтінін айтты.