Алдағы үш жылда Қызылорданың 130-дан астам көшесі жөнделеді

5 Ақпан 2019, 22:48
3421
Бөлісу:
Алдағы үш жылда Қызылорданың 130-дан астам көшесі жөнделеді

Қызылорда, BAQ.KZ. Қызылорда қаласында шағын жолдарды дамыту бағдарламасы әзірленді. Оның шеңберінде облыс орталығының шағын аудандарында және қала маңындағы елдімекендерде 132 көшені (2019 – 56 көше, 2020 – 35 көше, 2021 – 41 көше) жөндеу жоспарлануда.

Бүгін облыс әкімі Қ.Көшербаев облыс орталығының бірқатар шағын аудандарын аралап, жол жағдайымен танысты.

"2022 жылға дейін шағын жолдарды дамыту бағдарламасы бойынша қаланың шағын аудандарында және қала маңындағы ауылдарда 132 көшеде құрылыс-жөндеу жұмыстары жүргізілетін болады. Ең бастысы, барлық жұмыстар мерзімінде сапалы орындалуы тиіс, лауазымды тұлғалар жұмыстардың тиісті деңгейде атқарылуына жауапты болады", - деді аймақ басшысы. 

Облыс әкімі алдымен "Саяхат" ықшам ауданына барды. "Саяхат" тұрғын ауданында 42 көше бар. Оның 2-і асфальтталған, 40 көшесі қара жолдардан тұрады. Қазіргі уақытта 20-дан астам жолды жөндеудің жобалық-сметалық құжаттамасы дайындалып, жөндеу жұмыстары 2019-2020 жылдарға жоспарланып отыр.

«Біз облыс басшылығының жол мәселесін шешіп жатқанына қуаныштымыз. Біздің шағын ауданда көшелердің барлығы дерлік асфальтталмаған, ауа-райының қолайсыз күндері қозғалыс қиындай түседі. Мәселеміз шешім табатынына өте қуаныштымыз»,- деді кездесу барысында "Саяхат" шағын ауданының тұрғыны, зейнеткер Байсал Әділ.

"Сәулет" тұрғын ауданында 82 көше бар. Оның 57-сі асфальтталған, 18-і тас жол, 7 көшесі қара жолдардан тұрады. Асфальтталмаған 25 көшені жөндеуге қаражат бөлінді. 2018 жылы бұл шағын аудандағы Жүнісов көшесіне орташа жөндеу жүргізілген болатын. "Астана", "Арай" және "Ипподром" ықшам аудандарындағы көшелерге орташа жол жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарлануда. 

Мұнан соң облыс әкімі "Коммунизм", "КБИ" және "Шанхай" шағын аудандарындағы жолдардың жай-күйімен танысты, мұндағы 116 көше жөндеуді қажет етеді. Биылғы жылы осы ықшам аудандардағы 116 көшені  жөндеу жұмыстары басталады. Қорқыт Ата көшесі, Махамбетов тұйығы және тағы 3 көшені жөндеу жоспарлануда. 

Қызылорда қаласы бойынша жалпы ұзындығы 619 км болатын 766 көше бар. Оның ішінде 409 көше – асфальтбетонды, 35 – қиыршық тасты және 322 көше қара жол  екенін атап өткен жөн.

Өзгелердің жаңалығы