Қызылордалық кәсіпкер мәрмәр тастан раковина жасап шығарады

9 Наурыз 2023, 21:25
1493
Бөлісу:
Қызылордалық кәсіпкер мәрмәр тастан раковина жасап шығарады

Қызылордада раковина шығарылады. Өңірде өте сирек кездесетін кәсіпті жергілікті кәсіпкер Бауыржан Қамзаев былтыр желтоқсанда ғана бастаған, деп хабарлайды Қызылорда облысында BAQ.kz тілшісі. 

Инновациялық жоба «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының қолдауына «ә» дегеннен ие болыпты. 

Палата мамандары тегін бизнес-жоспар жасап берді. 4,5 миллион теңгеден астам қайтарымсыз грант бұйырып, оған құрал-жабдық сатып алдым. Қазір қаланың шет аймағындағы бір үйдің ауласында жұмыс істеп жатырмыз. Арендалық орын тар болса да тәуекел еттім. Өйткені арзан жер таппайсың. Бизнесім аяққа нық тұрғанша осылай амалдауға тура келеді, - дейді кәсіпкер. 

Бұл – кейіпкеріміздің бизнес жолындағы қанатқақты жобасы, алғашқы баспалдағы. Оған мотивация берген мектеп бітіргелі отырған қызы екен. «Оқуға түссе, көп ақша керек болады» деп өз-өзін қамшылапты. Балдызы Шымкентте раковина өндірісінде еңбек етсе керек. Екі айын сонда өткізіп, кәсіптің қыр-сырына қанығады. 

Базарда не көп, темір раковина көп. Бауыржан жаттандылықтан қашып, қолжуғышты жасанды мәрмәрдан құюды құп көріпті. Құрал-жабдықты Ресейден алдырғанмен шикізат – Арал ауданындағы Шөміштің құмы. Бұйымның сапасына біржылдық кепілдік беріледі. Ал бағасы базардағыдан біршама есе арзан – 20-30 мың аралығында. Кейіпкеріміз алғашқыда кәсібіне күмәнмен қарағандар болғанын жасырмайды. Бірақ сатып алып, сапасына көз жеткізгеннен кейін ол ойынан айныған. Өнімді сатып алуға ынталылар қатары күн өткен сайын артып келеді. Қаладағы «Рамазан» сантехника дүкені алғашқы клиенттердің қатарында. 

Бауыржан – он саусағынан өнер тамған жігіт. Тұтынушылар раковинаның дизайнына, қауіпсіздігіне, құрамына қатты мән береді. Өнімді сатып алушылар сапасына да, бағасына да риза, - дейді дүкен қожайыны Әлішер Сатығұлов.

Қызылордалық кәсіпкер мәрмәр тастан раковина жасап шығарады

Бауыржанның ендігі ойы – кәсібінің аясын кеңейту. Үйінің алдынан екіқабатты цех салғысы келеді. Арманы – сол жерде раковина ғана емес, ванна, душ, кабина дегендерді дайындап шығу. Мұндай бұйымдарға жазда сұраныс жоғары. Жергілікті кәсіпкер айдарынан жел есетін уақыт та – осы екенінен үмітті.

Өзгелердің жаңалығы