Мектеп бітіргеніне 17 жыл өткен қызылордалық жетім мемлекеттік тұрғын үй қорынан баспана алуға құқығы барын енді білді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілші.
Қызылорда облысының тұрғыны, А.Макаренко атындағы балалар үйінің (1996-2008 жж.) тәрбиеленушісі қиын өмірлік жағдайда қалған. Интернаттан шыққан соң ол ұзақ уақыт алыс туыстарымен саяжайда тұрған. 2016 жылы тұрмысқа шығып, ұл бала дүниеге әкелген. Кейін баласы денсаулығына байланысты ІІІ топтағы мүгедектігі бар деп танылған.
Ажырасқаннан кейін әйел бұрынғы күйеуінің көмегінсіз, баласын жалғыз өзі тәрбиелеп жатыр. Балалар үйінің түлегі ретінде мемлекеттік тұрғын үй қорынан баспана алу құқығы барын ол білмеген. Ал тұрғын үй инспекциясы оны кезекке қоюдан бас тартқан.
Осыған байланысты ол сотқа жүгініп, өз құқығын қорғады. Бірінші сатыдағы сот уәкілетті органдардың әрекетсіздігін анықтап, әйелді “жетім балалар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар” санаты бойынша уақытылы кезекке қоймағанын растады, - делінген Жоғарғы соттың хабарламасында.
Әйел халықтың әлеуметтік осал топтарына жатады және мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үймен қамтамасыз етілуге құқығы бар.
Сот шешімімен әйелдің 2008 жылдың 20 маусымынан бастап (мектеп бітірген күні) тұрғын үй кітабына тіркелу құқығы мойындалды. Қызылорда қаласының әкімі мен қалалық тұрғын үй инспекциясына оны тиісті тәртіппен кезекке қою тапсырылды.
Сот шешімі заңды күшіне енді.