Қызылорда қаласында өткен Ұлттық құрылтайдың бесінші отырысы мазмұны мен маңызы жағынан алдыңғы жиындардан айқын ерекшеленді. Мемлекет басшысы бұл жолы өңірлік мәселелермен шектелмей, елдің ұзақмерзімді дамуына тікелей әсер ететін энергетика, көлік-логистика, су ресурстары, цифрландыру, әлеуметтік саясат және мемлекеттік басқару жүйесіне қатысты нақты міндеттер жүктеді. BAQ.KZ тілшісі құрылтайда көтерілген негізгі мәселелер мен Президент тапсырмаларына жан-жақты тоқталды.
Қызылорда – тарихи жауапкершілік пен нақты нәтижелер аймағы
Президент Қызылорданың ел тарихындағы ерекше орнын атап өтіп, өңірді қазақ мемлекеттілігінің қалыптасу кезеңдерімен сабақтастыра бағалады. Соңғы жылдары облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуында оң серпін байқалады. Атап айтқанда, өңірдің ішкі жалпы өнімі 6,5%-ға өсіп, 3 жылда шамамен 2 триллион теңгеге жуық инвестиция тартылған. Былтыр 27 инвестициялық жоба іске асырылып, олардың ішінде жаңа жылу электр орталығы стратегиялық маңызы бар нысан ретінде аталды.
Инфрақұрылымдық жаңғырту да басты назарда. Аймақ халқы толықтай сапалы ауыз сумен қамтылып, тұрғындардың 80%-ы газға қол жеткізген. Әуе, теміржол және автокөлік қатынастары кезең-кезеңімен жаңартылуда. Бұл деректер Қызылорданың құрылтай өтетін алаң ғана емес, нақты нәтижеге жұмыс істеп отырған өңір екенін көрсетті.
Сондай-ақ Президент Қызылорда қаласында биыл ашылған тарихи- өлкетану музейінің жұмысын тілге тиек етіп, биыл облыста жаңа театр мен емхана салу тапсырмасын жүктеді.
Қызылордада жаңа драма театр салу жоспарымызда бар, биыл құрылысты бастауымыз керек. Өткен сапарымда мен облыстың зиялы қауым өкілдерімен кездескен кезде заманауи кітапхана салу керек деп айттым. Енді бұл құрылыс биылдан бастап жүргізіледі, - деп атап өтті Мемлекет басшысы.
Энергетика – барлық реформаның өзегі
Құрылтайда ең өзекті әрі салмақты тапсырмалар энергетика саласына қатысты болды. Мемлекет басшысы энергия тапшылығы шешілмейінше, экономиканың басқа бағыттарының дамуы тежелетінін ашық айтты.
Осыған байланысты көмірден қуат өндіру саласына Ұлттық жоба мәртебесін беру тапсырылды. Үкіметке жобаны 20 наурызға дейін әзірлеп, бекіту міндеті жүктелді. Сонымен қатар Көкшетау, Семей және Өскемен қалаларындағы жылу электр орталықтарының құрылысын жеделдету қажеттігі айтылды. Бұл бағыттағы жұмысқа Үкімет пен «Самұрық-Қазына» қорының жауапкершілігі күшейтілді.
Газ саласындағы ахуал да сынға алынды. Газ импортының артуы мен жаңа кен орындарын игеру қарқынының баяулығы жоспарлау сапасының төмендігін көрсетті. Президент QazaqGaz басшылығына жеке инвестиция тарту және перспективалы учаскелерді белсенді игеру жөнінде нақты тапсырмалар берді.
Мемлекет басшысының тапсырмасы орындалу аясында Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов сөзінше, ірі жобалар жүзеге асырылады.
2026 жылы елімізде шамамен 2,6 ГВт жаңа қуат көзін іске қосу жоспарланып отыр. Оның ішінде газ жобалары мен жаңартылатын энергия көздері бар. Жалпы саны 13 ірі жоба жүзеге асырылмақ, - деді министр.
Су ресурстары және Арал – ұлттық қауіпсіздік деңгейіндегі мәселе
Президент су мәселесін аймақтық проблема емес, ел қауіпсіздігіне тікелей әсер ететін стратегиялық фактор ретінде қарастыру қажеттігін атап өтті. Арал теңізін сақтау бағытында жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде Солтүстік Аралды аман алып қалу мүмкін болғаны айтылды. Көкарал бөгетін биіктету жобасын осы жылдың соңында бастау жоспарланып отыр.
Су ресурстары жөніндегі деректердің ескіргені сынға алынып, Үкіметке Қазақстанның су қорына кешенді бағалау жүргізіп, су-энергетика әлеуетін көрсететін жаңа карта әзірлеу тапсырылды. Сондай-ақ су дипломатиясын күшейтіп, көрші елдермен өзара тиімді келісімдерге басымдық беру қажеттігі айтылды.
Осы мәселеге қатысты Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Солтүстік Аралды сақтау бағытындағы жұмыстар барысын түсіндірді.
Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы трансшекаралық су объектілерін бірлесіп басқару жөніндегі келісім он жылдық келіссөздердің нәтижесінде жүзеге асып отыр. Соның арқасында Солтүстік Арал теңізінің көлемі 2023 жылдың басындағы 18,4 млрд текше метрден 23 млрд текше метрге дейін артты, - деді ол.
Оның айтуынша, қазіргі таңда Солтүстік Аралды сақтау жобасының екінші кезеңі әзірленіп жатыр.
Жоба аясында Көкарал бөгеті қайта жаңғыртылып, теңіз деңгейі 44 метрге дейін көтеріледі. Нәтижесінде теңіздің ауданы 3 913 шаршы шақырымға, ал су көлемі 34 млрд текше метрге дейін ұлғаяды. Толтыру мерзімі 4-5 жылды құрайды, - дейді министр.
Цифрландыру: басқару сапасын арттыру құралы
Президент «Цифрландыру және жасанды интеллект жылын» формалды бастама емес, мемлекеттік басқару тиімділігін арттырудың нақты тетігі ретінде қарастыратынын айтты. Оның пікірінше, басқару жүйесі реттелмейінше, жасанды интеллект өздігінен нәтиже бермейді.
Үкіметке мемлекеттік сектордағы жұмыс мәдениетін жақсарту, озық басқару тәжірибелерін енгізу, деректерді өңдеу орталықтарына қолайлы аймақтарды алдын ала анықтау тапсырылды. Бұл жобалардың барлығы нақты көрсеткіштермен бағалануы тиіс.
Көлік-логистика: транзиттік әлеуетті іске қосу
Құрылтайда көлік-логистика саласына да ерекше назар аударылды. Президент Қазақстанның транзиттік мүмкіндігі жоғары болғанымен, оның әлеуеті толық пайдаланылмай отырғанын атап өтті.
Қызылорда – Жезқазған автожолы биыл толық аяқталып, қозғалысқа берілуі тиіс. Сонымен қатар «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» дәлізінің Қызылорда – Ақтөбе аралығындағы тар бөлігі кеңейтіліп, төрт жолақты жаңа жол салу басталады. «Бейнеу – Сексеуіл» теміржолының іске қосылуы «Орта дәліздің» қашықтығын 900 шақырымға қысқартады.
Авиация саласындағы басқару мәселелері де сынға алынды. Қазақстанның әуе жүк тасымалы орталығына айнала алмауы жүйелі қателіктің салдары ретінде бағаланып, Үкіметке бұл бағытта нақты нәтиже көрсету міндеті жүктелді.
Әлеуметтік сала: қаржы мен бақылау тепе-теңдігі
Білім беру және денсаулық сақтау салаларындағы қаржыландыру жүйесі де қайта қаралады. Президент жекеменшік мектептерді қаржыландыруда бұрмалаушылық бар екенін айтып, мемлекеттік қолдау тетіктерін жедел реформалауды тапсырды.
Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова балалардың құқықтарын қорғау бойынша жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатқанын айтты.
2025 жылғы статистика мәліметтері бойынша елімізде 7 миллионға жуық бала бар, бұл жалпы халықтың 34%-ын құрайды. Соңғы 10 жылда тұрақты демографиялық даму негізінде балалар саны 1,5 миллионға артты. Бүгінгі таңда балалардың құқықтарын қорғауды күшейтуге бағытталған 10 негізгі заң қабылданды, - деді Жұлдыз Сүлейменова.
Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры қызметіндегі заңбұзушылықтар бюджет қаражатының тиімсіз жұмсалып жатқанын көрсетті. Осыған байланысты Қорды Қаржы министрлігінің қарамағына беру туралы шешім қолдау тапты. Құқық қорғау органдарына қаржы жымқыру деректерін анықтау тапсырылды.
Мемлекеттік басқаруды жаңғырту және конституциялық реформалар
Құрылтайдың ең ауқымды бөлігі мемлекеттік басқару жүйесін реформалауға арналды. Президент бір палаталы Парламентке көшу, жаңа Парламентке «Құрылтай» атауын беру, Қазақстанның Халық Кеңесін құру және Вице-президент институтын енгізу жөнінде ұсыныстар айтты.
Бұл мәселеге қатысты Мәжіліс депутаты Жарқынбек Амантайұлы реформалардың мәніне тоқталды.
Мемлекеттің тағдыры бір тұлғаға тәуелді болмауы тиіс, бұл билік тармақтары арасындағы тепе-теңдікті қамтамасыз етеді және институционалдық басқаруға көшуге мүмкіндік береді, - дейді ол.
Сондай-ақ Конституцияның Преамбуласын жаңарту, «Әділетті Қазақстан» қағидатын бекіту және цифрлық деректердің қорғалуын конституциялық деңгейде нақтылау қажеттігі айтылды. Осы мақсатта құрылған Конституциялық комиссия жаңа Ата Заң жобасын жариялады. Қазіргі таңда Конституцияның 77 бабы, яғни мәтіннің 84 пайызына өзгеріс енгізу көзделіп отыр. Комиссия жұмысы жалғасуда.
Қорыта айтқанда, Қызылордада өткен Ұлттық құрылтай ел дамуының келесі кезеңін айқындаған стратегиялық алаңға айналды. Президент тапсырмалары жекелеген салалармен шектелмей, энергетикадан бастап басқару сапасына дейінгі біртұтас жүйені қамтиды.
Бұл құрылтайдың басты ерекшелігі – декларация емес, нақты мерзімі мен жауапты орындаушылары бар міндеттердің қойылуы. Бесінші отырыс Қазақстанда әлеуметтік-экономикалық және институционалдық реформалардың жаңа кезеңі басталғанын айқын көрсетті.