Қызылордада депутаттар қамаудағылардың жағдайымен танысты

21 Ақпан 2022, 10:46
1642
Бөлісу:
Қызылордада депутаттар қамаудағылардың жағдайымен танысты
PHOTO

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қызылордада депутаттар қамаудағылардың жағдайымен танысты.

Бұл туралы Қызылорда облысы бойынша  Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес тергеу амалдарының ашық әрі әділ жүруін қадағалау мақсатында Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі төрағасының орынбасары, Парламент Мәжілісінің депутаты Балаим Кесебаева, Парламент Мәжілісінің депутаты Бақытбек Смағұл, Nur Otan партиясы Қызылорда облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ләйлә Төрешова, Қызылорда облыстық мәслихат хатшысы Наурызбай Байқадамов және Ұлттық алдын алу тетігінің жетекшісі Серік Теңізбаев ЗК-169/1 тергеу изоляторына келді. 

Кездесу барысында алдымен Қызылорда облысы ҚАЖД бастығы Шаймерден Есенкелдиев тергеу изоляторы қызметін ұйымдастыру мен қаңтар оқиғасы кезінде қамалғандарды тергеп-тексеру тәртібі жайлы ақпарат берді.

Конституцияда көрсетілгендей, әр азамат еліміздің ең қымбат қазынасы. Әрбір адамның құқықтары мен бостандықтары ҚР Конституциясымен қорғалуы тиіс. Олай болса, кешегі қаңтар айындағы жаппай тәртіпсіздік кезінде әртүрлі қылмыстары бойынша қамаудағы азаматтарға медициналық көмек тиісті деңгейде көрсетіліп отыр. Олардың мекемедегі ұсталу жағдайы, тергеу барысындағы құқық қорғаушылардың қарым-қатынасы заң аясында жүргізіледі. Ешқандай азаптаулар мен заң бұзушылықтарға жол берілмейді. Өйткені мекемеде жаппай бейнебақылау орнатылған. Қамаудағылардың құқықтық жағдайын бақылау үшін олармен жұмыс жасайтын жеке құрам бейнетіркегішпен қамтамасыз етілген. Сондай-ақ, олардың туыстарымен жеке қабылдаулары күнделікті өткізіліп тұрады, – деді Қызылорда облысы ҚАЖД бастығы Шаймерден Есенкелдиев. 

Қызылордада депутаттар қамаудағылардың жағдайымен танысты

Бүгін тергеу изоляторындағы қамауда ұсталып отырған азаматтарды сұрақтары бойынша жеке қабылдадық. Қабылдау барысында тергеу ісі бойынша құқық қорғаушылармен, туыстарымен байланыс орнатуы мекеме басшылығы тарапынан тиісті деңгейде жағдай жасалып отырғанын көрдік. Қабылданушылар тарапынан денсаулық және жеке адвокаттармен кездесулері бойынша шағымдары болған жоқ, – деді Парламент Мәжілісінің депутаты Балаим Кесебаева. 

Осы оқиғаға қатысты республика көлемінде барлық аймақтарда жүргізілген тексерулер Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасымен болғандықтан тергеудегі азаматтардың әрқайсысының жасаған қылмысына қарай ҚР Заңына сәйкес тиісті шешім әділ қабылдануы керек, – деді Бақытбек Смағұл.

Өзгелердің жаңалығы