Қызылорда, BAQ.KZ тілшісі. Қызылорда облысының тұрғындарына мемлекеттік қызметтерді саусақ ізімен алуға мүмкіндік жасалды. Бұған дейін биометриялық әдіс Астана, Алматы қалаларына енгізілген болатын.
«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының Қызылорда облысы бойынша филиал директорының орынбасары Айнұр Тобаева жаңа қызмет түрі облыс әкімінің бүгінгі есеп беру жиынында таныстырылғанын айтты.
«Біздің облыстың халқы мекенжай және жылжымайтын мүлікке тіркелген құқықтар анықтамаларын саусақ іздерінің көмегімен ала алады. Енді электронды цифрлық қолтаңбаның, жеке куәлігінің қажеті шамалы. Ол үшін адамдар оң және сол қолының сұқ саусағының ізін планшетке түсіріледі. Ақпарат биометриялық базаға бес минутта енгізіледі. Келесі жолы келгенде арнайы аппаратқа саусағын басып, өзіне керекті мәліметті шығарып алады. Еш қиындығы жоқ. Мұндай әдіс дамыған көптеген елде қолданылады», – дейді ол.
Айнұр Тобаеваның айтуынша, жаңа жүйе азаматтардың жеке басына қатысты деректердің қауіпсіздігін қамтамасыз етеді, яғни бөтен біреулер жалған анықтама ала алмайды. Сондай-ақ, өз бетінше оп-оңай қызмет алуына мүмкіндік туады.
Биометриялық әдісті таныстыру кезінде жүзге жуық сырбойылық азамат жаңа жүйеге еніп, қызмет түрлерін алды.
«Алғашқылардың бірі болып мен де саусақ іздерімді енгізіп, анықтама алып көрдім. Жуырда ғана іске қосылған жоба тиімді екен. Сонымен бірге облыс әкімінің есептік кездесуі аясында "ITІMAQORDA" паркі жобаларының көрмесін ұйымдастырдық. Мұнда инновациялық құрылғылар жұрт назарына ұсынылды», – дейді "Ақпараттық технологиялар орталығының" директоры Сәбит Ибадуллаев.