Қызылордалық этнодизайнер киізден сәнді киімдер тігеді

7 Наурыз 2023, 15:57
2247
Бөлісу:
Қызылордалық этнодизайнер киізден сәнді киімдер тігеді
PHOTO
Фото: Б.Шайхыисламның жеке архивінен

Сыр өңірінде байырғы қазақ тұрмысының бұйымдары жаңа бағытта дамып, заманауи үлгіде дайындалуда. Жас этнодизайнер Бақжан Шайхыслам мемлекеттік бағдарлама аясында қайтарымсыз грантқа қол жеткізіп, киізден түрлі бұйымдар жасап шығаруда, деп хабарлайды Қызылорда облысындағы БAQ.KZ тілшісі. 

 Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде «кәсіптік оқыту» мамандығында білім алған Бақжанның бұл салаға келуіне ұстаздары ұйымдастырған шеберлік сабақтарының үлесі зор. Гоболен, кілем тоқудан бөлек киізден бұйым дайындаудың қыр-сырын үйренген ол көркем өнердің қатты ұнағанын айтады. Қызығушылықтан басталған бұл өнер жас кәсіпкердің табыс тауып, кәсіп ашуына ықпал еткен.  

Қызылордалық этнодизайнер киізден сәнді киімдер тігеді

 Университет қабырғасында жүріп, іс-тәжірибеден өту барысында киізден түрлі бұйымдар жасап үйрендім. Бойжеткендерге арнап сөмкелер, қалпақ, қолғап, камзол сынды дүниелермен қатар, түрлі аксессуарлар жасап, көрмелерге қатысатынмын. Тек университетте ғана емес, Астана, Алматы, Шымкент қалаларында ұйымдастырылған байқауларға қатысып, бақ сынадым. Жаңа білім алумен қатар киіз басу тақырыбында ғылыми жоба дайындадым. Барлық байқауда алдыңғы қатардан көрініп, жүлделі орындар иелендім. Қолөнерге деген қызығушылығымның арқасында оқуды бітірген соң да, қосымша ақылы курстардан да өтіп білім алдым. Уақыт өте келе мемлекеттік бағдарламаға қатысуға бел байладым. Нәтижесінде төрт миллион теңге қайтарымсыз грант жеңіп алдым. Бұл қаржыға шеберханаға керек техникалар мен бұйымдар жасауға қажетті құрал-жабдықтарды сатып алдым. Қазір біздің бұйымдарға халықтың сұранысы жоғары, себебі меринос қойы асыл тұқымды жануар болған соң, жүні де табиғи, жібектей болады. Шикізаттың бәрі  ̶ қазақстандық  өнім. Арнайы Жамбыл облысынан меринос қойының жүнін тапсырыс беріп, алдыртамын. Бұл шикізаттан жасалған бұйымдар денені қышытпайды әрі жылуды сақтап тұрады. Ал байпақтар аяқты терлетпейді. Бір қуантарлығы, қазір тұрғындар табиғи экологиялық бұйымдардың пайдасын түсіне бастады, -дейді Бақжан Шайхыслам.

Қызылордалық этнодизайнер киізден сәнді киімдер тігеді

Еңбекпен жан-жақты ізденісті серік еткен этнодизайнер әлеуметтік желі арқылы жобасын дамыту үстінде. Бүгінде талапты жастың шеберханасында киізден үлкендер мен балаларға арнап байпақ, камзол, көйлектер дайындалуда. Тіпті бұл жерден текеметтердің де түр-түрін табуға болады. 

Қызылордалық этнодизайнер киізден сәнді киімдер тігеді

Киімдер дизайнын дайындау үшін әлемдік брендтердің әр маусымға лайықтап шығарған үлгілерін қараймыз. Сәнде танымал болған аяқ киімдерге қарап, байпақтың заманауи түрлерін жасаймыз. Бір бұйымды жасап шығуға шамамен алты сағат уақыт қажет. Өзім киізден жасалған күртеше мен байпақтарды күнделікті киемін,  - дейді шеберхана қызметкері Гүлден Кенішбекқызы.

Қызылордалық этнодизайнер киізден сәнді киімдер тігеді

 Қолөнердің қыр-сырын үйренген Бақжан алдағы уақытта басқа да  табиғи материалдарды пайдаланып, көйлектердің жаңа түрлерін шығаруды және кәсіп ауқымын кеңейткісі келетінін жеткізді.  

Өзгелердің жаңалығы