Қызылордада тау-кен байыту комбинатының құрылысы басталды
Қызылордада тау-кен байыту комбинатының құрылысы басталды
Комбинат толық қуатына шыққан кезде жылына 210 мың тонна қорғасын-мырыш шикізатын және 20 тонна күміс өндіру көзделген. Сонымен қатар 550-ден астам жаңа жұмыс орны ашылады деген жоспар бар. Құрылыс жұмыстары алдағы екі жыл ішінде жүргізіліп, 2028 жылы толық аяқтау көзделіп отыр.
Қызылорда облысының Жаңақорған ауданындағы Шалқия кентінде «Бурабай-Жалғызағаш» тау-кен байыту комбинатының құрылысы басталды.
Құрылыс жұмыстарының басталу рәсіміне Қызылорда облысының әкімі Мұрат Ергешбаев пен компанияның бас директоры Тан Цзюган қатысты.
Бірегей жобаның құрылысын жүргізу міндетін «Liaoning Hongda Group» компаниясы өз жауапкершілігіне алып отыр. Оған 138 млрд теңге инвестиция салу жоспарланған. Комбинат толық қуатына шыққан кезде жылына 210 мың тонна қорғасын-мырыш шикізатын және 20 тонна күміс өндіру көзделген. Сонымен қатар 550-ден астам жаңа жұмыс орны ашылады деген жоспар бар. Құрылыс жұмыстары алдағы екі жыл ішінде жүргізіліп, 2028 жылы толық аяқтау көзделіп отыр.
Комбинат құрылысының басталуы – Сыр өңірі үшін тарихи оқиға. Бұл – облыстың индустриялық дамуына жаңа серпін беріп, экономиканы әртараптандыруға және жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік арттыратын ірі инвестициялық жоба. Осындай ауқымды әрі заманауи жобаны аймағымызда жүзеге асырып жатқан «Liaoning Hongda Group» компаниясына ризашылығымды білдіремін. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы елімізді жаңа инвестициялық циклге көшіру, заманауи өндірістерді іске қосу және өңірлердің экономикалық әлеуетін тиімді пайдалану жөнінде нақты міндеттер жүктеді. Бүгін құрылысы басталған тау-кен байыту комбинаты – осы бағыттағы маңызды жобалардың бірі. Жалпы құны 138 млрд теңгені құрайтын жоба толық іске қосылған кезде жылына 210 мың тонна қорғасын-мырыш шикізатын және 20 тонна күміс өндіру жоспарланып отыр. Сонымен қатар 550-ден астам жаңа жұмыс орны ашылады. Бүгін басталған құрылыс жұмыстары сәтті аяқталып, жоба белгіленген мерзімде іске қосылып, ел игілігіне қызмет етеді деп сенемін, – деді салтанатты рәсімде аймақ басшысы Мұрат Нәлқожаұлы.
Қазіргі уақытта кен орнының минералдық-шикізат базасын кеңейту үшін бұрғылау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар өндірістік жолдар салу басталып, құрылыс алаңдары анықталған. Нысанды электр энергиясымен қамтамасыз етуге қатысты жобалық-сметалық құжаттама да әзірленген. Алдағы кезеңде комбинатты электр желілеріне қосу жұмыстары жүргізіледі деп жоспарланған. Жалпы аталған жоба Шалқия өңірінің тау-кен өндірісін дамытуға бағытталған.
Жалпы соңғы үш жылда Жаңақорған ауданында жалпы құны 6,7 млрд теңгеден асатын 9 инвестициялық жоба іске қосылған. Биыл тағы үш жобаны жүзеге асыру жоспарланып, оның екеуі пайдалануға беріліпті.
Осы орайда айта кеткен абзал, алдағы үш жылда Қызылорда облысының өнеркәсіп саласында жалпы құны 1,9 трлн теңге болатын 48 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Бұл жобалар аясында 10 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын құру көзделіп отыр.