Қызылордада жапырақ кеміргіш қоңыздар көбейген

Бүгiн, 18:13
113
Бөлісу:
Қызылордада жапырақ кеміргіш қоңыздар көбейген

Қызылордада жапырақ қоңыздары қарағаштарды жаппай кеміріп жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ 24kz-ке сілтеме жасап. 

Онсыз да табиғаты қатал өңірде тал-терек өсіру оңай емес. Бірақ жасыл-желек атаулыны жалмап бара жатқан зиянкестерді қалай жоюға болады? Қала билігі қандай амал қолданбақ. 50 градус ыстыққа шыдамды қарағаштардың жапырағы солғын тартып, ерте түсіп жатыр. Кеміргіш қанатты қоңыздар лек-легімен қонған талдар қазірдің өзінде сарғайып кеткен. «Аптап ыстықта көлеңке іздеп сая таппаған тұрғындар зиянкестермен күресті күшейту керек», дейді. 

Мына талдар өлетін болды. Жапырақтарының бәрі сарғайып, құрт жеген. Жапырақтар көлеңке бермейтін жағдайға келіп жатыр. Ешқандай дәрілеу жүрмейді,  - дейді қала тұрғыны Жұмакүл Махмұтова.

Талды сілкісең, бұршақша жауатын қоңыздардың адамға зияны жоқ. Дегенмен, тұзды топыраққа әрең өсірген ағаштарды жапырақсыз қалдырып жатқаны рас. Ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты Самалбек Қосанов: «шегіртке мен кене секілді құрт-қоңызға қарсы залалсыздандыру жұмыстарын жүргізу керек» дейді. 

Химиялық дәрілер уақытылы себілмегендіктен, осындай қиын жағдай өңірде орын алып тұр. Бұл өте қорқатын үлкен шаруа емес. Бұны тез орнына келтіруге болады. Бірінші кезекте ерте көктемнен бастап залалсыздандыру жұмыстарын жүргізетін болса, бұл ешқандай қауіп тудыратын нәрсе емес. Бұдан құтылу жолы бар, - дейді  ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты Самалбек Қосанов.

Соңғы 3 жылда Қызылордада егілген 100 мыңға жуық көшеттің жартысынан көбі қурап қалған. Шөлейтті өлкенің тұзды топырағына шыбық қадап, шынар шығару оңай іс емес. Сондықтан жергілікті билік биоортаны оңалту үшін орман зерттеу және өсімдіктану институты мамандарын шақырып отыр. Ғалымдар тобы топырақ құнарлылығын арттырып, зиянкестермен күресу тәсілдерін коммуналдық мекеме жұмысшыларына үйретеді. 

Оны күтпей біз жылда 15-18 млн теңге шамасында қала бюджетінен ақша бөлеміз. Соған мамандандырылған мекемелер қатысып, күнделікті қаланың ішінде өңдеу жасайды. Бірінші кезекте қурап, ауырып тұрған талдар белгілі ғой мамандарға сол жерлерді дәрілейміз. Бұл жұмыстар жүйелі түрде жалғасады. Орман патологиялық зерттеу жасаймыз. Соған қарап, әрі қарай жұмыстар жасаймыз, - дейді қала әкімі Серік Қожаниязов.

Келешекте қала ішіне тораңғыл, айлант, акация, жиде мен үйеңкі секілді қолайсыз климатқа төзімді ағаш түрлері егілмекші. Өйткені тұзды топырақ пен түрлі зиянкес атаулы әсемдік үшін егілетін қылқанжапырақты өсімдіктердің өсіп-өнуіне мұрша берер емес.
 

Өзгелердің жаңалығы