Өскеменде бұрымдылар байқауы өтті

7 Наурыз 2023, 15:43
2176
Бөлісу:
Өскеменде бұрымдылар байқауы өтті
Фото: Тілеубек Шаяхмет

Өскеменде өткен «Шығыс Бұрымдылары» байқауында сегізден 25 жасқа дейінгі бүлдіршіндер мен бойжеткендер қатысып, бұрымдарымен де, білімдерімен де сынға түсті деп хабарлайды осы өңірдегі BAQ.KZ тілшісі.

Біз баяғы ғұрпымыздан «қыз өссе елдің көркі» деген ұғымды ұлттық пайымға айналдыра білген елміз. Білекті ұл, бұрымды қыз өсіруді өсиет қылып, өнеге еткенбіз. Сондықтан болар бұрымы тобығына төгілген арулардың әлемі аңызға айналған. Бүгінгі таңда үзіліп бара жатқан бұл үрдісті жалғау негізгі мақсатымыз болып отыр. Осыған орай өткен «Шығыс бұрымдылары» байқауы – соның бір дәлелі.

Бірен-саран демесеңіз бүгінгі таңда да бұрымы тобығына төгілген арулар аз да болсын бар. Қолаң шашын қиып тастап, сән қуып жүру әдеті азайған. Тіпті, ұзын шаш ұлттық болмысымыздың көрінісі екенін ескеріп, бұрымдылар бір-біріне еліктеп өсіп келе жатыр деуге де болады. 

Өскеменде бұрымдылар байқауы өтті

Бұрымды да білімді бүлдіршіндеріміз бен бойжеткендеріміздің көп екеніне облыстық балалар және жасөспірімдер кітапханасының ұйымдастыруымен Достық үйінде өткен «Шығыс бұрымдылары» сайысында куә болып қайттық. Бұрымды бүлдіршіндер кезек кезегімен сахна төріне шығып, байқаудың сәні мен мәнін ашты. Шара шымылдығы кітапхана жанынан құрылған «Керім-ай» би тобының «Қуыршақтар» биімен ашылып, көрерменнің көңілін бір көтеріп тастады. Ал үміткерлер үш жас ерекшелігі бойынша сынға түсті.  8-11 жас, 12-15 жас, 16-25 жас аралығындағы бұрымдылар бақ сынасты. Ұйымдастырушылар қатысушыларды бұрымымен де, білімімен де сынады. Бүлдіршіндер мен бойжеткендер «Ақыл – ойдың кемелі» бөлімінде білімдерін ортаға салса, «Кім пысық, кім ісмер» бөлімінде нағыз шебер екендіктерін дәлелдеуге тырысты. Әрбір қатысушы өздерінің өнерлі екендерін «Өнерлі өрге жүзер» бөлімінде көрсетіп, көпшілікті тәнтті етті. Ал «Шаштарын бес күн тарап, он күн өрген» бөлімінде өздері жасаған шаш үлгілерін таныстырып, пысықтықтарын паш етті.

Бүгінгі болып жатқан «Шығыстың бұрымдылары» байқауын ерекше шара деп атауға болады. Бұл шараның мақсаты мен мәні зор. Өйткені өнерлі болу бар да, өнегелі болу бар. Бізде бүгінгі таңда өнеге жағы ақсап тұр. Өнеге қыздың қылығы, төгілген бұрымы, жан-жақты білімі, қиылған қасы, инабаты мен иманы деген сияқты жақсы қасиеттермен өлшенеді. Бүгінгі сайысқа түскен бүлдіршіндер мен бойжетіп келе жатқан қыздарымыздың бойынан мұндай қасиеттердің біразын байқап отырмын. Осындай сайыстар көп болса, ұрпаққа үлгі мен өнеге болар еді, – дейді қазылар алқасының мүшесі, әнші Алматы Камелханқызы.

Осылайша жас ерекшеліктері бойынша сынға түскен арулар өнерімен де, білімімен де қазыларды тәнті етіп, көпшіліктің көңілінен шықты. Талапты орындап, талантын танытқандары жеңіске жетті. Сайыс қорытындысы бойынша 8-11 жас аралығында Малика Бейбітқызы жеңімпаз атанса, 12-15 жас аралығында Ақбота Ерікқызы үздік деп танылды. Ал 16-25 жас аралығында Бірғаным Бақытқызы 1 дәрежелі дипломмен марапатталды. «Көрермен көзайымы» номинациясына Әсем Рахымова ие болды. 

Жеңімпаздарға «Айпара» сұлулық салоны, «Дети» сауда үйі және «Sofi» дүкені сыйлықтар мен сертификаттар табыс етті.

Өзгелердің жаңалығы