Шенеунік "банк шоттарын бұғаттан босатамын" деп кәсіпкерден 10 млн теңге алған

21 Тамыз 2020, 18:15
1764
Бөлісу:
Шенеунік "банк шоттарын бұғаттан босатамын" деп кәсіпкерден 10 млн теңге алған

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі 1-департаментінің аса маңызды істер жөніндегі тергеушісі Данияр Бигайдаров мәлімдеді. 

Алматы қаласы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет жемқорлық қылмыс жасау күдігі бойынша Қызылорда облысы бойынша экономикалық тергеу департаменті басшысының орынбасары мен оның сенімді тұлғасын әшкереледі. Олар бір топ адаммен алдын ала сөз байласып алдау арқылы Алматы қаласы кәсіпкерінің 10 млн теңге қаражатын банк шоттарын бұғаттан босату сылтауымен алып кеткен, - деді ол. 

Сондай-ақ, Бигайдаров «Ақтөбе облысының құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы» бұрынғы басшысына қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатқанын айтты. 

Ол «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы бойынша Мұғалжар ауданында мектеп құрылысына бөлінген мердігер ұйым басшысымен алдын ала келісу арқылы 60 млн теңге жымқырды деген күдікке ілінді, - деді ол. 

Қарағандыда да жемқорлық дерегі тіркелген. 

Қарағанды облысы бойынша «Сәтбаев қалалық қазынашылық басқармасы» РММ басшысына қатысты мемлекеттік мекеменің үй-жайын жөндеу жөніндегі мемлекеттік сатып алу туралы шарт бойынша орындалған жұмыстарды қабылдауға көмек көрсеткені үшін құрылыс компаниясының өкілінен 400 мың теңге сомасында пара алу фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізуде. Тергеу жалғасуда, өзге мән-жайлар тергеу мүддесіне сай жария етілмейді, - деді ол.
Бұған дейін Бигайдаров қандай министрлікте жемқорлық саны артқанын айтқан еді.
Өзгелердің жаңалығы