Қызылорда облысы, BAQ.KZ тілшісі. Қызылорда облысында еріктілердің көмегімен ашылған қаңғыбас ит пен мысықтарға арналған тұрақ бар.
Қараусыз қалған үй жануарларына арналған тұрақты ашуға қызылордалық Әлия Досмахан белсене кіріскен.
Бүгінде жануарларға көрсетілетін қатыгездіктің көптеген өрескел фактісі бар. Қоғамдағы бұл тіршілік иелеріне жасалған қатыгездікке заң тұрғысынан жазаны қатаңдату қажет секілді. Бұл мәселе үйсіз жануарларды бағуды өз жауапкершілігіне алып, оларды емдеу және сауықтыру жұмыстарымен айналысатын қамқор азаматтарды мазалайтыны анық. Ерікті Әлия Досмаханды да осы мәселе алаңдатады.
Әлия Досмахан 29 жаста. Ол отбасымен бірге Атырау облысынан Қызылорда қаласына көшіп келген. Психолог мамандығын иеленген ол 10 жылдан астам уақыт бойы қараусыз қалған жануарларға көмектесіп келеді. Бүгінде ерікті өз қаражаты есебінен қараусыз қалған ит пен мысықтарға тұрақ ашқан.
Бірде үйдің ауласынан ауру марғауды көрдім. Жалпы, үй жануарларына қамқорлық танытқанды жақсы көремін. Сондықтан болар, бұл мысықтың баласын көргенде қатты аядым. Марғау аш болғандықтан өте әлсіз болды. Сол марғауды мысық іздеп жүрген жандарға бердім. Сол уақыттан бері бұл менің жұмысыма айналды. Он жыл бойы осы іспен айналысып келемін, - дейді Әлия Досмахан.
Еріктінің айтуынша, жыл өткен сайын қалада қаңғыбас ит пен мысытардың саны артып келеді. Осы мәселеге орай ол үй жануарларына арналған уақытша тұрақ ашуды көздейді.
Мен бұл жұмысты жалғыз өзім атқара алмасымды білдім. Сондықтан әлеуметтік желі арқылы мені қолдайтын, қараусыз қалған ит пен мысықтарды қамқорлығына алуға дайын, менің ұстанымыма қолдау білдіретін жандарды іздедім. Көмекшілерімнің арқасында азын-аулақ қаражат жинап, оған уақытша баспана жалдадық. Жолдасым мен туыстарым менің идеямды қолдады, қоршау жасауға көмек көрсетті. Жалпы айтқанда ит пен мысықтарға уақытша баспана тұрғызуға көмектесті, - Әлия Досмахан.
Қызылордалық ерікті Ләззат Бедебекова Әлиямен әлеуметтік желі арқылы танысқан. Ол көшеде жүрген дәрменсіз үй жануарларын қорғауға ниетті екенін жеткізіп, оларға бей-жай қарай алмайтынын жеткізген.
Кейде көшеден өзіміз тауып әкелеміз, ал кейде тұрғындардың өздері әкеліп береді. Қазір мұнда отызға жуық мысық пен бірнеше ит бар. Біз оларға қамқорлық танытып, серуендетеміз, тамақтандырамыз. Жалпы айтқанда, бос уақытымызды төрт аяқты достардың ортасында өткіземіз. Кейде таңертең сағат 5-6 шамасында тұруға, сағат сайын дәрі-дәрмек беруге тура келетін күндер болады, - дейді Ләззат Бедебекова.
Қараусыз қалған үй жануарларын бағуда көп күш осы істің бастамашысы Әлия Досмаханға түседі. Себебі ол үй жануарларына арналған тұрақтың екінші жартысында өз отбасымен тұрады. Бұл баспананы Әлия жалға алып отыр.
«Ит – адамның досы» деп жатады. Расымен мұндағы әрбір үй жануары адамның өзіне деген қарым-қатынасын сезеді. Сенің танытқан қамқорлығыңды ұмытпайды. Олар үнемі адамның назарын, қамқорлығын және сүйіспеншілігін қажет етіп тұрады, - дейді Әлия Досмахан.
Уақытша тұраққа әкелінген әрбір үй жануары алғашқыда карантинге жібереліде. Осы уақыт аралығында олардың денсаулығын бақылап, басқа ит-мысықтарға қауіптілігі анықталады.
Бір мысыққа күніне 450 теңге жұмсалады. Біз ит пен мысықты күніне екі рет тамақтандырамыз. Олар тез сауығып, салмақ қосуы үшін түрлі дәрумендерге толы тағам береміз. Қажет болса, біз жануарларды ветеринарлық тексеруге апарамыз. Бұл орайда бізге мал дәрігері Вадим Евдошенко көмек көрсетеді. Ол шамасы келгенше үй жануарларын тегін тексеруден өткізеді. Кейде жеңілдіктер жасайды, - дейді Әлия Досмахан.
Тұрақ басшысының айтуынша, ит пен мысықты емдеу және залалсыздандыру жұмыстары қымбатқа түседі. Мысалы, мысықты залаласыздандыруға сегіз-он мың теңге қажет.
Аяғы, омыртқасы сынған үй жануарлары көп. Мұны өзіміздің тұрғындар жасайды. Адамдар оларға тас лақтырып, таяқпен ұрып, өз агрессияларын шығарады. Көп адамдар ит пен мысықтың не үшін жаратылғанын түсінбейді. Оларды баққанша, өлтіре салу оғайырақ екенін айтады. Сонымен қатар әлеуметтік желіде де жағымсыз пікірлер қалдырып жатады. Мұндай жағдайда еріктілер қынжылып қалатыны рас. Біз көбіне үй жануарларына қажетті дәрі-дәрмекке қаражатты Instagram парақшасына қайырымдылық туралы хабарлап, жинаймыз. Демеушілік жасайтын жандар бар. Бірақ берілетін қаражат аз. Еріктілер де күнкөріске қажетті қаражатты әрең тауып жүрсе де, бұл мәселе оларға кедергі келтірген емес, - дейді Әлия Досмахан.
Бұл баспанада қараусыз қалған ит пен мысықтың барлығына бірдей орын жоқ. Дегенмен еріктілер тұраққа сыймаған үй жануарларын өздерімен бірге алып кетеді немесе оларға жаңа иесін тауап береді. Мұндағы әрбір үй жануарының жеке төлқұжаты бар. Онда үй жануары туралы толық мағлұмат пен вакцинация туралы мәліметтер бар.
Қызылордалық жануарларды қорғау тобы панасыз үй жануарларын ұстауға барлық жағдайды жасап, еуропалық стандарттарға сай баспана салғысы келеді. Сондықтан волонтерлар жергілікті биліктен көмек сұрайды. Олар бұл ұсыныстың назардан тыс қылмайтынына сенім білдіреді.