Қызылорда облысында күріш жинау науқаны басталды. Алғашқы орақ Ы. Жақаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының тәжірибелік алқабында өткен «Егіс күні – 2026» іс-шарасы аясында қолға алынды.
Іс-шара барысында су үнемдеу технологияларын енгізу, топырақ құнарлылығын арттыру және күріш шаруашылығындағы агротехникалық әдістерді жетілдіру бағытындағы ғылыми-тәжірибелік жұмыстардың нәтижелері таныстырылды. Сондай-ақ заманауи ауыл шаруашылығы техникалары мен Қызылорда облысының табиғи-климаттық жағдайына бейімделген перспективалы күріш сұрыптары көрсетілді.
Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ермек Кенжеханұлының айтуынша, биыл аграрлық ғылымның материалдық-техникалық базасын жаңғыртуға республикалық бюджеттен алғаш рет 16,8 млрд теңге бөлінген. Оның 4,1 млрд теңгесі Ы. Жақаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтына бағытталған.
«Күріш шаруашылығы институты күріш өсіру және су үнемдеу технологиялары саласындағы ұлттық құзырет орталығына айналуға тиіс», – деді вице-министр.
Биыл Қызылорда облысында ауыл шаруашылығы дақылдары 193,7 мың гектарға егілді. Оның 70 мың гектарын күріш алқаптары құрайды.
Өңірде су үнемдеу технологиялары қолданылатын алқап көлемі де ұлғайып келеді. 2025 жылы бұл көрсеткіш 8,1 мың гектар болса, биыл 14,2 мың гектарға жетті. Сонымен қатар күріш алқаптарын лазерлік тегістеу технологиясын енгізу жалғасуда.
Егіс құрылымын әртараптандыру аясында суды аз қажет ететін дақылдарға да басымдық беріліп отыр. Мәселен, биыл дәндік жүгері егілген алқап көлемі 2 мың гектардан 11 мың гектарға дейін ұлғайды.
«Егіс күні – 2026» аясында өңірдің ауыл шаруашылығын дамытуға үлес қосқан агроөнеркәсіптік кешен қызметкерлері де марапатталды.