Қызылорда, BAQ.KZ тілшісі. Қызылордалық «Алтын алқа» медалінің иегері Жанат Сүлейменова Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың көпбалалы аналардың және мүмкіндігі шектеулі адамы бар отбасылардың несиесін кешіру туралы тапсырмасы қанаттандырғанын жеткізді.
Оның айтуынша, халықтың жағдайын тереңнен түсініп, қалыптасқан ахуалды байыппен бағамдап отырған мемлекет басшысының осындай батыл қадамға баруы, әсіресе көпбалалы аналарға зор қолдау болды. Өйткені, расында да қазір екі отбасының бірінде несие бар екені шындық.
«Ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың осыдан бір ай бұрынғы сайлауалды бағдарламасын оқып, жүзеге асыруды көздеген жоспарларымен танысқанда «шіркін-ай, осылар шын мәнінде орындалса екен» деп тілеген едім. Сол жоспарлы жұмыстар бүгінде нақты қолға алынғанына қуанып қалдым. Байқағаным, Тоқаев сөздің емес, нақты істің адамы екен. Бүгін көпбалалы отбасылар, мүгедек жанға қарап отырған азаматтардың несиесін өтеп беретіндігі - соған дәлел. Бұл шешім мыңдаған отбасы үшін теңдессіз көмек болды», - дейді көпбалалы ана.
Жанат Сүлейменованың айтуынша, туыстарының, жақындарының, сондай-ақ тұрмысы төмен отбасылардың несиесін төлей алмай жүргені өзінің жанына бататын.
«Не дәріге, не тамақ пен киімге жеткізе алмай, несие алып, қарызға батқан жандарды көріп, жүрегім ауыратын. Шындығында оларды несие титықтатып жіберді, қайбір жетіскеннен алды дейсіз. Көзіміз ашық, көкірегіміз ояу дегенімізбен, өзіміздің де қажет кезінде амалсыздан несиеге жүгінетініміз жасырын емес. Халықтың осындай халін Қасым-Жомарт Тоқаев біліп отыр. Ол қиын жағдайға тап болған азаматтарға көмектесу үшін және олар тұрмысын түзеп алуы үшін елдік маңызы шешім қабылдады. Яғни, аталған шұғыл шаралар әлеуметтік мәселелерді шешуге және Елбасы Стратегиясында айқындалған мақсаттарға қол жеткізуге айтарлықтай ықпал ететін болады», - деді Жанат Сүлейменова.
Ол қабылданған шешім жүрегіне қуаныш ұялатқанын айтып, мемлекет басшысына ризашылығын білдірді.
«Несиесін өтей алмағандарға көмектесу – дұрыс ұстаным», - деді көпбалалы ана.