Бүгін АҚШ-тың USAID халықаралық даму жөніндегі агенттігі Қызылорда облысының әкімдігімен және Арал-Сырдария бассейндік инспекциясымен біріге отырып, Қызылорда қаласында Сырдария өзені күніне арналған мерекелік іс-шаралар өткізді, деп хабарлайды Қызылорда облысындағы BAQ.KZ тілшісі.
"Сырдария − достық өзені" тақырыбында ұйымдастырылған іс-шаралар аймақта маңызды саналатын су және климаттық мәселелердің оң шешімін іздеуге бағытталған. Әрі бұл жоба келешекте Орталық Азиядағы су қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін бірлескен шаралар қабылдауға ықпал етеді деп күтілуде.
Америка Құрама Штаттары экономикалық өркендеу мен тұрақты дамудың құралы ретінде табиғи ресурстарды басқаруды жақсарту үшін Орталық Азиядағы әлеуетті арттыруға ниетті. Сондықтан Орта Азия елдерінде өзен күнін мерекелеу болашақ бейбітшілік пен өркендеу үшін маңызды негіз болады деп ойлаймын, – дейді USAID-тің Қоршаған ортаны қорғау жөніндегі аймақтық маманы Кевин Адкин.
Сырдария өзені күнін мерекелеу 23 тамыз күні кешке Сырдария өзенінің арнасын тазарту іс-шарасынан басталды. Аталған жұмыстар қаладағы Сыр Ана мемориалынан Қорқыт Ата мемориалына дейін жалғасты. Ал бүгін Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі, Су ресурстары комитеті, Қызылорда облысы әкімдігінің өкілдері, Арал-Сырдария бассейндік кеңесінің мүшелері, Өгем-Келес кіші бассейндік кеңесінің мүшелері бар 100-ге жуық қатысушы Сырдария өзені бассейнінің жағдайын жақсарту және орын алған проблемаларды шешу жолдарын талқылауға арналған конференция алаңына жиналды.
Ауқымды жобаға Нұрсұлтан, Алматы, Шымкент, Түркістан қаласындағы су шаруашылығы саласының мамандары, Аралды құтқару қорының қызметкерлері, Арал-Сырдария бассейнінің мүшелері қатысты. Сырдария өзенінің жергілікті халық үшін маңызы зор. Бүгінгі іс-шарада аталған өзен жағдайына байланысты экологиялық мәселелер, су ресурстарын басқару, сумен қамтамасыз ету барысындағы көптеген өзекті сауалдарға жауап табылды. Арал теңізін сақтап қалу бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды әрі қарай жалғастыру бойынша да бірқатар ұсыныстар айтылды. Аймақта алғаш рет өткізіліп отырған шара алдағы уақытта да жалғасын табады деп ойлаймыз. Себебі Арал теңізі мен Сырдария өзенінің мәселесі Орта Азия мемлекеттері бас қосып, бірлескен кезде ғана шешімін табады, − дейді Арал-Сырдария бассейндік инспекциясының басшысы Сейілбек Нұрымбетов.
Мереке аясында су ресурстарын басқарудың маңыздылығын жас ұрпаққа ұғындыру үшін ұйымдастырылған сурет байқауында бірқатар жасөсіпірім марапатталды.
Жуық арада өзен күні аясындағы іс-шаралар Қырғызстан Республикасында, Тәжікстанда және Өзбекстанда өткізіледі. Соның нәтижесінде USAID тиімді шешімдер қабылдау және су ресурстарын басқаруға қолайлы орта құру үшін 26 қыркүйекте Қызылорда қаласында өңірлік қорытынды іс-шара өткізеді.