Әлеуметтік желілерде халыққа үндеу жасаған кәсіпкердің мүрдесі табылды деген ақпаратқа қатысты Қызылорда облыстық полиция департаменті жауап берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Аталған жарияланым жалған ақпарат екендігін және шындыққа жанаспайтынын хабарлаймыз. Бұл оқиға 2022 жылдың 3 желтоқсан күні Қызылорда қаласында мұз астынан ер азаматтың мәйіті табылып, жеке басы анықталған болатын.
Ал, бірінші жарияланған бейнежазбадағы ер азамат ҚР ҚК-нің 189- бабының 4-бөлігімен күдікті деп танылып, 22 қараша 2022 жылы соттың қаулысымен 2 ай мерзімге күзетпен ұстау бұлтартпау шарасы қолданылған. Қазіргі уақытта денсаулық жағдайы жақсы. Бейнежазбадағы азаматпен анықталған мәйіттің бірі біріне қатысы жоқ.
Сонымен қатар, жалған ақпарат таратқаны үшін Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 274 бабына сәйкес қылмыстық жауапкершілікке тартылатындығын хабарлаймыз,-деп жазылған хабарламада.