Қызылордада IT жобалар хакатоны өтті

24 Қазан 2022, 11:20
2334
Бөлісу:
Қызылордада IT жобалар хакатоны өтті
Фото: автордан

Сыр өңірінде ұлттық мерекеге арналған «Болашақ біздің қолымызда» тақырыбында «SMART CITY KYZYLORDA HACKATHON 2022» облыстық IT жобалар хакатоны өтті, деп хабарлайды Қызылорда облысындағы BAQ.KZ тілшісі.

Қаладағы Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде ұйымдастырылған «Smart city Kyzylorda» концепциясы бірнеше ауқымды тақырыпты қамтыған. Шара жастардың инновациялық жобалар мен ақпараттық технологияларға қызығушылығын арттыруды, әрі стартап жобаларды дамытуға бағытталған. «Әзірлеу» (Development), «Моделдеу» және «Медиа және білім беру» бағыттары бойынша өткізілген хакатон жаңашыл жастардың тың бастамаларына толы болды.

Жаңа заман сұранысына сай сайт, мобильді қосымша, бот немесе ойындар әзірлеу бағытындағы жобаларды сарапқа салған «Әзірлеу» (Development) бағыты қала тұрғындардың ақылды аймақта тұруын жеңілдетуді көздейді. Адамдардың өмір сүру дағдысын оңтайландыруды мақсат етіп, жаңашыл заттар мен қызметтерді қолданысқа енгізуге арналған «Моделдеу» бағыты да жаңа жобалардың дүниеге келуіне себепші болды. 3D моделдеумен қоса робототехника, жасанды интеллект сынды ақылды заттар мен BIM технологияларды сарапқа салған бұл бағыт та тың идеялармен ерекшеленді. Ал шығармашылыққа толы «Медиа және білім беру» бағыты қатысушыларға серпін берді. Мұнда LMS, онлайн оқыту, анимация мен кинематография тақырыптарындағы жобалар қабылданды. Қатысушылардың бәріне білім контентін өндірумен қатар, жобаларды цифрлы ресурстар арқылы жариялау керек деген  басты талап қойылды.

Қызылордада IT жобалар хакатоны өтті

Аймақта осыған дейін бірнеше мәрте өткізілген IT жобалар хакатонының жүлде қоры 450 000 теңгеге бағаланды. Ал мектеп оқушылары үшін университеттің арнайы білім гранттары бөлінді.

«Медиа» бағыты бойынша оқу грантын жеңіп алған Абылай хан атындағы №140 орта мектебінің 10-сынып оқушысы Аружан Қадырбай хакатонның тартысты өткенін айтады.

 «SMART CITY HACKATHON  2022»    IT жобалар байқауына ”Біз айтамыз…”  жобасын ұсындым. Ауқымды жобада әртүрлі сала мамандарымен сараптамалық ашық алаңда кездесе отырып, саяси, әлеуметтік, құқықтық сұрақтарға жауап алдық. Жоба өте жоғары деңгейде өтті. Аймағымыздағы жастардың жобаларын дамытуға бірден-бір септігін тигізді. Хакатон әрі қарай жалғасын тапса, аймағымыздың, еліміздің өркендеуіне қосатын жобалар арта түседі.Ұйымдастырушыларға мүмкіндіктер үшін алғыс айтамын, – дейді Аружан Рүстемқызы.

Айта кетейік, «Кәсіпкерлік» орталығы 2017 жылы университет жанынан құрылып, бүгінде қарқынды жұмыс істеуде. Бес жыл ішінде орталық Қызылорда облысының 7 000-нан аса жас кәсіпкерді қамтып, 384 кәсіпкерлік жобаның жүзеге асуына ықпал етті. Жалпы мөлшерде жастардың кәсіпкерлік стартап жобаларына 65 670 000 теңге инвестиция тартылды.

Мұнан бөлек, облыс көлемінде «Smart city Hackathon», «PechaKucha Night Kyzylorda», «Startup roadshow», «Enactus Kazakhstan roadshow», «Startup Talapker incubation», «Innofest» облыстық инновациялық жобалар фестивалі», «SLL  workshop», «SocInn startup», «NoCodeDay», «Open Speech Kyzylorda» бағдарламалары мен іс-шараларын ұйымдастырылды.

Қызылордада IT жобалар хакатоны өтті

Биыл «SMART CITY HACKATHON» IT жобалар байқауы төртінші мәрте өткізілуде. Осы жолы байқауды  Республика күніне орай «Болашақ біздің қолымызда» тақырыбының аясында облыстық көлемде ұйымдастырудамыз. Студенттер мен оқушыларға арналған 12 жүлделі орындармен қоса басқа да қатысушыларға демеушілер есебінен арнайы сыйлықтар табысталды.  Дәстүрлі түрде өтетін хакатон сайысы жастар арасындағы бәсеке мен білімділікті шыңдай түсеріне сенімдімін. Жастардың осындай шараларға қызығып, қатысқандары бізді қуантады. Біз бұнымен тоқтап қалмаймыз. Айдың соңына дейін «PECHAKUCHA», ал жыл соңына дейін «Innofest»  байқауын өткізетін боламыз, – дейді «Бизнес-старт» кәсіпкерлік орталығының жетекшісі Жанарыс Түбекбай.

Өзгелердің жаңалығы