Қызылорда мектептерінде сатушысыз дүкендер ашылды

30 Қаңтар 2019, 12:59
5597
Бөлісу:
Қызылорда мектептерінде сатушысыз дүкендер ашылды

Қызылорда, BAQ.KZ тілшісі. Қызылорда қаласындағы 3 мектепте бір күнде сатушысы жоқ дүкендер ашылды. 

Облыс орталығындағы Тәкей Есетов атындағы №264 мектеп-лицейде және №101 мектеп-лицейде, №3 мектеп-гимназияда «Адалдық дүкендері» пайда болды. 

«Бұған дейін Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті мен екі колледжде сатушысы жоқ дүкендер ашылған болатын. Ізгі иманды бастаманы енді мектептер жалғастырып отыр. Кәсіпкерлер жәрдем беруде. Дүкеннен оқушылар мен мұғалімдер өзіне керек тамақ, сусын сатып алып, ақшаны арнайы жәшікке салады. Ал сатып алушыларды ешкім бақыламайды. Мұнда сатушы да, бейнекамера да, күзетші де жоқ. Келешекте дүкен сөресіне кеңсе тауарлары да қойылады», – дейді ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыстық департаменті баспасөз қызметінің жетекшісі Бағдат Әбдіқадыров.

Қызылорда мектептерінде сатушысыз дүкендер ашылды

Оның айтуынша, алдағы уақытта барлық мектепте осындай дүкендерді ашу жоспарлануда. 

№262 мектеп-лицейдің директоры Ұлболсын Маханова жоба балаларды адалдыққа тәрбиелейтінін айтады. 

«Жаңа жоба баланың ұятын оятады. Бұл жерде мұғалім де, ата-анасы да әрекетін бақыламайды. Яғни, адалдыққа үйретеді. Қазірдің өзінде оқушылар бір-бірін тәрбиелеуге көшті», – дейді мектеп директоры.

Ибраш Әли

Өзгелердің жаңалығы