Қызылшадан қорғанудың басты әдісі – вакцинация

18 Қазан 2023, 06:40
644
Бөлісу:
Қызылшадан қорғанудың басты әдісі – вакцинация
Фото: Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты

Күз-қыс мезгілінде қызылша ауруы артып келеді. Елордалық эпидемиологтар астаналықтарға аурудың алдын алудың ең тиімді әдісі иммундау екенін еске салады, деп хабарлайды BAQ.KZ Астана әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Астана қаласының санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Сархат Бейсенова Астана қаласының коммуникациялар қызметінде өткен брифингте қызылшаның эпидемиологиялық жағдайы және аурудың алдын алу әдістері туралы айтып берді.

Елордалық эпидемиологтар жұқпалы аурулардың, оның ішінде қызылшаның таралуын болдырмау үшін тұрақты негізде алдын алу шараларын жүргізеді.

Мұндай аурулардан қорғанудың ең жақсы әдістерінің бірі – дәлелденген профилактикалық шараларды сақтауды жалғастыру және халықты вакцинациямен қамту.

Осыған байланысты, вакцинацияның маңыздылығын тағы да еске саламыз. Біз вакцинацияланған балалар мен ересектер де ауырып қалуы мүмкін екенін жоққа шығармаймыз, бұл ретте ауру асқынусыз және жеңіл түрде өтеді, - деп атап өтті Сархат Бейсенова.

Аурудың алдын алу әрдайым жақсы әрі оңай. Осыған байланысты, вакцинация балалар мен ересектерді инфекцияның ауыр зардаптарынан қорғаудың өте тиімді және қауіпсіз әдісі болып саналады.

Өзгелердің жаңалығы