Қызылорда облысы: көкөніс, бақша өсіргісі келетін тұрғындарға әкімдер жер дайындап береді

31 Наурыз 2023, 13:44
1704
Бөлісу:
Қызылорда облысы: көкөніс, бақша өсіргісі келетін тұрғындарға әкімдер жер дайындап береді
Фото: Қызылорда облысы ауыл шаруашылығы басқармасы

Сыр өңірінің диқандары көктемгі дала жұмыстарына білек сыбана кірісіп кетті. Биыл 195,6 мың гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдарын орналастыруды жоспарлап отыр, – деп хабарлайды Қызылорда облысындағы BAQ.KZ тілшісі.

Егін көлемі артады

Нақтырақ айта кетсек, дәндi дақылдар – 96,4 мың, майлы дақылдар – 5,7 мың, мал азықтық дақылдар – 73,7 мың, қант қызылшасы – 7 мың, картоп, көкөнiс, бақша 19,8 мың гектарға егіледі. Сонымен бірге, негізгі дақыл күрiштің көлемі 83,9 мың гектарға жеткен. Қызылорда облысының ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Талғат Дүйсебаев биыл егіс көлемін арттыру жоспарланғанын жасырмады. 

Ауыл шаруашылығы құрылымдары биылғы жылдың егісі үшін өткен жылдың күз айларында 4,8 мың гектар күздік бидай егуді және 41,2 мың гектар сүдігер жыртуды қамтамасыз етті. Өткен жылмен салыстырғанда жалпы егіс көлемін 7 мың гектарға, күріштің көлемін 5,3 мың гектарға ұлғайту межеленіп отыр. Сонымен бірге мал азықтық дақылдарды 2,3 мың гектарға, картоп, көкөніс, бақшаның көлемін 222 гектарға арттырсақ деп отырмыз. Вегетация кезеңіне cу лимиті белгіленгеннен кейін егістің көлемі қайта нақтыланатын болады, – деді басқарма басшысы. 

Бұдан бөлек облыста азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жергілікті тұрғындарды бақша, дала жұмыстарына бейімдеу ісі қарқын алған. Облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы еңбек адамдары өзін-өзі әлеуметтік маңызы бар картоп, көкөніс, бақша өнімдерімен қамтамасыз ету мақсатында барлығы 10 941 отбасыға қосымша 3,0 мың гектар жер дайындауды көздеп отыр. Бұл мәселені шешу үшін Қызылорда қаласының басшысы мен аудан әкімдеріне нақты тапсырма берілген. 

Бүгінде көктемгі дала жұмыстарына дайындық жұмыстары белгіленген жоспарға сәйкес атқарылуда.

Тұқым дайындау – қызу тірлік

Жер емген диқандар үшін тұқым дайындау ісі де біршама еңбекті талап етеді. Бұған мығым болу, жауапты қарау – күздегі қамбаның толуына тікелей әсер ететінін жақсы біледі. Қазіргі таңда бұл мәселе оңтайлы шешілген. Қызылорда облысының шаруашылық құрылымдары қажетті тұқымдармен толық қамтамасыз етілген. 

Егіншілер тілімен айтсақ, құйылған 21,6 мың тонна күріш тұқымының бүгінгі таңға 20 мың тоннасы тазаланды. Бұл жалпы күріш дәнегінің 92,4 проценті екенін айта кету керек. Мәселен, 2023 жылдың егініне облыс бойынша 21 643 тонна жоғары репродукциялы күріш тұқымы, 930 тонна жаздық бидай, 54 тонна арпа, 8,1 тонна тары, 960 тонна күздік бидай, 17,5 тонна дән жүгері тұқымы даярланды. Бұдан бөлек 311 тонна жоңышқа, 147,2 тонна мақсары, 2,5 тонна күнбағыс, 4,5 тонна соя, 35,1 тонна сүрлем жүгері және 1 тонна сұлы тұқымы дайындалды. 
Сыр өңірі күріштің жоғары сапасымен елге, жақын шетелдерге танымал. Бірер жыл бұрын мұндағы су тапшылығының салдарынан егін аумағы қысқарғаны белгілі. Биыл өңір бұрынғы қуатпен жұмыс істейтін болады. Нақтылық үшін көрсете кетейік, құйылған 21 643 тонна күріш тұқымының 10 тоннасы супер элита тұқымына жатады. Сол сияқты 145 тонна күріш дақылы элита, 7815,1 тоннасы І репродукциялы тұқым, 9567,9 тонна тұқым ІІ репродукциялы дәнекке жатады. Жалпы құйылған тұқымның 19,1% проценті ІІІ репродукциялы тұқым еншісіне кіреді. 

Сорттарға келер болсақ, 576,3 тонна – Маржан, 644,1 тонна – Сыр Сұлуы, 14,1% – Янтарь, басым бөлігі, яғни 79,3% – Лидер және 200 тонна тұқым Премиум сорттарын құрайтын болады. 

Бұларды күту, бабымен баптауға 61,2 мың тонна минералдық тыңайтқыш қажет екені қазірден белгілі. Көп үміт көктемдегі егістікке дайындыққа байланысты болғандықтан шаруалар 51,9 мың тонна тыңайтқышты қазірдің өзінде сатып алып қойды.

Құрал-сайман сай

«Қара жерді күз айда, күз айдамасаң жүз айда» деген тәмсілді Сыр жұрты жақсы ұстанады. Олай деуіміздің себебі, жаңа, заманауи техникамен мақсатты жерді ертерек жыртып алған. Содан кейін жылдың алты айы тыным таппайтын тракторы бар, соқасы бар, бабын келтірген. Облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы көктемгі егіс егу науқанына қатысатын барлығы 3 979 ауыл шаруашылығы техникасының бүгінгі күнге 3 646-і немесе 91,6%-ы жөндеуден өткізілгенін қуана хабарлап отыр. 

Көктемгі дала жұмыстарына қатысатын тракторлардың 1820 данасы, соқаның 466 түйірі, тұқым сепкіштің 99,2 проценті, 296 автомашина және 814 трактор тіркемесінің қажетті құрылғылары ауыстырылып, егін егуге қатысты барлық жұмысқа сақадай сай тұр. Облыс бойынша биылғы көктемгі дала және егіс жұмыстарын жүргізуге 12,1 мың тонна арзандатылған дизель отыны бөлінді. Ашып айтсақ, ақпан – 7,5 мың, наурыз – 1,1 мың, сәуір – 1,1 мың, мамыр – 1,3, маусым үшін – 1,1 тонна жанар-жағармай бекітілген. Оның ақпан айына бөлінген 7,5 мың тоннасына жергілікті операторлар арқылы толығымен қаржысы төленіп, 7,3 мың тоннасы облысқа жеткізілді. Бүгінгі таңда оның 2,4 мың тоннасы шаруашылықтарға 1 литрін 212 теңгеден таратылуда. Әр жұмыстың уақытылы орындалуы жоспардан ауытқымай, еңбектің зейнетін көруге жәрдем болады. Наурыз айына бөлінген 1,1 мың тонна дизель отынына да бүгінге дейін операторлар тарапынан толықтай келісім-шарт жасалып, 100%-ға қаржысы аударылды. Оның 1 мың тоннасы зауыттан тиеліп, облысқа жеткізілді, – дейді облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасысының басшысы Талғат Дүйсебаев.

Айта кетейік,  Энергетика министрлігі тарапынан ақпан айына бөлінген дизель отынының мұнай өңдеу зауытынан 1 тоннасының босату бағасы 222 000 теңге немесе литрі 184 теңге болып бекітілген.

Егін егу басталып кетті 

Егін егу жұмысы 10 наурызда басталып кетті. Бүгінгі күнге, облыста 2,2 мың гектар жаздық бидай, 1,3 мың гектар мақсары, 7,4 мың гектар жаңа жоңышқа дақылдары егілді. Бұдан бөлек, 46,3 мың гектар ескі жоңышқа мен 5,8 мың гектар күздік бидай күтімге алынды. Негізгі дақылы күріш егу жұмыстары сәуір айының үшінші он күндігінде басталады. 

Көктемгі дала және егін егу жұмыстары жалғасуда. Облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысының сөзіне сенсек, көктемгі дала және егін егу жұмыстарының атқарылу барысы тұрақты бақылауда болады. 

Қазалылық кәсіпкер, диқан Медеу Есқожаев көктемгі дала жұмыстары бұрынғыдан жайлы әрі жеңіл өтіп жатқанын айтады. Кәсіпкерде ынта мен тәуекел, диқандарда жақсы өнім жинасақ деген ниет болса, күздігүні Жер-Анадан мол несібе жинауға болады. 

Әр аймақта, ауданда жерге тырма салып, егін егу уақыты әрқилы. Біздегі ауа райы көктем келмей жатып күлімсіреп тұрды. Жердің бауыры босап, далалық ерте көгерді. Біздің жігіттер дән себуді наурыздың басында-ақ бастап кетті. Шаруашылық бидайға басымдық береді. Биыл егін жұмыстарын осыдан бастап, 145 гектар аумаққа дән шаштық. Қазіргі таңда мал азығы жоңышқа егіліп жатыр. Біраз уақыттан кейін шөптің осы түрін 257 гектар жерден орып алғымыз келіп отыр. Сонымен бірге 500 гектар көне жоңышқа аумағын тырмалап, сурағуға кірісіп кеттік. Ендігі жұмыс – Жер-Анаға аманаттаған дәнектің күтімін жасап, несібесін жию. Бұл үшін шаруашылыққа тиесілі 25-ке жуық техниканың бабын жасап, жөндеп қойдық. Қажетті жанар-жағармай қоры жеткілікті. Дария толық, ішкі каналдардың бәрі күзде қазылып, шлюзге ремонт жасалды, – дейді Медеу Есқожаев.

Су мол

«Шегірткеден қорыққан егін екпейді». Бұл мәселеге қызылордалық диқандар алдын ала мән беретінін айтпай кетуге болмас. Дегенмен екі жыл бұрынғы қуаңшылық шаруа адамдарына кәсіп бағытын бұру туралы екұдай ой салғаны жасырын емес. Саланың қызығы мен қиыншылығын қатар көруге бекінгендер үшін биыл қуанышты жаңалық бар. Сырға келіп құятын су деңгейі биыл жылдағыдан ерекше. Облыстық табиғат басқармасының жолдаған мәліметтеріне сүйенсек, 2023 жылғы наурыз айының соңғы аптасындағы жағдай бойынша Шардара су қоймасына жоғарыдан секундына 350 текше метрге жуық су түсуде. Қоймадағы су көлемі 4,9 миллиард текше метрді құрайды. Оның Сырдария өзенінің төменгі ағысына 100 текше метр жіберіліп жатыр. 

Көксарай су реттегішіне жиналған су көлемін (1,9 миллиард текше метр) қосқанда, бүгінгі күнге Шардарамен Көксарайда 6,8 миллиард текше метр су жиналып, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 1,6 миллиард текше метрге артық екенін аңғартып отыр. Дегенмен Шардара су қоймасынан жоғары орналасқан қоймалардағы жағдай мәз емес секілді. Шардарадан жоғары орналасқан су қоймаларындағы жинақталған су көлемі 12,8 миллиард текше метр өткен жылмен салыстырғанда 133 миллион текше метрге кем. 

Бұл жерде ескеретін жай, Сырдария өзенінің жоғары ағысында орналасқан Тоқтағұл су қоймасындағы бүгінгі таңдағы судың көлемі жыл басындағы көлемімен салыстырғанда 3,3 миллиард текше метрге кем болып отыр. 

Шаруашылықтарға, егін алқаптарына тіршілік нәрі тиісті көлемде жету үшін каналдар мен арықтарды тазарту, кеңейту аса маңызды. Бұл бағытта атқарылып жатқан жұмыс аз емес.

Вегетациялық кезеңде егісті сумен қамтамасыз ету мақсатында биылғы жылы су жүйелерін тазарту жұмыстары бойынша шаруашылық аралық каналдардың 68 процентіне және ішкі шаруашылық аралық каналдардың 79 пайызына тазалау жұмыстары жүргізілсе, су құрылыстарының шаруашылық аралық каналдарында тең жартысы, ішкі шаруашылық каналдарында 70 пайызы және насос қондырғыларын 83, гидробекеттердің 88 процентіне жөндеу жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар, 69,9 мың гектар шабындық жер, 8,3 мың гектар аумақ ылғалдандырып, суарылды, – делінген облыстық табиғат басқармасының жолдаған хатында. 

Еске сала кетейік, Сырдария өзені бассейніндегі ең үлкен су қоймасы Тоқтағұлда – 7,9 млрд текшеметр су болса, Әндіжанда – 0,9 млрд текше метр тіршілік нәрі бар. Бахри Точикте 3,5 млрд текше метр су бар. Мұнда өткен жылға қарағанда өсім байқалады. Ал Шарбақтағы 0,6 миллиард текше метр тіршілік нәрі былтырғы су көлемімен бірдей.

Өзгелердің жаңалығы