Қызылордада «Жайлы мектеп» жобасы сәтті жүзеге асып жатыр

20 Мамыр 2023, 20:00
2196
Бөлісу:
Қызылордада «Жайлы мектеп» жобасы сәтті жүзеге асып жатыр
Фото: автордан

«Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында елімізде 2025 жылға дейін 800 мың оқушының заманауи мектепте сапалы білім алуына жағдай жасалады, деп хабарлайды Қызылорда облысындағы BAQ.KZ тілшісі.

Ал Қызылорда облысында 15100 орынға арналған заманауи 21 мектеп бой көтереді. Аймақта жобаға 100 миллиард теңге жұмсалады.

Атап айтқанда, облыс орталығы Қызылорда қаласында соңғы үлгіде жабдықталған 8 білім ордасы, Арал ауданында – 4, Қазалы мен Қармақшыда 2 мектептен және Жалағаш, Сырдария, Шиелі аудандарында осындай 1 мектептен салынады. «Жайлы мектеп» жобасынан Жаңақорған да қалыс қалмайды. Бірер жыл ішінде онда заманауи 2 мектеп пайдалануға беріледі.

Облыстық білім басқармасының басшысы Мейрамбек Шермағанбет жоба аясында салынатын 10 мектептің іргетасы биылдан қалмай қаланатынын тілге тиек етіп, олардың өзге мектептерден айырмашылығы жайында айтып берді.

Биыл 10 мектептің құрылысын бастаймыз. Бұл үшін алдын ала жұмыстар, мектеп бой көтеретін аумақ, сметалық құжаттары дайындалды. Жалпы ерекшелігіне келсек, бастауыш және жоғары сынып оқушылары мектеп ғимаратының жекелеген блоктарында оқитын болады. Сәйкесінше, олардың өз оқу кабинеттері, әжетханалары, спорт залдары болады. Сондай-ақ бейнебақылау, дыбыстық дабыл сияқты қауіпсіздік нысандары орнатылады. Бұрынғыдай емес, заманауи физика, химия, биология, робототехника сияқты кабинеттермен қамтамасыз етіледі. Арнайы инклюзивті білімді қажет ететін балалар үшін де лайықты жағдай жасалады, – деді басқарма басшысы.

Қызылордада «Жайлы мектеп» жобасы сәтті жүзеге асып жатыр

Биыл білім саласына 260 миллиард теңгеге жуық қаржы бөлініп отыр. Бұл бірнеше ауысыммен білім алатын оқушылардың жағдайын жеңілдетуге жұмсалмақ. Алдағы мақсат-міндеттерге жеке тоқталған басқарма басшысы «Жайлы мектеп» жобасы толықтай жүзеге асқаннан кейін облыстағы үш ауысымды және апатты мектептердің жағдайы толық шешілетінін айтты. Сондай-ақ жөндеуді қажет ететін ауылдық елді мекендердегі мектептер жаңғыртудан өтетінін мәлімдеді.

Былтыр апатты деп танылған 6 мектептің үшеуінің мәселесі шешімін тапты, ал қалған 3 мектеп «Жайлы мектеп» жобасы аясында салынатын болады. Бұдан бөлек, биыл 5 мектепті пайдалануға беру жоспарлануда. Сондай-ақ ағымдағы жылы жоспарға сәйкес ауылдық елді мекендегі 47 мектеп жаңғыртудан өткізіліп, 51 мектепке пәндік кабинеттер алынатын болады. Атап айтар болсақ, физика, химия, биология пәндері тереңдетіліп оқытылады, – деді Мейрамбек Зинабдинұлы.

Сыр өңірі бүгінде алып құрылыс алаңына айналып келеді. Әсіресе, білім беру нысандары көбейіп келе жатқаны көптің көңіліне жағады. Облыс тарапынан «Білім беру инфрақұрылымын қолдау» қоры есебінен типтік жобадағы мектептер, интернаттар және қосымша білім беру ұйымдары ғимараттарын салуға салалық министрлікке ұсыныс берілген. Үкімет басшысы Әлихан Смайыловтың облысқа іссапары кезінде қаланың сол жағалауынан 300 орынға арналған жатақханасы бар, дарынды балаларға арналған 400 орындық физика-математика мектеп-интернатын салу ұсынысы қолдау тапты. Қазірдің өзіндек ірі жобаның іргетасын қалау басталып кетті.

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың басшылығымен биыл тағы он мектеп салынатынын естіп, қуандық. Біз мектеп оқыған кездегідей емес, соңғы үлгідегі білім ордалары еліміздің, оның ішінде Қызылорда облысының даму қарқыны ерекше екенін аңғартады. Еліміздің болашағына, балаларымыздың жайлы білім алуына жағдай жасап отырған Үкіметке айтар алғысым шексіз. Менің 8 немерем бар. Расул, Мансұр есімді үлкендерім есеп шығарғанды шын жақсы көреді. Дарынды балаларға арналған мектеп-интернат салу қолға алынғаны қандай керемет! Жоғары сыныпқа өткеннен кейін сонда білімін кеңіткенін қалаймын. Облысқа қарасты аудандардан да оқушылар келіп оқитынын естідім. Бұл ауылдағы таланттардың ғылымға бет бұруына тамаша мүмкіндік деп білемін, – дейді Қызылорда қаласының тұрғыны Анар Әбілдаева.

Қызылорда облысында биыл дарынды балаларды қолдау мақсатында облыс орталығы мен Қармақшы ауданында 150 орынға арналған мамандандырылған мектеп-лицей ашылды. Оған қоса Жезқазған жолының бойында 600 орындық, Жаңақорған ауданы, Майбекет мөлтек ауданында 300 орындық, Шиелі ауданы, Байсын ауылында 250 орындық, Қазалы ауданы, Әйтеке би кентінде 250 орындық мектептер ел игілігіне беріледі. Ал Арал ауданы Тоқабай елді мекеніндегі жеке кәсіпкер есебінен салынып жатқан №248 апатты мектеп жаңартылып, биыл пайдалануға берілмек.

Еске сала кетейік, Қызылорда қаласындағы үш ауысымға көшуі мүмкін мектептердің мәселесі де биыл шешімін табады. Қазір Абай атындағы мектеп жанынан 550 орындық, №101 мектеп-лицей жанынан 375 орындық, №264 мектеп-лицей жанынан 550 орындық, №3 мектеп-лицей жанынан 375 орындық қосымша оқу ғимараттары салынып жатыр.

Өзгелердің жаңалығы