Қызылорда қаласының аумағы екі есе ұлғайды

6 Ақпан 2019, 19:47
3562
Бөлісу:
Қызылорда қаласының аумағы екі есе ұлғайды
PHOTO

Қызылорда, BAQ.KZ тілшісі. Соңғы жылдары Қызылорда қаласы халқының саны едәуір артты. Соған байланысты Сырдария өзенінің сол жағалауы игеріліп, үйлер салына бастады. Бұл туралы бүгін Қызылорда қаласының әкімі Нұрлыбек Мәшбекұлы Нәлібаев халық алдында есеп беру кезінде айтты.

Қызылорда қаласының аумағы екі есе ұлғайды

Қала басшысының мәліметінше, облыс орталығының аумағы осыған дейін 11 мың гектар болса, енді жаңа жоспармен 20 мың 582 гектарға ұлғаяды.

«Бас жоспарда 2025 жылға дейінгі қаланың даму бағыты көрсетілген. Барлық инженерлік инфрақұрылымның сызбасына өзгеріс енді. Шаһардың шекарасының өзгеруіне байланысты халық қоныстанатын жаңа шағын аудандар пайда болады», – дейді қала әкімі.

Қызылорда қаласының аумағы екі есе ұлғайды

Әкімнің сөзінше, қаладағы «Бәйтерек» ауданынан берілген жерге тұрғындар өздеріне баспана тұрғызуда. Сырдарияның сол жағалауына көп қабатты үйлер бой көтереді. Қазірдің өзінде мұнда жеке компаниялар өз қаржысына 5 қабатты 18 тұрғын үй мен 320 орындық балабақша салды. Ал қалалық музей, "Рухани жаңғыру" орталығы облыс бюджетінің есебінен бой түзеді.

Бұдан басқа, «Болашақ» университетінің студенттер қалашығы, Жастар орталығының ғимараты салынуда. Емхана, аурухана, мектеп секілді әлеуметтік нысандар да бой көтереді.

Қызылорда қаласының аумағы екі есе ұлғайды

Сонымен қатар, қала басшысы былтыр «Арай», «Сабалақ», «Эдельвейс» саяжайлары қалаға қосылғанын, енді сол аумаққа жол салу, ауыз су, жарық жеткізу мәселелері кезең-кезеңімен шешіліп жатқанын мәлімдеді.

Қала әкімі осы жылы атқарылатын жұмыстарды да айтты. Биыл жылына 197 мың тонна шыны шығаратын зауыт пен жылына 500 тонна молибден ұнтағын өңдейтін зауыт іске қосылмақ. Екі зауыт жұмысын бастаса, 400-ден аса адам жұмысқа орналасады. Сондай-ақ, әкім шаһардың сол жағалауында тұрғын үйлер құрылысы жалғасатынын жеткізді. Су, электр жарығы, көгілдір отын, кәріз жүйесі және басқа да қажетті инфрақұрылымды жеткізу үшін қаражат та бөлінеді. Жол да салынады. Атап айтқанда, Ғани Мұратбаев көшесіндегі жаңа көпірден бастап «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» жолына дейінгі аралыққа 5 шақырымдық жол түседі. Оған облыс қазынасынан тиісті қаржы да бөлінген.

Қызылорда қаласының аумағы екі есе ұлғайды

Есепті кездесу барысында Нұрлыбек Нәлібаев облыс орталығындағы ұзын көшелер абаттандырылатынын, шет аумақтағы көшелер жөнделетінін, кәсіпкерлік саласындағы оң көрсеткіштерін баяндады.

Жиынға облыс әкімі Қырымбек Көшербаев та қатысты.

Қызылорда қаласының аумағы екі есе ұлғайды

«Нұрлыбек Мәшбекұлының өткен жылы атқарған жұмысына оң баға беремін. Оң нәтижелер баспасөз бетінде жарияланды. Оны қайталауды жөн көріп отырған жоқпын. Шешілмеген мәселелерге көңіл бөлгім келеді. Қызылорда облысындағы 264 елді мекенді аралап, саралап шықтық. Нәтижесінде 97 мың адам жұмыссыз екенін, өзін-өзі қамтыған адамдар екенін анықтадық. Жүз мыңға жуықтайды. Бұл – үлкен әлеуметтік мәселе. Медициналық мекемелерде 807 мың адам есепте тұр. Яғни, 807 мың адамның 97 мыңы жұмыссыз жүр. Сондықтан, осы бағытта қыруар жұмыс ұйымдастырылды. Соның арқасында 64 мың адам көлеңкеден шықты, тіркелді. Жаңадан мамандық алды. Өзінің кәсібін бастады. Жаппай кәсіпкерлікті дамыту жол картасын ұйымдастырдық. Республикада жалғыз аймақ кәсіпкерлікті дамытуға жол карта дайындаған. 32 млрд теңгені кәсіпкерлікті дамытуға жұмсадық. Неге? Себебі, халықтың қолын аузына жеткізу үшін. 97 мың адамның әлеуметтік мәселесін шешу үшін. Әсіресе, ауыл жерде. Ал Қызылорда қаласында халықтың 10 пайызы ғана кәсіпкерлікпен айналысып отыр. Бұл аз деп ойлаймын. Осы бағытта жұмысты жандандыру керек. Биыл кәсіпкерлікті дамытуға 34 млрд теңге бөлдік», – деген облыс әкімі салық түсімін молайтуға назар аударуды тапсырды.

Сонымен қатар, облыс әкімі қала халқы ыстық сумен қамтамасыз етудің шешімі табылғанын және басқа да мәселелерді атап өтті.

Кездесуге келген халық та қала әкімінің қызметі туралы оң пікір айтты.

Ибраш Әли

Фото автор

Өзгелердің жаңалығы