Қызылорда облысы, BAQ.KZ тілшісі. Осыдан 7 жыл бұрын Қызылордада «Атамекен» отбасылық үлгісіндегі балалар ауылы ашылған-ды. Екі қабатты 8 тұрғын үй мен бір әкімшілік ғимараттан тұратын қалашықта 3-18 жас аралығындағы 50 тәрбиеленуші бар.
7-10 баладан тұратын әр үйге «Ақ жайық», «Байқоңыр», «Үшқоңыр», «Алатау» сынды атаулар берілген. Ауылда 42 қызметкер жұмыс істеп, ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалардың өсіп, қоғамға бейімделуіне көмектеседі. Сөйтіп бұрыңғы жетімдер үйі таратылып, балалар отбасы жылуын сезінуі үшін отбасы үлгісіндегі үй-жайға көшірілді. Бұл балалар ауылының жағдайын білу үшін «Атамекен» отбасылық үлгісіндегі балалар ауылының директоры Лиза Скаковамен сұхбаттасқан едік.
- Жетімдер үйін отбасы үлгісіндегі балалар ауылына ауыстырғандағы үмітіміз ақталды ма?
- Иә, жетімдер үйін балалар ауылына ауыстырудағы басты мақсатымыз балаларды өзін-өзі қамтамасыз етуге, қоғамдық ортаға бейімдеу. «Атамекен» отбасылық үлгісіндегі балалар ауылының ерекшелігі балаларда өздері оқитын мектепті таңдау құқығы бар. Бүгінде біздің тәрбиеленушілер қаладағы 5 мектепте білім алып жатыр. Екіншіден бір анадан туған балаларды ажыратпаймыз. Олар бір үйде, бір отбасында тәрбиеленіп жатыр. Сондай-ақ, бір отбасының ана-тәрбиешісі ешқашан өзгермейді. Тәрбиеші аптаның бір күнінде ғана демалып келеді. Қалған уақытта сол балалармен бірге тұрады. Мұндағы қызметкерлер мен мемлкеттің қолдауының арқасында әр қолға алған жұмысымыз алға басып, мақсатымызға жақындап жатырмыз. Адамды орта тәрбиелейді ғой. Сондықтан менің балаларым да барлық жағдаймен танысып, бар мүмкіндікті көруі керек деп ойлаймын. Қазіргі кезде біздің балалардың да Дарын, Білім-инновация, Назарбаев зияткерлік мектептерінде де білім алуы үшін қолдан келген көмекті аямаймыз. Осыдан 6-7 жыл бұрын бұл жердегі балар тіпті ҰБТ-ға кіруге жүрексінетін. Олар тек 9 сыныпты бітіріп, орта білім ұйымдарында оқитын. Бұл қалыптасқан жағдайды қолға алып, балалар үйіне білікті мұғалімдермен қосымша дайындыққа беріп, ұлттық тестке әзірледік. Әлі де жұмыс жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ, қаладағы барлық қосымша білім беру ұйымдарының, спорттық-сауықтыру кешендерінің қызметін толық пайдаланып отыр. Бір бала 2-3 үйірмеге қатысып, білімі мен дарынын жетілдіруде. «Атамекен» отбасы үлгісіндегі балалар ауылында да 17 үйірме жұмыс істеп жатыр. Робототехника кабинеті, тігін цехы, арт-студия тағы бірнеше құралдармен жабдықталған кабинеттер бар. Бала өзінің бейіміне қарай кез келген уақытта осында бос уақыттарын өткізеді.
- Бұл үйде балалар отбасы жылуын қалай сезініп жатыр?
- Біз барынша балалардың еркін, ашық болуын қадағалаймыз. Олардың мүмкіндіктерін шектемей, армандарының іске асуына барынша қолдау көрсетіп жатырмыз. Аптасына бір рет азық-түлік келеді. Әр отбасы өз үйлерінде тәрбиеші аналарының көмегімен ас әзірлеп, дастарқан мәзірін дайындайды. Балалардың өздері үйлерін жинап, киім-кешектерін өздері жуып өз-өздерін қамтамасыз етіп отыр. Ал бұрын бұл жұмыстардың барлығын балалар үйінің қызметкерлері атқаратын. Өздерінен кейінгі өсіп келе жатқан бауырларының сабағын оқытып, тәрбиеші-аналарына қолқабыс болады. Мұның бәрі тәрбие. Отбасында бала нені біліп, қалай әрекет етуі керек соның барлығын бойына сіңіруге көмектесеміз. Тіпті әр отбасын топқа бөліп қаржылық сауаттылығын арттыру мақсатында жарыс өткізгенбіз. Балалардың қолына ақша беріп, отбасында кешкі ас мәзірін дайындауды тапсырдық. Олар өз әлдерінше базарға барып азық-түлік алып, отбасы бюджетінің жұмсалуы мен қаражатты үнемдеу сынды жағдайлармен танысты. Тұрақты түрде балаларға осындай да еркіндік беріліп тұрады. Банкомат карталарын қалай қолдану керек, ақшаны қайда, қалай сақтау керек деген сияқты ақпараттарды да дер кезінде балалардың есіне салып отырамыз. Кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп балалардың қаржылық сауаттылығын арттыру үшін жұмыс атқарылды. Түрлі жәрмеңкелер ұйымдастырып, одан түскен балалардың өздеріне жұмсатып үйреттік. Мақсатымыз бұл жерден шықаннан кейін қоғамға еркін сіңіп кетуіне көмектесу.
- Балалар ауылынан шыққан жастардың қоғамға бейімделіп кетуі қиындық тудырмай ма?
- Қоғамға айтарылықтай қиындық туғызып жатыр деп айта алмаймын. Біздің басты мақсатымыз материалдық жаңдайын жасап, білім беріп қана қоймай әлеуметтік ортаға бейімделіп кетуіне жағдай жасау. Орта мектеп бітіргеннен кейін міндетті түрде жоғарғы және орта оқу орындарына түсіреміз. Жас өспірімдерді бейімдеу орталығына орналастырамыз. 23 жастан 29 жасқа дейін жастар үйінде тұрады. Өз тәжірибемде осы балалар ауылының түлектері оқуын бітіргенше 70 пайыз үймен қамтылады. Кейбір балаларда орта мектепті бітірген соң ЖОО бітірген соң үйлері бар балалар бар. Себебі біз осы балалар ауылындағы бала бізге келген күннен бастап оларды мемлекеттің үй кезегіне қоямыз. Айта кету керек ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларды мемлекет тарапынан үймен қамту жақсы жолға қойылған. Оқу бітірген балаларды да жұмысқа орналасуына жәрдем береміз.
- Жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың саны жыл өткен сайын азайды ма көбейіп жатыр ма?
- Кейінгі жылдары азайып жатыр деуге келмес. 2012-2013 жылдары 100-ге жуық бала болды. 2015 жылы «Атамекен» балалар ауылы ашылғанда 71 балам бар еді. Қазір бір шама азайған. Бүгінгі күні бұл жерде 50 тәрбиеленуші бар. Былтыр 18 түлек бітірді. Жалпы ол жылы 31 бала бітірді. Оның 18-і бітіруші түлектер. Қалғаны потранаттық тәрбиеге, өздерінің ата-аналарына берілген балалар. Балалар ауылы ашылғаннан бері ең көп түлек шығып отыр.
- Осы отбасынан шығып, үлкен жетістікке жеткен балаларыңыз бар ма?
- «Өнерліге - өріс кең» дейді халықымыз. Менің балаларыма халықаралық, республикалық, облыстық жарыстар мен білім олимпиадаларына жол ашық. Гран-при алып, жоғары дәрежеде өнер көрсетіп жүрген түлектеріміз бар. Халықаралық спорттық жарыстар мен өнер байқауларында жақсы өнер көрсетіп, еліміздің намысын қорғап жүрген балалар да шығып жатыр бұл ауылдан. Спорттық жарысқа қатысып жүрген кейбір түлектерімізді осы бабамында тұрса олимпиадаға қатысуға мүмкіндігі бар деп жоғары баға беріп жатқан бапкерлер де бар. Әр бір жетістік «1 пайыз талант, 99 пайыз еңбекпен» келетінін үнемі назарда ұстап, талантты жеткіншектерімізді демеуден жалыққан емеспіз. Сонымен қатар балалар Қызылорда қаласындағы түрлі интеллектуалды ақылы мектептерде де білім алып жатыр. Ол мектептер өздері демеушілік жасап балаларымызға көмек қолын созуда.
- Бала асырап алатын ата-аналарды дайындау орталығының қызметі қандай? Ниет білдерген отбасылар көп пе?
- Балалар ауылынан бала асырап алатын отбасылар кейде түрлі себеппен баланы қайтып әкеліп береді. Ол баланың психологиясына әсер етпей қоймайды. Барлық мамандар жұмылып жұмыс істейді, әрине. Дегенмен бала тағдыры ойыншық емес. Сол келеңсіздіктің алдын алу үшін 2019 жылда бастап үміткер ата-аналарды дайындайтын мектеп ашылды. Үш ай бойы біз сол мектепте ниет білдірген ата-аналарды оқытамыз. Қазірде оқып жүрген, кезекте тұрған ата-аналардың саны өте көп. Аталған орталық ашылғалы 400-ге жуық отбасын оқытып, сертификат бердік. Бүгінде 5 топ оқып жатыр. Мектеп жұмысы тамыз айына дейін жоспарланған. Орталыққа өтініш білдірген барлық ата-ана қабылдана бермейді. Оларға алдымен психологиялық тексеру жүргізіледі. Содан өткендер ғана үш жарым ай оқуға қабылданады.
- Ал, балалар ауылына келетін тәрбиешілерге қандай талап қойылады?
- Иә, тәрбиеші-аналарға қойылатын талап жоғары. Олардың кем дегенде 1 жыл баламен жұмыс істеген еңбек өтілі болуы керек. 18 жасқа толмаған балалары жоқ, некеде болмауы қажет. Тәрбиешілерді жұмысқа мен емес арнайы құрылған комиссия қабылдайды. Комиссия құрамында білім, денсаулық, жұмыспен қамту басқармаларының қызметкерлері мен психологтар бар. Бұл жерге кез келген адам келіп жұмыс істей алмайды. Мұнда баланы жақсы көретін, үлкен жүректі адамдар келуі керек деп ойлаймын. Қызығы мен қиындығы қатар жүретін бұл салада баланың бар еркелігін көтеруге тура келеді.
- «Атамекен» балалар ауылында демеушілердің, мемлекеттің көмегін қажет ететін, шешімін таппай жүрген қандай мәселе бар?
- Қазіргі жастар үйін осы балалар үйінің жанына алғым келеді. Себебі бізден мектеп бітірген түлектерді әрі қарай да өзіміз тәрбиемізге алып, орта және жоғарғы оқу орындарын бітіргенше қолдау көрсеткеніміз дұрыс. Жастар үйінің де жұмысын жоққа шығармаймыз. Тек осы ауылдан шыққан балаларды тағы 3-4 жыл демеп жіберсек бұдан үлкен нәтижеге қол жеткіземіз деп ойлаймын.
Сондай-ақ, заманға сай спорт алаңымыздың болғанын қалаймыз. Жабық спорттық алаңымыз да жоқ болған соң қыс мезгілінде мектептер мен спорттық кешендерге өтініш айтып балаларымды апарып жүрміз. Бұл болашақта спорттық жарыстардан жүлде алатын, аймақтың намасын қорғайтын спортшы жастардың шығуына үлкен септігін тигізетін жағдай деп білемін. Осы жерден дене шынықтыруға бейімделіп, үлкен спортқа қызығушылығы оянуы мүмкін ғой. Сол сияқты жалпы балаларымның жағдайы үшін атқарылар жұмыс та, армандарым да көп менің.
- Қажыр-қайратты, жоғары жауапкершілік пен үлкен жүректі қажет ететін сала ғой. Сіз энергияны қайдан аласыз?
- Қай салада жүрсе де әйел болсын еркек болсын тылы мықты болуы керек деп ойлаймын. Отбасындағы береке мен тыныштық, әйел мен еркектің бір біріне деген сый-құрметі кез келген мәселені жеңілдететі. Сол сияқты менің де балалар ауылындағы балалармен алаңсыз жұмыс істеуіме отбасым қолдау білдереді. Балам ер жетіп, қызым бой жеткен өз отбасылары бар. Жолдасым білім саласына қатысы жоқ болса да бала тәрбиесіндегі жұмысыма үлкен жауапкершілікпен қарайды.
Адам өмірінде еңбектің алар орны зор. Сол төккен тер, жұмсаған күш-қайратың қоғамға пайда келтіріп, ата-ана қамқорлығынсыз қалған баланың өсіп жетілуіне кетіп жатқанын ойлағанда менен бақытты адам болмайды. Бұдан артық мотивцияны көрмедім. Еліміздің, әлемнің түкпір-түкпірінде біз өсірген балалар еңбек етіп, тура жолға түсіп кетсе біздің мақсаттың орындалғаны. Менің бұл балалардың жолында әлі талай армандарым бар. Сол арманымның орындалуы үшін, мақсатымды жүзеге асыру үшін менің шаршауға, еңсемді түсіруге еш қақым жоқ.
- Сұхбатыңызға рақмет.