Қызылорда облысының Жаңақорған ауданында қызанақты терең өңдеп, қызанақ пастасын өндіретін кәсіпорын іске қосу жоспарланып отыр.
«Alpecon Group» компаниясы жобаға 2,3 млрд теңге инвестиция салуды көздейді. Кәсіпорын «ATMO AGRO» ЖШС-нің өндірістік нысандары негізінде жаңғыртылып, заманауи технологиялық жабдықтармен қамтамасыз етіледі.
Жоба аясында өндірістік және қосалқы нысандарды жөндеу, қажетті технологиялық жабдықтар мен арнайы техника сатып алу жоспарланған.
Кәсіпорын жаңғыртылғаннан кейін тәулігіне 600 тоннаға дейін қызанақ өңдей алады.
Өндірісті тұрақты шикізатпен қамтамасыз ету үшін инвестор қызанақ өсіруге арналған шамамен 2,3 мың гектар суармалы жерді игеруді жоспарлап отыр. Сонымен қатар Түркістан облысындағы ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерінен қызанақ сатып алу көзделген.
Осылайша жоба қызанақты өсіру, қайта өңдеу және дайын өнім өндіру үдерістерін біртұтас өндірістік жүйеге біріктіруге мүмкіндік береді.
Кәсіпорынның іске қосылуы ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу көлемін арттырып, олардың қосылған құнын ұлғайтуға бағытталған. Сонымен қатар отандық қызанақ пастасын өндіру импортты алмастыруға және ішкі нарықтағы өнім түрлерін көбейтуге мүмкіндік береді.