Қызылорда, BAQ.KZ тілшісі. Бүгінде 1986 жылғы желтоқсандағы зұлмат оқиғаның өткеніне 33 жыл болыпты. Тарих үшін қас-қағым сәт десек те, сол ызғарлы күндер қозғалысқа қатысқан куәгерлердің және қазақ халқының есінен еш кетпейді. Осы оқиғаны көзімен көріп, басы-қасында болған қызылордалық желтоқсаншылар да қыстың қаһарлы аязын ұмытпайды. Бүгін солардың бірқатарымен әңгімелесіп, өткен күннің өнегесі мен бейбіт күннің бағасы жайлы сұрадық.
Желтоқсан оқиғасына куәгерлерінің бірі – қызылордалық Ақбөпе Асқарқызы. 1986 жылдың ызғарлы қысы оның санасында өшпестей із қалдырған. Ол уақытта Ақбөпе 19 жаста, Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтының екінші курс студенті болатын.
Қазір айтуға оңай, сол жылғы желтоқсан айындағы дүрбелең көз алдымыздан кетпейді, кейде ойға алсақ, денеміз түршігеді. Пленумдағы сайлауды естігеннен кейін есеңгіреп қалдық. Айналамдағы намысшыл қыз-жігіттер "өз елімізді өз азаматымыз басқару керек емес пе", "Колбин деген кім?" деп айтып жатты. Сосын топ-топ болып алаңға шыққан едік. Өз басым замандастарымның – жастардың жалынымен, асқақ рухымен қуаттандым. Мұздай темір құрсанған қызыл жендеттердің алдындағы қорқынышымызды оянған ұлттық мүддеміз, маздаған намыс отымыз басып тастады десек, артық айтпаймыз. Жастық жігеріміз де бар, – дейді Ақбөпе.
Оның айтуынша, бейбіт шеруге шыққанында, алғашқы күні оларға мұздай су шашып, үстерін малмандай су еткен.
Күннің ызғары соншалық, орталық алаң әп сәтте мұз алаңына айналды. Суықтан жаурап, денеміз қалшылдап, аяғымыз мұзға тайды. Киіміміз де мұз қата бастады. Бірақ бұл жастарды жасытқан жоқ. Біз алаңнан кетуді ойламадық. Қазақтың қайтпас қайсар мінезіне қаныққан соң, олар күш қолдануға көшті, – деп еске алады желтоқсаншы.
Ақбөпе Асқарқызы қазіргі таңда Қармақшы ауданында Ү.К.Томанов атындағы №183 орта мектепте мұғалім болып жұмыс істейді. Тарихи оқиғаның куәгері балаларға тәуелсіздіктің қадірін білуге, отансүйгіштікке тәрбиелеуде.
Меніңше, баланы жастайынан туған жерін, отбасын, елін, Отанын сүюге, ата-бабасының рухани мұрасымен сусындауға үйретсе, ол текті, тәрбиелі болып өседі. Мұндай бала өскенде елге қызмет етеді. Сондықтан қай жерде болмасын бірінші тәрбиеге көңіл бөлсе деймін. Себебі, бала білімді өз бетінше кітаптан оқып-ақ үйрене алады. Ал тәрбиені өздігінен ала алмайды. Оған өнеге мен үлгі көрсету керек. Мен шәкірттеріме жастық ғұмыры Желтоқсан құрбанына айналған қатарластарымның үлкен жүрегінен үлгі алуға шақырамын, бірақ қыршын әрі тауқыметті тағдырын тілемеймін, – дейді Ақбөпе.
Сондай-ақ, ол аласапыран заманда ажал құшқан құрбы-құрдастарын еске алып, Құран бағыштап тұратынын жеткізді. Бұдан бөлек, оларға тағзым ету мақсатында, Қармақшы ауданы көлемінде жыл сайын ел азаматтарының араласуымен шағын футболдан турнир өткізіліп, ас беріледі екен.
Тағы бір қармақшылық қыз Алмагүл Жансейітова да 1986 жылы Алматыда білім алып жүрген еді. Оның айтуынша, бір күні жаңа жыл келетін уақыт жақындағанда көшелерде айқай-ұйқай көбейіп, жастардың арлы-берлі жүргені мен жүгіргені елең еткізген.
Сабақтан шығып келе жатқанмын, көшеде біреулер "Қазақсыңдар ма, бізге қосылыңдар, келіңдер" деген сөздермен көшені бойлап кетіп барады. Ештеңеге түсінбеген біздер жатақханаға келіп, дереу теледидар қостық. "Бүгін Қазақстан компартиясы орталық комитетінің бірінші хатшысы Д.Қонаевтың орнына В.Колбин тағайындалды. Қазір осыған наразы топ алаңға жиналуда. Бұл – нағыз бұзақылардың ісі" деген хабар таратылып жатты. Ертеңгі күн бізде семинар сабақ бар. Кітапханаға бару керек. Тамақтанып алып, құрбым екеуміз аялдамаға келдік. Автобусты көп күттік. Болмаған соң, алға қарай жылжып, келесі көшеден трамвайға отырып, кітапханаға жеттік. Бірақ, орталық алаңда халық толы. Дені жастар. Кітапханадағы жұмысымыз бітіп қайтуға бет алдық. Сыртқа шықсақ, манағы халық тіптен көбейген. Не болып жатқаны түсініксіз. Көруге бел буып, алаңға қарай жүргеніміз сол еді айқау-шу, төбелес, ұрып-соғуды көргенде не істерімізді білмей абдырап қалдық. Содан милиция формасын киген ересектеуі бізді шақырып: "Қыздар, бұл жерден кетіңдер, ертең өздеріңе қиын болады. Оқудан шығарып жібереміз", – деді. Сол жерге бір топ әскери киімді сарбаздар жиналып, қоршауға алды. Біз жылжып шығып, кейін қайтты», – дейді желтоқсаншы.
Алмагүл құрбы қыздарымен жатақханаға келсе, барлық оқытушы кезекшілік жасап, іште отыр екен. Ешкімді шығармайды. Ал, 1-2 курста оқитын қыздар бөлмелерінде жоқ. Көп ұзамай оларды "алаңда жүр" деген хабар келді.
Күн суық. Жерде қалың қар. Желтоқсан оқиғасына қатысқан жастар бірінен соң бірі түрмеге қамалды, "пәленше ауыр соққыдан өліп кетті" дегенді де естіп жатырмыз. Өз елінің тәуелсіздігін талап етіп, шеруге шыққан жастарға "бұзақы", "ұлтшыл" деген кінә тағылды. Сол кездегі үкімет басшыларының бұйрығымен күш көрсетілді. Қазақ жастарының наразылығы "Қазақ елінің өз көсемі сайлансын" деген талап еді, – дейді Алмагүл Жансейітова.
Оның пікірінше, желтоқсан оқиғасын ойға алғанда селт етпейтін жүрек жоқ. Себебі, желтоқсан – күллі Кеңестік кеңістіктегі айтулы өзгерістердің бастауы, қазақтың қайта оянған ұлттық рухы. Сонымен бірге, бұл – өршіл намыс пен мұқалмас жігердің Қайрат, Ербол, Ләззат, Сабира сынды жүздеген, мыңдаған жастар бейнесінде лапылдап жанған мұздағы алауы.
Бүгінде Шиелі ауданында тұратын Ақтай Рыспамбет те сол жылы Алматыда болатын. Дәлірек айтсақ, Қазақ мемлекеттік педагогикалық институтының көркемсурет-графика факультетінің екінші курсында оқитын.
Алматыда Шиелінің жігіттері ол кезде де аз емес еді. Бірі оқып жүр, енді жұмыс істейді дегендей. Ел билігіндегі өзгерісті ести сала, 17 тамызда отызға жуық шиелілік жігіттер болып, басқа қа қатарластарымызбен бірге алаңға қарай бағыт алдық. Түнгі сағат үш-төртке шейін алаңда жүрдік. Тоңғасын "жылынайық" деп от жағып та отырдық. Ертесі күні көбімізді полицейлерге ұсталдық. Полиция бөлімшесінде 2 күн тергеудің астына алды. Ақыр соңында қолхат жаздырды да босатып жіберді. "Екінші гәрі алаңда көрмейтін болайық, тағы қолымызға түссеңдер түрмеге жабамыз" деп ескертті. "Уһ" темір тордан құтылдық па" дегенде коммунистік партияның қатарынан қуды. Сәл кейінірек оқудан да шығарып жіберді. "Мықты маман атанамын" деген арманым күл-талқан болды. Сол себепті, мұндай сынақтар "оңай тиді" деп айта алмаймын. Бірақ, айтарлықтай өкініш болған жоқ. Өйткені, көпшіліктің арасында жүріп қашып-пыспай, жігерлі, рухты замандастарымның жанынан табылғаныма, биліктен елге басшы болар қазақ азаматын әкелуді, сондай-ақ азаттық беруді талап еткеніме шүкірлік етемін, – дейді желтоқсаншы.
Ақтай Рыспамбет оқудан шығып туған жеріне оралған соң суретші-безендіруші болып жұмыс істейді. Бірер жыл өткеннен кейін оқуын сырттай бөлімде жалғастырады. Қазір Шиелідегі мектептердің бірінде білікті ұстаз, директордың орынбасары, 30 жылда қаншама шәкірт тәрбиеледі. Еңбегі еленіп, "білім беру ісінің үздігі" атанған. Сонымен қатар, Ақтайдың ұлттық аспаптар жасайтын өнері бар. Қолынан шыққан туындылары сапалы, музыканттардың талап-талғамына сай келеді. Қазір оған республиканың түкпір-түкпірінен саз аспаптарын жасауға тапсырыс көп берілуде.
Ал қазалылық желтоқсаншы Асанжан Ешнияз 1986 жылы 21 жаста, В.Ленин атындағы Қазақ политехникалық институтының үшінші курс студенті болатын. Желтоқсан оқиғасында көз көріп, құлақ естіген сәттердің бәрі оның есінде тайға таңба басқандай сақталыпты.
Менің білім алатын институт орталық алаңға жақын орналасқан. 16 желтоқсан күні алаңға бет алған және сонда жиналып жатқан қатарластарымды көргенде, "жаңа жыл мерекесіне дайындық жүргізіп жатыр" деп жорамалдаған едім. Сөйтсем, солай емес екен. Сабақ бітісімен оқытушылар бәрімізді жатақханаға жеткізіп салды да, сыртқа шығармай қойды. "Неге" деп сұрағанымызда олар "орталық алаңда "арақ ішіп, наша шеккен бұзақылар" тәртіп бұзып жатыр деді. Бірақ кешкісін республика басшысы Дінмұхамед Қонаевты орнынан алып тастағанын білдік. Орнына бұрын-соңды бізге беймәлім біреу келіпті. Мұны естіген соң қанымыз тулады, қарап отырамыз ба, дәретхананың терезесінен қашып шықтық, – дейді ол.
Асанжандар орталық алаңға барғанда онда студенттер толып жүр екен. Олар "Қазақ жерін қазақ басқарсын" деп ұрандатыпты.
Кеңестік әскер жастарды аяусыз ұрып-соғып, негізсіз айыптар тақты. Шетінен ұстап алып, көліктеріне тиеп, тауға апарып, адам құрлы көрмей төмен қарай құлдилата төге берді, төге берді. Қиын күндерде кейбір достарымыз бен таныстарымыздың қасымнан табылмағанына қынжылыс білдіремін. Айтпағым мынау еді. 18 желтоқсанда сабақ үстінде мені милиционерлер кісендеп алып кетті. "Билікке қарсы шықтың, адам өлтірдің" деген кінә тақты. Уақытқа қамаққа жауып, 5 күн бойы тергеді. Өздері бұдан шығарып, үй қамаққа алды. 1986 жылдың желтоқсанынан келесі жылдың маусымына дейін күдіктілер тізімінде тұрдым. Сотталып кетуім де мүмкін еді. Алайда, жанымдағы Серік Қонысбаев деген группаласым және тағы басқа жанашыр жігіттер араласып, аман алып қалды. Сол кездері менімен сыйласып жүрген адамдардың барлығы дерлік сырт айналды. Асханаға кірсем, сәлем жоқ, сауқат жоқ орындарынан тұрып кетеді. Ал жатақханада болсам, көрмегендей кейіп танытады. Осы жағдай менің жаныма қатты батты, – дейді Асанжан Ешнияз.
Оның пайымдауынша, елдің тәуелсіздігі, өз алдына егемен мемлекет болғаны – Тәңір сыйы, азаттықты тілеген ата-бабаларымыздың, желтоқсаншылардың көз жасы, төгілген қаны. Ол – күллі дүниенің байлығына тең келмейтін баға жетпес бақыт.
Қазалы ауданында тұратын тағы бір желтоқсаншы Сәлима Шамшаева өзінің 1986 жылғы тарихи қозғалысқа қатысқандар енгізілген архивтегі тізімде жоқ екенін айтады.
Бірақ мен 16 желтоқсан күні сағат 19:00 шамасында плакатқа “Колбин кетсін!”, “Қазақ жеріне қазақ билік етсін!” деген сарында жазу жаздым. Қасымда достарым болды. Сосын алаңда таңға шейін жүрдім. Жанымда құрылысшы жігіттер болды. Бастапқыдан өз ойымызды айтып, шағымымызды жеткіздік. "Бәрі тыныш, бейбіт түрде өтеді" деп ойлағанбыз. Содан соң көптеген көлік келді де ыстық су шаша бастады. Әскерлер өз еліміздің азаматтары емес сияқты, сырттан әкелген секілді. Көбісі өзге ұлттың өкілдері. Милиция жасағының арасынан бір солдат қазақшалап дауыстап сөйледі. "Жас емессіңдер ме, үйлеріңе қайтыңдаршы! Бізге бұйрық берсе, амалсыз орындаймыз, ұрамыз, су шашамыз. Сендерді аяп тұрмын" деді жанашырлықпен. Алайда, оған біз жақтан мән берген ешкім болмады, – дейді ол.
Сәлима сол жылы 18 жаста еді. Жоғары оқу орнына түсе алмағасын Алматыдағы балабақшаның бірінде бала күтушісі болып жұмысқа орналасқан.
Таң атқасын жұмысыма кеттім. Ал жанымда бірге тұратын қыздар қайтпады. Келесі күні олар қатты ауырып, жатып қалды. Суық тигені өз алдына қыздарды әскерлер дубинкамен көк ала торғайдай сабаған. Артынша біразын оқудан да, жұмыстан да қуды. Комсомол мүшелігі қатарынан шығарылды. Тергелді, қамалғандары да болды. Мұның бәрі тарихи естелік, дерек. Кейінгі жастар білуі тиіс. Біз мақтаныш үшін айтпаймыз, "бейбітшіліктің қадірін түсінсе екен" деп айтамыз, – дейді Сәлима Шамшаева.
Ал Тереңөзек кентінің тұрғыны Қалмахан Әлшеров болса, Қазақ Ауыл шаруашылығы институтына сырттай оқитын. Оң-солын таныған отыздағы жігіт 1986 жылы желтоқсанда ауылдастарымен қысқы сессияға барған еді.
Барлығымыз институттың Абай даңғылының бойындағы бас ғимаратына баратынбыз. 16 желтоқсанда шамамен азанғы сағат 10-дарда сабағымызға бара жатыр едік, шерушілерге тап болдық. Қарасы қалың. Шет-шегі жоқтай көрінді маған сол кезде. "Менің елім" деп әндетіп келеді. Қыздар белсендірек. "Бұл неғылған шеру" дегендей, бағдарлап қарап тұрмыз. Қалың топтың арасынан бір қыз біздің назарымызды аудартты да "Елге басшы болып басқа ұлт өкілі келіп жатыр, ал сонда "әр республиканы өз азаматы, өз ұлтының өкілі басқарсын" деген қағида қайда қалады. Біз соған наразымыз. Жігіттер, намыстарың бар ма? Қатарымызға қосылыңдар!" деді дауыстап. Сол сәтте біз намыстанып шерушілерге қосылып кеттік. Ертеңіне де сабақтан шығып, алаңға жиналдық, – дейді Қалмахан Әлшеров.
Оның айтуынша, осынау ауыр уақытты еске алу қиын.
Бір білерім, қасиетті жеріміздің тыныштығы, қасиетті халқымыздың амандығын әрдайым тілеу керек және сол жолда еңбек етуіміз тиіс. Жерің, елің болмаса, әркімге бір жалтақтап, тентіреп кетеміз. Барлық бақыттан да, байлықтан да айырыламыз. Сондықтан бүгінгі күніміздің бағасын жан жүрегімізбен сезініп, тәуелсіздікті баянды етуге жұмыс істеуіміз қажет. Ол үшін ең алдымен бірлігіміз берік болсын, – дейді Қалмахан.