Руслан Рүстемов депутаттық сауалында Сырдария өзені мен Қызылорда облысындағы суару жүйелерінің қазіргі ахуалына алаңдаушылық білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Сенатордың айтуынша, өңірде су тапшылығы мәселесі жылдан-жылға күрделеніп барады. Өйткені облыстағы су қорының 90 пайыздан астамы сырттан келеді. Осыған байланысты Сырдария арнасының жағдайы мен суару инфрақұрылымының тозуы ауыл шаруашылығына да, халыққа да қауіп төндіріп отыр.
Депутаттың сөзінше, каналдар мен қашыртқылардың басым бөлігі өткен ғасырдың 1960-1970 жылдары пайдалануға берілген. Қазір олардың техникалық жағдайы айтарлықтай нашарлаған. Соның салдарынан суару жүйелерінің пайдалы әсер коэффициенті 60-65 пайыз деңгейінен аспайды.
Топырақтан салынған каналдар арқылы жыл сайын шамамен 2 миллиард текше метр су ысырап болады. Бұл – республика бойынша бір жылда жоғалатын судың тең жартысына жуық көрсеткіш, – деді Руслан Рүстемов.
Сенатор сондай-ақ құны 16,6 млрд теңге болатын 15 каналды бетондауға арналған жобалық-сметалық құжаттама дайын тұрғанын айтты. Бұдан бөлек, тағы 33 канал бойынша жобалар әзірленіп жатыр. Оның пікірінше, бұл жұмыстар су шығынын азайтып, үнемделген суды Арал теңізіне бағыттауға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар депутат жалпы ұзындығы 12,5 мың шақырым болатын шаруашылықішілік каналдардың әлі күнге дейін республикалық меншікке өтпегенін де көтерді.
Депутат Үкіметке коммуналдық меншіктегі 15 каналды бетондауға арналған жобаларды республикалық бюджет немесе халықаралық қаржы ұйымдары арқылы қаржыландыру мәселесін қарастыруды ұсынды. Сондай-ақ жыл сайын жоғалатын 2 миллиард текше метр судың алдын алу үшін тағы 33 канал бойынша әзірленіп жатқан құжаттарды мемлекеттік бюджет жоспарына енгізу қажеттігін айтты.
Бұдан бөлек, Руслан Рүстемов 12,5 мың шақырымдық ішкі шаруашылық каналдарын республикалық меншікке қабылдау мәселесін жеделдетіп, 2018-2020 жылдары министрлікке жолданған құжаттарға қатысты түпкілікті шешім қабылдауды сұрады. Сонымен бірге аталған жобаларды қаржыландыруға қолдау көрсетуді өтінді.