Қызылорда облысы, BAQ.KZ тілшісі. Қызылорда облысында экологиялық жағдай тұрақталып келеді. Әлем назарын өзіне аудартқан «САРАТС» жобасының екінші фазасы Дүниежүзілік банк есебінен қаржыландырып, келер жылы аяқталады деп күтілуде.
Өңірдегі қоршаған ортаның ахуалын толығырақ білу үшін Қызылорда облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Марат Ердаулетұлымен тілдестік.
− Аймақ халқының әлеуетін арттыруда табиғи ресурстардың маңызы зор. Табиғат тазалығына басымдық беріп, қоршаған ортаны бақылауда ұстайтын басқарманың негізгі жауапкершілігі қандай?
− Қазіргі таңда облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы кең көлемді функцияларды атқарады. Атап айтсақ, біздің ұжым су ресурстарын басқару, орман шаруашылығын жүргізу, балық шаруашылығын дамыту, жануарлар дүниесін қорғау мен молайту, табиғат қорғау шараларын іске асыру және мемлекеттiк экологиялық сараптаманы ұйымдастыру бойынша жұмыстар жүргізеді. Өздеріңіз білетіндей, басқарма қызмет барысында су, орман және экологиялық кодескті тікелей басшылыққа алады.
Сонымен қатар, басқарма өзіне қарасты 10 мемлекеттік мекеменің өндірістік, әкімшілік-шаруашылық қызметіне басшылық жасап, қаржылық қамтамасыз ету функциясына жауапты. Әрі басқарма өз құзыреті шегінде «Жануарлар дүниесін пайдалануға рұқсат беру», «Ағаш кесу және орман билетін беру», «Мемлекеттік экологиялық сараптама қорытындысын беру» және «II санаттағы объектілер үшін әсер етуге арналған экологиялық рұқсатты беру» сынды қызмет түрлерін көрсетеді.
− Талай жылдан бері Арал теңізінің күрделі ахуалы көпті алаңдатып келеді. Бұл бағытта «Ғасыр жобасы» атанған «САРАТС» жобасы қолға алынғаны белгілі. Әйтсе де бұл тақырып түбегейлі шешімін тапқан жоқ. Жобаның екінші фазасында қандай да бір өзгерістер бар ма?
− Иә Аралды сақтап қалу мақсатында ұйымдастырылған САРАТС жобасы нәтижелі болғаны анық. Бірақ әлі жұмыс аяқталды деп айта алмаймыз. Себебі САРАТС-2 жобасының бірінші кезеңіне енгізілген алты компоненттің төртеуі республикалық бюджет есебінен жүзеге асырылады. Дүниежүзілік Банк талқылаулар мен кеңестер негізінде САРАТС-2 жобасының атауын «Өңірлік дамыту және Арал теңізінің солтүстік бөлігін қалпына келтіру» жобасына өзгертуді ұсынуда. Оған қоса Арал өңірінің әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартуға бағытталған компоненттерін қосымша қосу да жоспарлануда.
Осы тұста назар аударатын маңызды жайт, САРАТС жобасының екінші фазасы Дүниежізілік Банкпен қаржыландырылып, жаңа жоба аясында іске асырылады. Жобаның болжамды құны шамамен 190 миллион АҚШ долларын құрайды. Былтыр Дүниежүзілік банк жобаның техника-экономикалық негіздемесін әзірлеуге 1,5 миллион АҚШ долларын грант есебінде бөлді. Енді ҚР экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі мен мамандандырылған халықаралық компаниялар іріктеліп, ТЭН әзірлеуде. Жоба 2023 жылдың сәуір айында дейін аяқталады деп күтілуде.
− Сырдария өзеніндегі су деңгейінің төмен болуына байланысты өңірде біршама мәселе бар. Суды тиімді пайдалану, елдімекендерді аяқ сумен қамтамасыз ету сынды жұмыстар қалай жүргізілуде?
− Бұл бағыттағы шаралар «Қазсушар» мекемесімен бірлесе жүргізіледі. Ағымдағы жылы барлық қаржы көздері есебінен жалпы ұзындығы 1 034 шақырымды құрайтын 162 канал тазаланып, 156 дана насос қондырғысы сатып алынды. Оған қоса 87 ұңғыманы жөндеу және бұрғылау, 322 дана гидротехникалық құрылыстарды жөндеу жұмыстары да нәтижелі аяқталды. Сондай-ақ су ресурстарын неғұрлым ұтымды пайдалану және вегетациялық кезеңде оның тапшылығына жол бермеу үшін облыстық бюджеттен 157,1 шақырым болатын «Табиғат» мекемесінің теңгеріміндегі 20 каналды тазалау жұмыстары жүргізіліп, елді мекендерге 23 дана насос қондырғысы алынды.
− Қызылорда облысы балық шарyашылығын дамытyдың 2021-2030 жылдарға арналған өңiрлiк бағдарламасын республика бойынша бiрiншi болып бекiттi. Аталған жобаның нәтижесі қандай болады деп күтілyде? Саланың дамy қарқынын қалай бағалар едіңіз?
− Иә, дұрыс айтасыз аймақтың балық эспортында алар орны ерекше. Облыста балық шарyашылығы үшiн маңызы бар Сырдария өзенiмен Кiшi Арал теңiзiнен бөлек 207 көл бар. Кiшi Арал теңiзi және 185 көл конкyрстық негізде табиғат пайдаланyшыларға бекiтілiп берiлген. Өңiрлiк бағдарлама балық өсiрудi аймақтандырy схемасын ескере отырып, басым сyбсидиялаy, жер yчаскелерiн бөлy, инфрақұрылымды жүргiзy бойынша нақты индикаторлар мен iс-шараларды көрсете отырып әзірленді. Енді 2030 жылға дейін балық экспортын 8,5 мың тоннаға, таyарлы балық өсіру көлемін 16 мың тоннаға жеткізy және 500-ден аса жұмыс орнын құру жоспарлануда. Саланың дамy көрсеткішіне назар аударсақ, былтыр таyарлы балық көлемі 184 тоннаны құрады. Ал биыл өсiрiлетін балық көлемiн 409 тоннаға жеткізу жоспарлануда. Қазір облыс бойынша 10 балық өңдеy заyыты жұмыс жасауда. Оның төртеуiнде «Еврокод» Еуропалық сапа стандартына растайтын белгісі бар. Көбіне шетелге тыран, торта, алабұға, шортан, көксерке сынды балық түрлері экспортталады. Одан бөлек көксерке сүбесі, тыран қанаттары, балық фаршы, балық сүбесі, мұздатылған балық және балық ұны дайындалады.
− Аймақта азайып бара жатқан балықтың бірі Арал қаязы екенін білеміз. Қызыл кітапқа енгізілген балық түрін қорғау мақсатында қандай іс-шаралар қолға алынған?
− 1978 жылдан бастап аулауға толығымен тиым салынған қаяз балығының шабақтарын облыс аумағындағы күріштік алқаптарынан, каналдар мен қашыртқылардан және бөлектенген су айдындарынан жинап, қолда өсіріп, теңізге жіберіп отыру жолға қойылған. Бұл − қаязды сақтаудың бірден-бір жолы. Жыл сайын он мыңға жуық қаяз шабақтары Сырдария өзеніне жіберіледі. Сонымен қатар күріштік алқаптардан балық шабақтарын құтқару іс-шарасы жүргізіледі. Мәселен былтыр барлығы 7,3 миллион балық шабағы құтқарылып, жақын маңдағы резервтік қордағы су айдындарына жіберілді.
− Облыстың табиғат пайдаланушылары аңшылық алқаптар туралы ақпаратты электрондық түрде ала алады. Бұл бағытта басқарма әзірлеген «Қызылорда облысы аңшылық алқаптарының ақпараттық-анықтамалық картасы сайтын әзірлеу» жобасынан хабардармыз. Бұдан өзге басқармада қандай жұмыстар атқарылуда?
− Облыс аумағында жалпы көлемі 9,8 миллион гектарды құрайтын 41 аңшылық алқап бар. Қазір 17 аңшылық алқап табиғат пайдаланушыларға берілген, ал 24 аңшылық алқап резервте тұр. Жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану саласындағы заң бұзушылықтарды болдырмау мен алдын алу мақсатында Қызылорда облысы әкімдігінің 2021 жылы 13 сәуіріндегі № 255 қаулысымен «Қызылорда облыстық жануарлар дүниесін мемлекеттік қорғау жөніндегі мамандандырылған мекемесі» коммуналдық мемлекеттік мекемесі құрылды.
− Елдімекендерде орналасқан халыққа мал жайымдылық жерлердің тапшылығын болдырмас үшін орман қоры жерін пайдалануға рұқсат беріледі ме?
− Әрине, бекітілген қағидаға сәйкес орман қоры жерлерін мал жайымдылыққа, шөп шабуға, ара омарталар орналастыруға, бақша өсіруге, өзге де ауыл шаруашылығы дақылдарын өсіруге және дәрілік өсімдіктер жинауға пайдалануға болады. Осы мақсатта орман қоры жерлерінен арнайы учаскелер бөлінген.
− Орман пайдалану заңдылықтарын бұзушыларға қарсы қандай іс-шаралар қолға алынған?
− Облыс аумағында мемлекеттік орман қорының жалпы көлемі 7 миллион гектар болса, соның ішінде орманды алқап 3,8 миллион гектарды құрайды. Орман шаруашылығы мекемелері мемлекеттік орман қоры учаскелерінде заң бұзушылықтарды алдын-алу, оны анықтау мақсатында 171 рейд ұйымдастырылды. Аталған заң бұзушылықтар бұқаралық ақпарат құралдыры мен әлеуметтік желілерде жарияланды. Сонымен қатар, аймақта өсетін секесеуіл ағашының заңсыз кесілуіне тосқауыл қою бағытында жүйелі жұмыстарды ұйымдастыру жөніндегі іс-шаралар жоспары бекітіліп, тиісті жұмыстар атқарылуда.
− Басқарма басшысы қызметіне дейін экологиялық бақылау саласында ұзақ жылдар еңбек еттіңіз. Сондықтан сізге полигон мәселесі жақсы таныс. Қоршаған ортаның тазалығын қамтамасыз ететін бұл тақырыпта не айтар едіңіз?
− Санитарлық және экологиялық талаптарға сәйкес келетін полигондардың аздығы − облыстағы негізгі мәселенің бірі. Бірақ бұл бағытта атқарылған жұмыстар аз емес. Мысалы 2017-2018 жылдары аймақта 145 полигон құрылысы үшін жер учаскелері бөлініп, тиісті құжаттары рәсімделді. Қазір өңірдегі 7 полигон экологиялық және санитарлық талаптарға сәйкестендірілген. Соның ішінде Қызылорда қаласындағы сұрыптау желісі бар, тұрмыстық қатты қалдықтарға арналған жаңа полигон жұмыс істеп тұр. Одан бөлек соңғы үш жылда Қызылорда, Арал қаласында жаңадан екі тұрмыстық қатты қалдықтар полигондарының құрылысы жүргізіліп, пайдалануға берілді.
-Әлем бойынша тұрмыстық қатты қалдықтарды кәдеге жарату пайдалы тенденцияға айналды. Басқарма бұл үрдісті назардан тыс қалдырмаған болар...
− Сауалыңыздың төркінін түсіндім. Дүниежүзін алаңдатқан тақырыптың облыстағы жай-күйін келесідей тарқатуға болады. Қазір аймақта тұрмыстық қатты қалдықтарды жинау, тасымалдау, сұрыптау және қайта өңдеу бойынша 17 кәсіпкерлік субъектілері жұмыс жасайды. Биылғы I жартыжылдық нәтижесімен жинақталған 69,5 мың тонна қалдықтардың 16 мың тоннасы сұрыпталып өңделді. Кәдеге жарату үлесі 23,1 %-ды құрады. Негізінде кәсіпкерлік субъектілерімен бірлесе макулатура, қартон, пластмасса, аллюминий, пластик, автошина мен нан қалдықтары және шыны өнімдері сұрыпталып өңделеді. Мысалы «Smart Rubber» ЖШС-ы тозығы жеткен автошина мен резина қалдықтарынан шикізат ретінде пайдаланылатын гранула түйіршіктерін шығарады. Ал «Қызылорда Қағазы» ЖШС-гі макулатурадан қағаз өнімдерін, «Досмұратов» жеке кәсіпкері көмірдің күл қалдықтарынан шлакоблоктар дайындайды. Бұдан бөлек аудан орталықтарында кәсіпкерлер шикізат ретінде престелген ПЭТ ыдыстары мен полиэтилен пакеттерді сұрыптап, макулатура қағаздарын сатылымға шығаруда.
Бәрімізге белгілі өткен жылдан бастап күшіне енген Экологиялық кодекске сәйкес нан және тамақ қалдықтарын көмуге тиым салынды. Сондықтан тамақ қалдықтары да өңделеді. Осы мақсатта Қызылорда қаласында «СНГстрой» жеке кәсіпкері нан қалдықтарын өңдейтін цехты іске қосып, жануарларға азығы ретінде жем өнімін шығаруда. Сол үшін қаланың Арай, «Шұғыла» және «Ипподром» мөлтек аудандарында 50 контейнер орнатылып, нан қалдықтарын жинақтауда. Тағы бір қуантарлығы, кәсіпкерлік субъектілері тамақ қалдықтарын өңдеу, ПЭТ (полиэтилентерефталата) қалдықтарын жуу, ұнтақтау және ПЭТ флекстерін өндіру мен тозығы жеткен шиналардан ұнтақталған гранула шығаруға қызығушылық танытуда.
− Облыс көлемінде жиі талқыланатын мәселенің бірі − стихиялық қоқыс тақырыбы. Қоғамда жиі насихатталса да қоршаған ортаның тазалығын сақтауға келгенде тұрғындардың салғырттығы байқалады. Бұл мәселе заң аясында реттеледі ме?
− Дұрыс айтасыз, стихиялық қоқысты жою мен оны болдырмау мәселесі бірнеше жылдан бері айтылып келеді. Бұл тақырып − біздің үнемі назарымызда. Осы орайда стихялық қоқыс орындарын «Ғарыш сапары» мекемесі ғарыштық зондық түсірілім арқылы қоқыс орындарын анықтап, бізге ұсынады. Биылғы жылдың мамыр айында ғарыштық түсірілім арқылы облыс аумағында 101 стихиялық қоқыс орындары анықталып, толық тазартылды. Стихиялық қоқыстарды болдырмау мақсатында жергілікті жерлерде мобильді топтар құрылып жұмыс жасауда. Топтар құрамында қоғамдық ұйым өкілдері, экология және полиция органдары бірлескен түрде тұрақты бақылау жұмыстарын жүргізеді. Жыл басынан бері 55 рейдтік іс-шаралар ұйымдастырылып, нәтижесімен заңсыз қоқыс төгу, қоршаған ортаны ластау деректері бойынша полиция органдарымен өткен жылы 4 437 тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
− Сұхбатыңызға рақмет!